Тұлға

Академик Әбілқас Сағыновтың туғанына – 110 жыл

Біздің халқымыздың, оның ішінде, Қарағанды жұртшылығының аузынан тастамай айтып жүретін ғұламаларының арасында көрнекті ғалым Әбілқас Сағыновтың аты ерекше аталады. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары жас республиканың ғылымы мен инженерлер қатарының мақтанына айналған аса көрнекті кен инженерлері мен ғалымдарының жарқыраған шоқ жұлдыздары пайда болған еді. Солардың арасында Әбілқас Сағынов жетекші орындардың біріне ие болды.

Сурет ҚарТУ баспасөз қызметінен

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Республика- сының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым акаде- миясының, Жаратылыстану Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты Әбілқас Сағынов Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Баянауыл кентінде 1915 жылы дүниеге келіпті. Өзінің туған жерінің әсем табиғатынан нәр алған, әсемдікті бойына сіңіре білген Әбілқас жастайынан білімге, ғылымға құмар болып өседі. Оның он жасқа келген кезінде үй іші Арқадағы тағы бір әсем жер Қарқаралыға қоныс аударыпты. Ол осындағы бір сатылы мектепті бітірген соң педтехникумның төменгі даярлық бөліміне түскен екен. Оны бітірген соң Қоңырат кенішіне барып, электр жөндеушісінің көмекшісі болып істейді. Сол 1931 жылы Қоңырат руднигінде кен қазу жұмыстарымен бірінші рет танысады. Одан кейін «Прибалхашстрой» тресінің Өспен кенішінде моторист болады. Осындай өндірістік жұмыстарға көзі қаныққан соң ол кенші мамандығын меңгеруді алдына мақсат етіп қойған сияқты.
Сол арман оны 1932 жылы Қарағандыға жетелеп әкеліп, Қарағанды кен техникумына түсуіне ықпал етеді. Енді оқу-білімнің дәмін татқан Әбілқас одан әрі оқу қажеттігін түсінеді. Техникумды үздік бітірген ол «Қарағандыкөмір» комбинатына жұмысқа келгенде оған Днепропетровск тау-кен институтына жолдама беріп, Украинадағы осы оқу орнына аттанған бесеудің бірі болады.
Сөйтіп, осы институтты 1939 жылы «Пайдалы қазбаларды кен орындарынан қазып өндіру» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығып, еңбек жолын өзін оқуға жіберген Қарағанды көмір кәсіпорнында жалғастырады. Бұдан әрі ол өзінің мақсаты мен мүддесін көмір өндіру жұмысына арнайды. 1939-1948
жылдар ішінде Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында учаске бастығы, бас инженері, шахта бастығы, техникалық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Одан соң Қарағанды өңірі мемлекеттік техникалық қадағалау басқармасының бастығы, «Қарағанды көмірразрездері» тресінің бас инженері болып істейді. Осы кезеңде Әбекең Қарағанды көмір ошағын, Қазақстанның басқа да кен орындарын дамытуға, халық шаруашылығын өркендетуге белсене қатысады. Бұл кезде Қарағанды көмір ошағында қазақ инженерлері саусақпен санарлықтай ғана болатын. Көмір өндіру ісіне білек сыбана араласып, көзге түсіп жүрген А.Шортанбаев, Ф.Серғазин, Ғ.Қосжанов, С.Әлменов сияқты инженерлер қатарына Әбекең де келіп қосылады. Ал, Әбілқас Сағыновтың ғылымға келуі оның 1951-1955 жылдары Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу көмір институты Қарағанды филиалының директоры болуынан басталады. Ол мұнда келген соң бір жылдан кейін филиал дербес институт болып құрылған еді.
Қарағандының көмір өндіретін кәсіпорындарының барлық инженерлік сатыларынан өткен Әбекең ғылыми жұмыстармен айналысу еш қиындық туғызбайды, ғылым мен жоғары білім саласына келген соң ғылыммен айналысу ісін одан әрі жалғастырып, тіпті, тереңдете түседі. Ол 1955 жылы жаңадан ашылған, республикада екінші техникалық жоғары оқу орны – Қарағанды тау-кен институтына ректор (ол кезде директор) болып келеді. Іс жүзінде жоқтан бар жасады. Кейіннен Қарағанды политехникалық институты болып құрылған ордалы шаңырақты Әбілқас Сағынұлы 33 жыл үзбей басқарған екен.
Әбекеңнің осы кезде күрделі мәселелерді шеше алатын зерттеушілер ұжымын қалыптастырудағы ірі ұйымдастырушы және ғалым ретінде тамаша таланты анық байқалады. Бұл тағайындау оның ғалым және педагог ретіндегі еңбек қызметінің нағыз жарқын кезеңі еді. Әбілқас Сағыновтың өмірінің жемісті жылдары, оның ғылым мен білімдегі, сан қырлы қоғамдық қызметі осы институтпен тығыз байланысты.
Оқу үрдісін жоғары дәрежеде ұйымдастыра білуімен қатар Әбілқас Сағынұлы институттың материалдық базасын жасауға да ерекше көңіл бөлді. Қарағанды политехникалық институтының зерттеу, зертханалық, тәжірибелік-конструкторлық қызметтері, оқу ғимараттары мен жатақханалары тек Қазақстанда ғана емес, одақ бойынша таңдаулылар қатарына ілікті. Осындай еңбегі және білікті мамандар даярлаудағы табысы үшін академик Сағыновқа 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осыдан бір жыл ғана бұрын ол Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып сайланған еді. Тек қана орыс тілінде білім беретін, оқу бір ғана тілде жүргізілетін оқу орнында ауылдағы қазақ мектебін бітіріп келгендер үшін Әбекеңнің нұсқауымен емтиханды қазақ тілінде қабылдау мәселесі шешіледі. Ректордың және ҚарПТИ-дың барлық ұжымының күш-қуатының арқасында ол КСРО- да жетекші жоғары оқу ордасына айналып, республикада ондаған мың маман даярлап шығаратын ірі бейінді политехникалық институт болған еді. Сондықтан да институттың 1976 жылы Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы лайықты баға болды.

Бүкіл Одақ бойынша 870 жоғары оқу орны арасында Қарағанды поли- техникалық институты социалистік жарыста сан мәрте оза шауып, бәйге алған еді. Ал, 1980 жылы  М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен тең түсіп, бірінші орынды бөліседі. Институт жанынан кезінде Әбекеңнің бастамашылығымен ұйымдастырылған кен және металлургия мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғайтын кеңес ашылған еді. Онда 400-ден астам кандидаттық және докторлық диссертация қорғалған болатын. Сол кеңес университет болған соң да жұмысын жалғастыруда. Әбілқас Сағынұлы – 1967 жылы Мәскеу кен институтында докторлық диссертациясын қорғаған екен.
Ол 1962 жылы Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі болса, 1970 жылы академик етіп сайлайды.Өзінің зерттеулерін Әбілқас Сағынов 20 монографиясы мен көптеген оқу құралдарында, кітаптары мен мақалаларында, баяндамалары мен өнертабыстарында жинақтаған екен.
Негізгі ғылыми еңбектері көмір қабаттарын қолайлы жүйелермен өндіруге, кен техникасын жетілдіре түсуге, жер асты құрылыстарының беріктігін зерттеуге, шахта алаңдарын аршу және дайындау сұлба- ларын жетілдіре түсуге арналған. Оның басшылығымен 11 докторлық және 50-ден астам кандидаттық диссертация қорғалыпты. Әбілқас Сағынов – пайдалы қазбалар кен орындарын игеруді ке- шенді механикаландыру және оның технологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаған ғалым. Әбекеңнің басшылығымен және тікелей өзінің қатысуымен Қарағанды көмір бассейнінде алғаш рет көмірді кертіп алу және үш қабатты қазу, күкіртті газы бар қаттарды қазудың технологиясы, массивті физикалық-химиялық бекіту және басқа да кешенді тәжірибелік жұмыстар мен өндірістік сынақтар жасалған.
Кен породаларын механикаландыру жөніндегі жұмыстары үшін 1974 жылы құрамында Әбілқас Сағынов бар бір топ авторлар ұжымы ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды, ал кен өндіруші және құрылыс өнеркәсібі үшін соққылы әсері бар гидравликалық машиналарды жасағаны үшін 1987 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына авторлар ұжымымен бірге екінші рет ие болды.
Әбекең 1991 жылы Қарағандыда Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтын (ИПКОН) ашып, оны 2001 жылға дейін басқарды. Институт ғалымдары бұл күнде Орталық Қазақстандағы түсті металл
шикізат қорлары мен минералдарын, оларды өндіру және өңдеудің мәселелерімен кешенді түрде айналысып, геологиялық-технологиялық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізіп келеді. Сонымен қоса ол кісі
Қарағанды политехникалық институтының филиалдарын Жезқазған, Көкшетау, Теміртау қалаларында да ашқан болатын. Қазір олар жеке университет болып, жастарға білім беруде.
Зейнеткерлікке шыққан соң Әбілқас Сағынұлы Қарағанды политехникалық институты ректорының кеңесшісі, Қазақстан ҒА Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институтының директоры, Қарағанды Бизнес, басқару және құқық университетінің президенті қызметтерін атқарды.

Ол «Қарағанды бассейнінің көмір қабаттарын әзірлеу мәселелері» (1976 ж.), «Өткен белестер» (1995 ж.) кітаптарының авторы. Сол сияқты тең авторлықпен жарық көрген «Көмір өндірудің технологи- ялық процестері», «Көмір шахталарының технологиялық схемаларын біріктіру», «Пластикалық карьер конвейерлерінің есебі және жобалау негіздері», «Машинаның соғу органдарының гидроимпульсті жүйесін құрудың теориялық негіздері», «Механикалық бекіткіштерді жетілдіру және дамыту жолдары» еңбектері
мен 300-ден астам ғылыми жарияланымның авторы. Мұның ішінде монографиялар, авторлық куәліктер мен патенттер бар. Қай жерде қызмет атқармасын Әбекең өте байсалды және байыптылығымен, адамды өзіне баурап тұратын мейірімділігімен елдің есінде қалыпты. Ол онша көп сөйлемейтін. Бірақ айтқанының ойы тереңде, аз сөзге көп мағына сыйғызып сөйлейтін. Өмірде өзі де мақтанбаған және мақтаншақтықты жаны жек көретін адам болды. Біреуге қайырымдылық жасау ол кісінің асыл қасиеті еді. Оған қазақтың біртуар ұлдарының бірі, жазықсыз жапа шегіп, Сібірден оралған Әлімхан Ермековке қамқорлық жасауы сол сөзіміздің айғағы. 1955 жылы Қарағандыға келген Әлекең Қарағанды тау-кен институтының (кейіннен политехникалық институт) ректоры Әбілқас Сағыновқа жолыққанда, еш ойланбастан жоғары математика кафедрасының аға оқытушысы қызметіне қабылдапты.

Бұл «халық жауларын» жою науқанының әлі аяқталмаған кезі ғой. Соған қарамастан Әбекең батыл қадамға барған. Өзінің естелігінде Ермековпен қызметтес болғандығын мақтан етеді. Тек қана жоғары аттестациялық комиссияның ережесі өзгеріп кеткендіктен, оның профессорлық ғылыми атағын қалпына келтіре алмағандығына өкініш білдіреді. 1970 жылы Ермеков қайтыс болғанда Әбекең ол кісімен қоштасуды өзі ұйымдастырады. Институтта өткен қаралы митингіде өзі кіріспе сөз айтып, оның замандастарына, білетін ағайын-туыстарына сөз береді. Содан көп ұзамай жоғары органдардан Ермековті ұлықтағаны үшін сөз естігенін жазыпты. Әбекең ғылыммен шұғылдана жүріп, көп салалы қоғамдық жұмыстармен де айналысқан. Ол Қараған-ды облыстық партия комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің және жергілікті Кеңестің депутаты болды. Қарағанды облысы ректорлар кеңесіне төрағалық етті.
Әбілқас Сағынұлы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі мәрте Ленин орденімен, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, Тәуелсіз Қазақстанның «Парасат» орденімен марапатталған. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Өзі ұзақ жыл басқарған оқу орны қазір академик ағамыздың атымен аталады.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button