Айзере топ жарды
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда тоғызқұмалақтан облыстық біріншіліктің қалалық іріктеу кезеңі өтті. Оған 9-13 жас аралығындағы Қарағанды қаласының 13 командасының 112 оқушысы қатысып, бақ сынасты.
Сайысқа іріктеуден өткен үздіктер келді. 9 жас, 11 жас, 13 жас санаттарында үміткерлер өз шамасын байқап көрді.
Тартысты өткен жарыста №64 негізгі орта мектеп оқушылары белсенділік танытып, бес медаль жеңіп алды.
Нақтырақ айтсақ, 9 жас санатында қыздар арасында жас та болса, шеберлігімен көзге түскен Айзере Бәстен I орынды иеленді. Ал, Аяла Аманкелді II орын биігінен көрінсе, Айқаным Жұман III орынды қанағат тұтты.
– Жарыс кезіндегі ойын мен ойлағаннан да қиын болды. Себебі, осы жолы қатысушылар саны көп және екі күнге созылды. Соған қарамастан, барымды салып, қалалық кезеңнің чемпионы атандым, – дейді Айзере Тәңірбекқызы.
Ал, 11 жас санатындағы қыздар арасында №64 негізгі орта мектеп Еркеназ Зейнолла бірінші орынды жеңіп алса, Тоғжан Амантаева үшінші орынды қанағат тұтты.
– №64 негізгі орта мектепте бір жылға жуық осы шәкірттерді тоғызқұмалаққа баулып келемін. Қалалық жарысқа 12 оқушы апардым. Соның бесеуі жүлделі орындарға ие болды. Енді осы озат шәкірттерім облыстық кезеңге қатысып, бақ сынайды. Шәкірттерімнің болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді аталған мектептің жаттықтырушысы Ердос Төлегенұлы.
Өз тілшімізден.