Жаңалықтар

Қайырымдылықты ту еткен

Ерге – ел, елге – ер қарайласқан жұртпыз. Осы күнде де қанымызға дарыған ұлттық қасиеттен ажырамай, жоқ-жітікке демеу болып, ел бесігі ауыл жұртына жәрдемдесіп жүрген қоғамдық һәм қайырымдылық қорлары жеткілікті. Солардың бірі де бірегейі – «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры. Ел ішінен шыққан сәулелі, талантты жастарға қолдау көрсетіп, ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етіп келеді.

Сурет «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорынан

«Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры 2003 жылы құрылған. Алғашқы Президенті – Арқаға ғана емес, жалпы Алаш жұртына есімі мәшһүр физик – ғалым, техника ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Университет ректорларының халықаралық ассоциациясының мүшесі Жамбыл Ақылбаев.

Қор әр 10 жыл сайын Көкбөрі Керней бабаның ұрпақтарын жиып, ауқымды ас өткізеді. Қор өткізетін астардың ерекшелігі – мұнда әдеттегідей ішіп-жеп, бәйге мен көкпар, басқа да ұлттық спорт түрлерін ұйымдастырумен шектелмейді. Шет ауданындағы ауылдардан шыққан дарынды, талапты, білімді жастарға қаржылай көмек көрсетеді. Сонымен қатар, сондағы мектептер мен ауруханалар секілді ауыл жұртына ауадай қажет нысандарға демеушілік көрсетеді.

Алғашқы ас 2005 жылы өткен. Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі баба ұрпақтары жиналған. Тіпті, шетелдегі ұрпақтары да келген. 150 киіз үй тігілген. Сол кезде де ұрпақтарынан қорға жиналған ақшаны ауылдардың әлеуетін жақсартуға бағыттаған. Ал, екінші ас 2015 жылы ұйымдастырылыпты.

«Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры әлемді COVID-19 эпидемиясы жаулағанда да тыс қалмаған. Пандемия елімізді де сырт айналып өтпеген еді. Аудандық және ауылдық ауруханаларда қажетті дәрі-дәрмек пен тыныс аппараттары жетіспей жатқан кезде дәл осы «Көкбөрі Керней баба» қоры 5 млн теңгеден астам қаражатқа қолдау көрсеткен. Қыруар қаражатқа аудандық ауруханаларға жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алған. Көктемгі су тасқыны кездерінде де бір жарым млн теңгеден астам қаражатқа қиын жағдайға тап болған ауылдағы ағайынға қолдау көрсетті.

Былтырғы жылдың қараша айынан бастап, қордың басшылығына ел ақсақалдарының алқауымен елге белгілі кәсіпкер, меценат Ұлан Әбдіханов тағайындалыпты. Сол уақытқа дейін қор президенті қызметін Алашқа белгілі жазушы, этнограф Төрехан Майбас атқарған еді.

«Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры биыл да ас өткізбек. Қордың президенті Ұлан Әбдіханов ас өтеді дегеннен бері қор тарапынан бірнеше қайырымдылық шаралары ұйымдастырылғанын айтты.

– «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының басым бағыты – қайырымдылық пен игі істерді атқару. Мәселен, биыл өтетін астың аясында облыс аумағында орналасқан 4 ауылдық мешіттің әрқайсысына 500 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаражат мешіттің айналасын абаттандыруға, қажетті заттар алуға жұмсалады. Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы, Ақ­адыр, Ақшатау, Ақжал кентіндегі, Жұмыскер, Қайрақты ауылдарындағы озат оқушыларға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан әр түлекке, яғни, 26 оқушыға 100 мың теңгеден ақшалай сертификат берілді, – деді Ұлан Әбдіханов.

Қор тарапынан Шет ауданында орналасқан фельдшерлік-акушерлік бөлімнің біріне қажетті құралдармен жабдықталған жедел жәрдем көлігі сыйға тартылады. Ақжал кентіндегі әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж отбасына ас аясында пәтер кілтін табыстамақ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп бекіткен еді. Жыл аясында әдетте назардан тыс қалып жататын ауыр еңбек адамдары насихатталып жатыр. Қор қоғамдық қайырымдылық аста «Жұмысшы мамандықтарының жылы» және Металлургтер күні аясында «Нова Цинк» компаниясында жұмыс істейтін 5 азаматқа Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар беріп, құрмет көрсетпек.

Ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту – сондағы ағайынның тұрмыс-тіршілігіне оң ықпалын берері анық. Қор қаражатына Ақжал кентіндегі Көкшағыр алаңындағы бір жарым шақырымдық бес көше асфальтталды. Қор өткізетін биылғы астың тағы бір ерекшелігін атап өткен жөн. Бұл күнде асқа жиналған қаражатты жөн-жосықсыз жұмсауды доғарып, игілікті істерге жұмсау мәселесі көтеріліп жүр. Бұны ел Президенті Ұлттық Құрылтайдың отырысында да көтерген еді. Президент «Біз бабаларымызға берілетін астар мен түрлі тойларда оңды-солды қаражат шашуды доғаруымыз тиіс. Сол қаражатты ауылдағы мектеп пен аурухана және спорт нысандарын салуға бағыттаған абзал», – деген еді. «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры биылғы аста көкпар өткізбейді. Көкпарға жұмсалатын ақшаға, жоғарыда аталғандай, Шет ауданында орналасқан фельдшерлік-акушерлік бөлімнің біріне жедел жәрдем көлігі сатып алынып, табыс етіледі.

Ас этно-мәдени форматында өтеді. Яғни, 165 киіз үй тігіліп, аламан, құнан, топ бәйге ұйымдастырылады. Күрес, садақ ату, қошқар көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен спортшылар бақ сынайды. Сонымен қатар, «Жәдігер» қолөнер орталығының арнайы көшпелі көрмесі ұйымдастырылады. Қазақтың ұлттық спортынан бөлек, бірегей мәдениеті насихатталатын шаралар да бағдарламаға енгізілген.

Ас 25 шілде күні Ақжал кентінде Керней өнерпаздарының концертімен басталып, 26 шілдеге ұласады.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button