Қайырымдылық – тәрбиенің бастауы
Биылдан бастап Мемлекет басшысы елдің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді ұсынды. Арнайы мерекелік логотип бекітіліп, Наурыз мейрамы 10 күн тойланатын болды. Ал, онкүндікті – «Наурызнама» деп атадық. Бүгін, яғни, 15 наурыз – «Қайырымдылық күні».
Наурызнаманың алғашқы мерекесі – «Амал мерекесі – Көрісу күні» болса, екіншісі – Қайырымдылық күні. Яғни, бұл атаулы күн қайырымдылық, мейірімділік пен татулықты насихаттауға арналған. Тереңірек үңілсек, адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі. Ал, қоғамды айрандай ұйытып, бір елдің, бір халықтың басын біріктіретін де – осы бір ұлы қасиет емес пе?! «Қайырымдылық күні» деп арнайы атап өтудің себебі де осында жатыр. Сонымен қатар, 15 наурыз мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының бірінші жұмасымен сәйкес келіп тұрғандығы тегін емес…
Өткенге көз жүгіртейікші. Сонау жылдары әр ауылда дәулеті тасыған байлар болды. Сол уақытта қоғамда құл немесе күң деген ұғым болмаған. Неге? Себебі, халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Ал, бай-болыс та Құдайдың сүйікті құлы атану үшін қайырымдылықпен айналысқан екен. Туған-туыстарына мал бөліп, ауылындағы жоқ-жітікке, атқосшылары мен малшыларына дәулетінен үлестіріп отырған. Осындай ауызбіршіліктің, қайырымдылықтың арқасында бір ауылда төмен тапта өмір сүрген үй болмапты.
«Қайырымдылық – қанға сіңген асыл қасиет». Бүгінгінің ұрпағы қайырымдылықты ақшамен бағалайды. Яғни, қайырымдылық жасауың үшін қолыңда ақшаңның болуы керек деп түсінеді. Бірақ, қанына сіңген қасиеттің ұмытылып бара жатқаны көңіліңді күпті ете түседі. Ал, сайып келгенде өзіңнің ниетіңе, адамгершілігіңе келіп тіреліп тұр. Мен сізге қарапайым ғана мысал келтірейін. Автобусқа міндіңіз бе, үлкендерге орын бер. Қарт кісінің немесе басқа да жанның ауыр сөмке арқалап бара жатқанын көрсеңіз, демей кетіңіз. Осының өзі бойдағы адамгершілік қасиеттің салмағын айғақтап береді. Осы тұста бір данышпанның: «Өркениетті қоғамды оның балалар мен қарттарға, яғни қорғансыз жандарға деген қарым-қатынасына қарап бағалауға болады» деген сөзі еріксіз ойға оралады екен. Адал ниет пен кіршіксіз көңілдің ұлы істерге жетелейтінін есте шығармайық!
Тағыда бір мысал болсын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған еді. Сонда «Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі» деп айтқан сөзі есте. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысуын баса айтқан еді. Бір сөзбен айтқанда, ел жастарын қайырымдылыққа, қамқорлыққа шақырды. Осыдан-ақ, Мемлекет басшысының көрегенділігігінің, салиқалы саясатының арқасында адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемге жайылған індет кезінде қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Нәтижесінде, әр өңірде еріктілер қатары артып, сауапты істермен айналысып жүр. Демек, жастардың қанға сіңген қасиеттің қадірін түсіне білгендігі.
Қайырымдылықтың ірі-ұсағы болмайды. Әрі қалтаңда ақшаңның болған-болмағаны да маңызды емес. Осы бір керемет қасиетімізді ұлықтау мақсатында бекіткен атаулы күннің мән-мазмұны да осында жатыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz