Жаңалықтар

Айтулы оқиғалар жылнамасы

     1931 жылдың каңтарында дербес «Қарағандыкөмір» пайдалану тресті құрылады. Оған шахталар салу және іске қосу жұмысы тапсырылды.
1931 жылғы 21 қаңтарда Халық Комиссарлары кеңесі жанындағы Еңбек және қорғаныс кеңесі «Қарағанды кенішін дамыту жоспары туралы» арнайы қаулы кабылдады, онда КСРО Жоғарғы Халық шаруашылығы кеңесінің 1931 жылы Қарағанды ауданында 16 шахта салу жөніндегі шешіміне келісім беріледі.
1931 жылғы ВСНХ және Еңбек Кеңесі және Қорғау қаулысы бойынша Қарағанды қаласы ірі өндірістік база және теміржол торабының ошағы деп танылды. Осы қаулының негізінде Қарағанды қаласында 12 шахта, теміржол торабын Ақмоладан Қарағандыға дейін жеткізу және көмір өндірісіне қатысты басқа да шұғыл шаралар қабылданды. 1931 жылы ақпан айында Қазақ өлкелік БКП Қарағанды қаласын жеке әкімшілік аудан ретінде қарастыру жөнінде шешім қабылдады.
• • •
    1931 жылы Қарағанды аймағында тұңғыш баспа өнімдері, жергілікті басылымдар өмірге келеді. Мәселен, Қарағанды аудандық партия комитетінің, поселкелік кеңестің және аудандық кәсіподақ кеңесінің органы болып табылған «Большевисткая кочегарка» газеті 11 қыркүйекте жарық көрсе, араға айға толар-толмас уақыт ішінде, атап айтқанда 4 қазанда қазақ тіліндегі «Қарағанды пролетариаты» газеті шығады. Бұл басылымдар кейін облыстық газеттерге айналған қазіргі «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің негізі болды.
• • •
    Қарағанды топырағында тұңғыш дыбысты фильм кеншілердің орталық клубында 1935 жылдың 20 сәуірінде көрсетілсе, сол жылы қаладағы алғашқы «Қазақстан» кинотеатры ашылды. Облыста кітапхана қызметінің бұқаралық түрлері осы жылдардан бастап өріс алды. Мәселен, 1937 жылы жұмысшылардың орталық клубында  Қарағандыдағы тұңғыш әдеби кеш өтіп, оған қазақтың белгілі жазушылары мен артистері қатысты.
• • •
    Бүгінде барша елімізге танымал С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының да іргетасы сол жылдары қаланған. 1935 жылы ұжымға кәсіпқой театр атағы берілді. Оған орайлас К.Станиславский атындағы орыс драма театры да өмірге келді. Ақын Тайжан, артистер, Қ.Байжанов, Ж.Шашкина, З.Жұбатова, М.Сүртібаев, Ж.Тоғандықов және басқалары 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. Одан өнерпаздарымыздың тамаша табыспен оралғаны тарихтан белгілі.

Темірғали  АРШАБЕКОВ,
тарихшы-этнограф.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button