Қайтарымсыз грант – кәсіпкерлер мүмкіндігі
Биыл өңірде өз ісін ашу үшін 178 адам мемлекеттік грант алған. Ал, грант игерлерінің бәрі бұрын жұмыс істемеген және әлеуметтік грант иеленген жандар. Тіпті, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жандар да бар. Осылайша олар өз кәсібін ашып, нәпақасын айырып отыр. Тіпті, жұмыссыз жүргендерді де жұмысқа алып, жұмыс ұсынып отыр.
Мемлекеттік грант алған жандардың қатарында Гүлбақша Ошанова да бар. Кейіпкеріміз бұған дейін денсаулық сақтау саласында жұмыс жасаған. Атап айтсақ, хирургиялық операция бөлімінің медбикесі болған. Алайда, ауыр дертке шалдығып, мүгедектікке ұшырайды. Осылайша жұмысын тастауға мәжбүр болған. Содан бері жұмыссыз отырғанына 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Одан қала берді күйеуінің де мүгедектігі бар. Ол да жұмыс істемейтін көрінеді. Гүлбақша Ошанова мемлекеттік грант алу үшін ұлттық спорт түрін насихатауға бағытталған бизнес жоспарын ұсынады. Сәйкесінше, өтініші қабылданып, Қарағандыда садақ ату орталығын ашады.
– Ұлым Жасұлан бұрын әскери салада қызмет еткен. Қазір мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Осындай бағдарлама барын ұлым айтты. Кейін бизнес-жоспар құрып, маған көмектесті. Осылайша «Бастау бизнес» курсына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйрендім. Бизнес-жоспарымды қорғап, грант алдым. Мемлекеттен алған бір жарым миллион теңгеге барлық қажетті жабдықтарды сатып алдым. Залды да жалға алдым. Тамыз айынан бастап жұмыс істеп келеміз. Өзім ісін жүргізсем, ұлым балалар мен ересектерге садақ атуды үйретеді, – деді кәсіпкер.
Сонымен қатар, дәл осындай мемлекеттік грант иеленгендердің қатарында көпбалалы ана Торғын Баймағанбетова да бар. Ол ұлттық үлгідегі киім тігу үшін ателье ашқан. Жас кезінде бухгалтерлікті оқыпты. Бірақ, мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Бала күтіміне байланысты үйде отырып, балаларына киім тігумен әуестенген. Кейінірек, жан-жақтан түрлі тапсырыс түсіп, сүйікті ісімен табыс таба бастайды. Сөйтіп, мемлекеттік грантқа қатысып, ателье ашуды ойлайды.
– Тігін тігуді бала кезімде әжемнен үйрендім. Жалпы, бұл іс менің хоббиім еді. Қазір мемлекеттік грант иеленіп, оған қажетті дүниелерімді сатып алдым. Қазір қарамағымда үш жұмыскер бар. Ал, тапсырыс беретін клиенттерім тек Қарағандыда ғана емес, Астанадан да бар. Тіпті, Қазақстанның басқа да қалаларынан хабарласып, тапсырыс беріп жатады, – деді Торғын Баймағанбетова.
Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов өз ісін ашуға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетінін баса айтты.
– Берілетін сома көлемі – 400 АЕК, яғни, теңгеге шаққанда 1 476 800 теңге. Үміткерлердің өтініштерін қарайтын өңірлік комиссиялардың шешімдері негізінде облыстың барлық қала мен ауданда гранттар беріледі. Қолдау өтеусіз, бірақ белгілі бір уақыт ішінде жобаның іске асырылуына, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі, – деді ол.
Сонымен қатар, Нұржан Сыздықов келер жылы бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп грант беру жоспары барын атап өтті.
– Биылғы бизнес-жобалар әр түрлі. Солардың ішіндегі атап өтетін басты жобаларға тоқталсам. Мысалы, Саран қаласында грант иеленген кәсіпкер оттегі барокамерасын ашты. Одан бөлек, тағы бір кәсіпкеріміз ауылда гидропонды мал азығын өндірумен айналысуда. Ал, Шет ауданында өскен бидайдан бионан пісіру жобасы қолдау тапты. Бұқар Жырау ауданында бөдене етін ыстау кәсіпорнын ашуға грант берілді, – деді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz