Жаңалықтар

Қайталанбас қайран Қайрекең…

сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Қазақ өнері тағы да қара жамылды – дүниеден театр және кино актері, әнші, көркемсөз оқудың шебері, аталы сөздің һәм ұлт тарихының білгірі, бір ауыз сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы азамат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалұлы дүниеден өтті.

Қайрекеңді, оның театрда ойнаған рөлдерін бұрыннан білгенмен, жете танығаным 2002 жылдан. Ол қызмет жасайтын Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың құрылғанына 70 жыл толуы қарсаңында «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Мағауия Сембай марқұм журналистерге өнер ордасының тұлғалы актерлері туралы суреттеме, очерк, эсселер жазуға тапсырма берді. Менің үлесіме Қайрекең тиді. Театр ол кезде К.Станиславский атындағы орыс тілді әріптестерінің баспанасын паналап отырған. Аталған ғимараттағы қызмет бөлмесіне барып, екі-үш сағат әңгімелестік: Қайрекеңнің қазақ мәдениеті жайлы көл-көсір біліміне, ұлт әдебиетінің – фольклорының, прозасы мен поэзиясының қаймағын қалқып айтқан әңгімесіне сол жолы таң-тамаша қалған едім.

Театрда алған әсермен бірер күнде эссені жазып болған соң оқып, пікір білдіруін өтініп Қайрекеңді газет редакциясына шақырдым. Туынды ұнаған болуы керек, қазақ тарихы мен әдебиеті тақырыбына тағы біраз жақсы әңгіме өрбіттік. Шығарма «Орталық Қазақстанның» алдағы санына «Аңсау» деген атаумен басылды. Қайрекеңмен достығымыз осылай басталды.

2005 жылы Мәди Бәпиұлының туғанына 125 жыл толуына орай Сәкен театрының актері Сламбек Жұмағали досым екеуміз бірігіп жазған «Сұрасаң, Мәди еді менің атым» деген тарихи драманы Рамазан Баймағанбетов марқұм қойған еді. Қайрекең мұнда басты кейіпкерді, Мәдидің рөлін сомдады. Келесі жылы кейін қазақ театр өнерінің тарланы, даңқты режиссер Маман Байсеркенов ағамыз Сейфуллин театрында У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясын сахналады. Қайрекең мұнда да бас кейіпкердің рөлінде ойнады. Сыртқы тұлғасы ұқсас бейнелер, екеуі де серттің адамы болғанымен, ішкі жан дүниесі дара-дара кейіпкерлер. Қайрекең қазақ сал-серілерінің соңғы сарқыты Мәдиді ұлттың жоқшысы, халық батыры, күрескері деңгейінде шығарса, әлем білетін Отеллоны қанша ер болса да, өзгенің сөзіне ергіш, дербес ой-пікірі жоқ сорлы жан етіп көрсетті. Шеберлігімен көрерменді тәнті етті.

«Қазақ хандығы» киноэпопеясындағы Керей хан рөлін ауызға алмау мүмкін емес. Осындай кесек бейнелерді кескіндейтін талантты актерлерді «Қазақфильм» провинциялардан іздемей, Алматы мен Астананы айналшықтай береді. Бұлай айтудағы мақсатымыз, Қайрекең киногерлер назарына ертерек шалынса, көгілдір экранның бетінде талай қайталанбас бейнелер қалдырар еді ғой деген өкініш. Дегенмен, оның соңына қалдыр­ған осы мұраларының өзіне шүкіршілік дейміз.

Ұлттық мәдениетіміздің қайталанбас тұлғасы келместің кемесіне мінді. Марқұмның топырағы торқа болсын дей келе, Қайрекеңнің отбасына, туған-туыстарына және қазақ өнерінің барлық өкілдері мен жанашырларына қатты қайғырып көңіл айтамын!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Back to top button