Қайтқан жерде қайыр бар
Ауылдағы жұрттың қазір қасыса қаны, қасымаса жаны шыққан мәселесі – жайылым. Малсақ ағайынның мұңы – жер. «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайтыны» секілді кезінде жарықтық жер күлше бөліске түскенде, қараша халық сол күлшеден көп қағылған. Сондықтан да, бұқараның өкпесі қара қазандай. Алдындағы ақ адал малына қоң бітірер ну мен су тимеген соң тістеніп, тырбанып, тұрмыс кешкен ел. Бұдан кейін өкпелемей қайтсін енді?! Бірақ, ел ішіндегі латифундистердің «шөп қорыған ит» тірлігі енді-енді тыйылып келеді. Президент тапсырмасынан соң. Өзіне, не өзгеге көзі қимаған игерілмеген жерлер ел игілігіне қайтарыла бастады.
Дәл осы жерге қатысты дау Нұра ауданы Құланөтпес ауылында туды. Жайылым жайы туралы бір топ ауыл тұрғынынан шырылдаған шағым түсті. Ол шағымда ауыл адамдары округ іргесіндегі көлемді шабындықтың сырттағы біреуге жалға берілетіндігіне наразы. Жайылым жетпей жатқанда, бөтеннің былайша баса көктеуі ондағы бұқараның жанына тиіпті. Астанадан келген айдаладағы біреудің жер алуына қарсылық білдіріп, жалма-жан дабыл қақты.
Құланөтпестіктер неге алаң?
Баспасөзге үміт артқан ағайынның арызы мынадай…
«Мал жаятын жайылым жер қалмады. Дәл ауылдың іргесіндегі, сулы, шабындық жерді Астанадан келген біреуге жергілікті иесі сатып жатыр. Егер ол берілсе, ауыл малын жаятын жер қалмайды, сол жерден мал суаратын едік. Бұл Сәрсекей деген жер, тағы Мөнек деген жерді де сатып жатқан көрінеді. Кезінде меншіктеп алғандар оны пайдаланып жатқан жоқ» дейді ауылдықтар арызында. Біз тікелей сөйлескен ауыл адамдары да мұны растады. Қайсыбірі есімін атаудан қашқақтағанымен, ақиқаты осы екен. Шынымен, жерге қатысты дау шыққан.
Құланөтпес ауылы Қарағандыдан 400, Астанадан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда 356 адам тіршілік етеді. Өткен ғасырдың елуінші жылдары бой көтерген жаңа ауыл болғанымен, тоқсаныншы жылдардың жылымығында жүдеген көп ауылдың бірі.
Негізі, Құланөтпес селолық округінде жалпы 144017 гектар жер бар. Ауыл әкімі Ардақ Әбеновтің айтуынша, оның шабындығы – 6094 гектар. Жайылымдығы – 134223 гектар. Ал, осы Құланөтпес селолық округіне қарасты Құланөтпес, Ақтүбек, Нығыман елді мекендерінің жер аумағы – 39828, 44 гектар шамасында. Елді мекенде 1029 ірі кара, 1700 қой, 1584 жылқы бар.
Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, ауыл тұрғындарының мал жайылымы жеткілікті. Жер ешкімге де берілмейді. Ендеше, ауыл адамдарының арызына не себеп? Әкім мырза оған былай уәж айтады…
«Халық дұрыс түсінбеген. Әйтпесе, жер ешкімге де берілмейді. Нұра ауданының жер қатынастары бөлімі бұл туралы хабардар. Бір шаруа қожалығының үш мың гектар жері бар еді. Сол жерді ел ішінде сырттағы бір адамға сатады деген сөз шыққаны рас. Ол дұрыс түсінбеушілік. Ауылдың қоғамдық кеңес мүшелерімен және ауыл тұрғындарымен сөйлестік. Үш мың гектар жердің иесі А.Алиев техникасы ескі болған соң басқа біреуге шөп шауып беруге өтініш айтқан. Оған біз келіскен жоқпыз. Мен ауыл әкімі ретінде өз техникасы жарамаса, ауыл тұрғындарының техникасын ұйымдастырып, шабуға көмектесеміз деп келістіргенбіз. Ауылда жылда солай ұйымдастырып келеміз. Жер ешкімге де берілмейді, де сатылмайды да», – дейді ауыл әкімі.
Қоғамдық кеңес бір пәтуаға келді
Осы орайда ауылдық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Кеңес мүшелері шаруа қожалығы жерін өзі пайдалануы керек. Егер, игермесе, ауылдық округке қайта тапсырсын деген тастүйін пәтуаға келіп отыр.
– Құланөтпес ауылдың округіне қарасты үш елді мекенде 31 шаруа қожалығы тіркелген. Бүгінгі күні жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құланөтпес ауылындағы «Алиев А.Т» фермерлік қожалық басшысы Азамат Алиев иелігіндегі жер теліміндегі шабындық жерлерін Астана қаласы тұрғыны М.Айтпаевқа шөп шабуға беруге байланысты дау туындады. Осыған орай қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі, шешімі сұралды, – дейді әкім. Ауылдағы ағайын жердің біреуге не мақсатпен де берілуіне келіспейді. Олар әркім өз иелігіндегі жерін игерсін деседі. Әйтпесе, кері қайтаруы қажет. Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Жүнісов әр шаруашылық жерін мақсатына сай қолдануы керектігін айтады.
– Бұл заңда да көрсетілген. Қазір жерді тиімді пайдалануға мүмкіндіктер бар. Мал басын көбейтуге несие алуға, көпжылдық шөп егіп, мал азығын дайындауға болады, – дейді М.Жүнісов.
Қоғамдық кеңес мүшелері де осы пікірде. Яғни, әркім жерін мақсатты пайдалануы тиіс. Олай етпесе, жер қорына, округ иелігіне беруі керек шаруа қожалықтары.
Бұл ұсыныс орынды деп білеміз. Шаруашылық ашқан соң мақсатты пайдалану керек. Егер, белгілі бір себептермен дұрыс қолданбаса, онда мемлекетке, округке қайтарылсын. Ауыл тұрғындарына шабындық қажет екені бәрімізге белгілі, – дейді кеңес мүшесі К.Шәйкенов.
Сонымен, құрамы алты ауыл адамынан жасақталған кеңес бір ауыздан осындай шешімге келді. Демек, дауға түскен үш мың гектар жерді иесі игереді. Болмаса, ол округке қайтарылады. Халықтың келген байламы. Оның нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді енді.
Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, жайылымнан негізі кемдік көрер жері жоқ ауылдың. Былтыр ауыл маңындағы 9 мың гектар жайылымдық жер округ балансына 4 жыл 11 айға беріліпті.
Бос жердің басым бөлігі – жайылым
Ауыл маңының тулақ сүйрегендей тақырлығы талай айтылып, ақыры кейінгі жылдары ғана тыңдар құлақ табылғаны белгілі. Ауылдағы малдың коңсыз, аш-арықтығы да жердің жетіспеушілігі. Одан қалса, қуаңсыздығы екені бесенеден белгілі. Жер қатынастары басқармасы бұл бағытта халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін облыста 300 мың гектар аумақты бірлесіп пайдалану туралы меморандумдар жасалғанын алға тартады.
Оның ішінде, Абай ауданында – 9 мың гектар, Бұқар жырау ауданында – 9 мың гектар, Қарқаралы ауданында – 141 мың гектар, Нұра ауданында – 111 мың гектар, Осакаров ауданында – 13 мың гектар, Шет ауданында – 17 мың гектар жер бар.
Бұған қоса, 232 мың гектар аумақта шалғайдағы жайылымдар ұйымдастырылыпты. Халық мал жаюы үшін 252 мың гектар жер ауылдық округ әкімдеріне уақытша өтеусіз пайдалануға берілген.
Жалпы, жер қатынастары басқармасының мәлімдеуінше, 2022 жылы облыс бойынша мемлекет меншігіне 1 миллион 232 мың гектар жер қайтарылған екен. Оның 16,1 мың гектары – егістік, 1 миллион 200 мың гектары – жайылым. Мұның 1 миллион 71 мың гектары ерікті негізде, 29,7 мың гектары сот шешімімен кері қайтқан.
Облыста 2023 жылға арналған пайдаланылмайтын жерді алу жоспары – 580 мың гектар. Бос жерлердің басым бөлігі жайылым екен.
Түйін
Не десек те, мал баққан елдің түсіне жайылым жиі кіреді. Өйткені, қоралы қой, үйір жылқы, табын сиырын жаятын жерден әбден запы болғаны өтірік емес. Ел тұрымтай тұсы, балапан басына кеткен кездегі мыңдаған гектар жерді «бөліп ал да, билей бер» қағидатының салдары осыған әкелді. «Малын жанының, жанын арының садақасына» байлаған ауылдағы ағайынның бүгінгі жайы да, зары да осы болып тұр…
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – қағидаты арқылы ел Еділді ен жайламаса да, ешкімнен теперіш көрмей түлігін өргізер күн туарына да осындайда сенгіңіз келеді…
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.