Қайрат НҰРКЕНОВ: Халық биліктің ықпалынсыз өз таңдауын жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың жалғасы ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Қарағанды облысы бойынша Приозерск қаласы және Ақтоғай, Осакаров аудандары тұрғындары әкімдерін өздері таңдады. Халықтың тұрмысы мен тағдырына тікелей әсер ететін бұл сайлау пилоттық жоба ретінде өткенімен, болашақта екі тараптың да жауапкершілігін күшейтпек. Еліміз үшін маңызды саяси шараның қалай өткені жайлы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновпен әңгімелескен едік..
– Қайрат Қаршығаұлы, жалпы, екі аудан мен бір қалада тіркелген сайлаушылар тізіміне тоқталсаңыз…
– Облыс бойынша Ақтоғай, Осакаров аудандары және Приозерск қаласы бойынша өткен сайлауға 38 126 адам сайлаушы ретінде енгізілген болатын. Оның 25 781-і дауыс берді.
– Қай ауданның, қаланың халқы белсенділік танытты?
– Аталған екі аудан мен бір қала тұрғындарының 67 пайыздан астамы дауыс берді десек, оның ішінде белсенділік танытқан Ақтоғай ауданы екенін айту керек. Аудан тұрғындарының 74 пайыздан астамы өз таңдауларын жасады. Одан кейінгі орында – Осакаров ауданы. Яғни, 68,08 пайыз. Ал, Приозерск қаласы бойынша тұрғындардың 55.16 пайызы өз таңдауын жасады.
– Сонымен, нәтиже қандай?
– Бір қала, екі аудан бойынша аудан әкіміне кандидат ретінде 9 адам тіркелгенін айтқан болатынбыз. Солардың ішінде Приозерск қаласы бойынша сайлаушылардың ең көп дауысын Мансұр Ахметов жинады. Бұған дейін Приозерск қаласы әкімінің міндетін атқарушы болып қызмет еткен оның кандидатурасын 2264 тұрғын қолдаған.
Ал, Ақтоғай ауданы бойынша Руслан Кенжебеков ең көп дауысқа ие болды. Яғни, 5656 дауыс. Руслан Айтыкенұлы аталған ауданның әкімі лауазымын атқарған.
Осакаров ауданының тұрғындарының таңдауы бойынша Руслан Нұрмұханбетов ең көп дауыс жинады. 11595 дауыс жинап, өзгелерден оза шыққан Руслан Есенбекұлы да Осакаров ауданының әкімі қызметінде болған.
– Дауыс берудегі алшақтық қандай? Соған сәйкес, сайлау әділ өтті деп айта аламыз ба?
– Әлбетте, сайлау әділ өтті деп сеніммен айтамыз. Бұл жерде биліктің араласуынсыз, халықтың өзі таңдауын жасағанын айту керек. Дауыс беруде алшақтық бар. Мәселен, Приозерск қаласы бойынша ең көп дауыс 2664 болса, ең азы – 340. Ақтоғай ауданында да алшақтық байқалады. Аталған ауданда ең аз дауыс саны – 695. Ал, Осакаров ауданы әкімдігіне кандидат ретінде тіркелген үміткер жинаған ең аз дауыс – 1251.
– Президент «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға барлық кандидаттарға қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. «Барлығына қарсымын» деп дауыс бергендер болған шығар…
– Әрине, болды. Бірақ, кандидаттар жинаған дауыс санынан көп емес. Нақты айтар болсақ, Приозерскте 19 сайлаушы «барлығына қарсы» деп дауыс берді. Ал, Ақтоғай ауданының 103 тұрғыны дәл осы бағанды таңдаған. Осакаров ауданында да осындай көрсеткіш. Яғни, 103 адам «барлығына қарсымын» деген белгіні таңдады.
– Қайрат Қаршығаұлы, басты мәселе – сайлаудың қалай өтетіні және оның қалай бақыланатыны. Байқаушылар тарапынан саяси доданың өту барысына қатысты шағым болды ма?
– Жоқ, болған жоқ. Халық өзі таңдаған кандидатқа дауыс берді. Байқаушылар тарапынан бір қала мен екі ауданда өткен әкім сайлауында ешқандай шағым болған жоқ.
– Бұған дейін осы аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы әкім сайлауына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Соның бірі – пилоттық жоба ретінде алғаш рет өтетіндіктен, биліктің ықпалы болады деген ой. Бұл туралы не айта аласыз?
– Әлбетте, алғаш рет өткен сайлау болса да, биліктің еш ықпалы болған жоқ. Бұған дейін кандидаттар елу күн қатарынан өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Барлығына бірдей басымдық берілді. Сайлау комиссияларына да арыз-шағым түскен жоқ. Сондықтан, халық биліктің ықпалынсыз өз таңдауын жасады деген сеніммен айта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ