Қайран да қайран өмір-ай!

Қайран да, қайран өмір-ай,
Өзенің ернеуін опыра бердің ғой,
Кеудемізді көрік қып от ұра бердің ғой.
Қарағандының қабарған бұлтын жамылып,
Егілген орнымда отыра бердім ғой…
Қайран да, қайран өмір-ай,
Қайрат Асқарды қырқында қиып едің ғой,
Еңіреп тұрып, есімді енді жиып едім ғой.
Қарағандыны Қайратсыз қалдырғың келе ме?!
Тынымсыз өлім, тұйық өмір ғой.
Қайран да, қайран өмір-ай,
Алма ағашты сілкілегендей Қарағандыны
сілкіледің ғой,
Қарағанды дейтін кәрі ағаш, бір түп едім ғой.
Қайракең де кетті, қайрылмас жаққа маң басып,
Ей, жалған, ішің өмір, сыртың өлім ғой..
Қайран да, қайран өмір-ай,
Отырған жерімде ойым құрттап кеткендей отыра
бердім ғой,
Жалмаңдаған жар толқындай ернеуіңді опыра
бердің ғой.
Жайсаңдарымның жақсылығын тірлікте білмей,
Өлген соң құлыптасын құшақтап опына
бердім ғой.
Қайран да, қайран өмір-ай…
Жанат Жаңқашұлы