Жаңалықтар

Қайран біздің әкелер арды ойлаған!

Жеңіс таңы атқалы қанша жыл өтсе де, соғыстың зардабы көп адамның жүрегінде қалып қойды. Ұлы Жеңіс күні ел мен жер үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Кеңес Одағының жауды талқандап, жеңіске жетуіне қазақ халқы да лайықты үлес қос­ты. Соның бірі – соғыстағы ерліктері үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған әкем – Түскей Нұрланұлы.

Сурет автордан

Әкем Ақтоғай ауданы, Шабанбай би округіне қарасты Қасабай бөлімшесіндегі Шылбыр өзенінің бойында дүниеге келген екен. Соғыс­тың алғашқы жылдарында жаңа құрылып жатқан артельдер мен колхоздарға мүше болып, үлкендермен бірге түрлі жұмыстар атқарып жүргенде соғыс басталып, бір топ ауылдастарымен бірге соғысқа кете барды. Олардың ешқайсысы майдан даласынан қайтып оралмады
Әкем соғысқа 1941 жылы Қарағанды облысы, Қоңырат ауылынан аттанған. Майдан даласындағы соғыс қимылдарына І Украина майданы, 66-атқыштар дивизиясы, 235-атқыштар полкінің құрамында 1942 жылдың қазан айынан кіріскен. Басқыншылардың тегеурінді шабуылын тойтара отырып, көптеген жерлерімізді жау қолынан азат етуге бар күшін салды. 1943 жылы тамыз айында Харьков қаласы үшін болған қанды шайқаста аяғынан жараланады. Одан емделіп шығып, қайтадан майдан даласына аттанады. Житомир қаласын азат ету үшін болған қиян-кескі айқаста тағы да аяғынан жараланады. Біраз уақыт госпитальда емделіп, ұрыс қимылдарына жарамағандықтан елге оралған.
Тылда 3 баламен қалған шешеміз Рысты Түсіпбекова сауыншы болып жұмыс істейді. Әкесі майданға кеткенде 8 жастағы ұлы бұзау бағады. Анамыз да, ағамыз да тыл еңбеккерлері.
Елге келген соң өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығында еңбек етті, бригадир болды. Отанымыздың соғыс­тан кейін оңалып кетуіне өзінің сүбелі үлесін қосты. Колхоздарды ірілендіру кезінде «Өндіріс» колхозы мен «Ұлы Октябрь» колхозы бірігіп, «Қуаныш» колхозына қоныстанып, егіс бригадирі болды. Егін екті, астық жинады. Ақдала деген аймаққа Ақтоғайдың «Ақ бидайымен» қамбаны толтырды. Бейбіт дәуірдің «Еңбек ардагері» болды. Сол еңбегі үшін 1956 жылы Мәскеудегі «Халық шаруашылығы» жетістіктері көрмесіне шақырылды.
Әкем өнерден де кенде емес еді. Құрдасы Манарбек Ержанов «Паровозды» шырқағанда әкем өзінің қоңыр дауысымен «Көкжөтел» әнін айтатын.
Әкем өзінің соғыстан оралмаған дос, құрдастарының отбасына қамқорлық жасап тұрды. Қолынан келген көмегін аяған жоқ. Тіршілігінде оларды сағынышпен еске алатын. Көп замандастарының майдан даласынан қайтпай қалғанына, құлын-тайдай бірге өскен құрдастарының ғұмыр желкендерінен туған даласының самал желі еспей қалғанына жүрегі жылайтын. Сол сағынышын өзімен бірге алып кетті. Әкеміз өкінішке қарай соғыс салған жарақаттың кеселінен 1967 жылы небары 62 жасында өмірден өтті.
Ес білгелі әкемнің өнегелі жолдары мен жанқиярлық істерін көріп өстім, өткен жолдарынан үлгі алдым.
Анам Рысты Түсіпбекқызы екеуі шаңырақ құрып, ұрпақ тәрбиеледі. Анамыз 1996 жылы 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Сұм соғысты жеңуге тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ұшан-теңіз. Шешеміз де, үлкен ұлы Әзімхан Нұрланов та – тыл ардагерлері.
Сұрапыл соғыс пен бейбіт еңбекте қиындықтан қаймықпаған аяулы әкемді сағынышпен еске аламын. Мақтан тұтамын. Әкем майданнан оралған соң дүниеге келген сәбиімін. Әкем мені қатты жақсы көретін. «Украина даласынан өзіммен бірге келген құлыным», – деп айналатын.
Әке-шешеміздің бейбіт өмірге қосқан, тәрбиелеп өмірге жолдама берген мұрагерлеріміз. Ержеттік, оқыдық, еңбек етіп, ата-­анамыздың өмірін жалғастырушы ұрпақпыз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдық тойын дүниежүзімен бірге қарсы алғаныма Аллаға шүкіршілік етемін.
Енді соғыс болмасын! Әкелеріміз орнатқан бейбіт ғұмыр өз жалғасын таба берсін!

Гүлхайыр ТҮСКЕЕВА,
қызы, ардагер ұстаз

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button