Ресми

Айналып «Ескі ауылға» қайта келдім…

Серғазы Қабылдаұлы – ақын, журналист. Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Ұзақ жылдар бойы Арқа журналис­тикасын дамытуға сүбелі үлес қосты. Бұрынғы «Ильич туы» кейінгі «Заман» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған.

Баспасөзде өзекті мәселелерді көтере жүріп, өлеңнен қол үзген жоқ. «Шуағыңа сенің жылындым» жыр жинағы мен «Туған жердің түтіні» кітабы сөзімізге дәлел. Жақында баспадан «Бейнең қалды көзімнің шарасында» атты жыр жинағы шықты.

Атақ пен мансапқа қызықпай, жазуға, өлеңге адал бола білген Серғазы Қабылдаұлын мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтай отырып, оқырман назарына өлеңдер топтамасын ұсынып отырмыз. Мархабат!

Редакциядан.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Түнгі жауын
Найзағайы жарқ етті үн шығармай,
Тау артынан тағы бір күн шығардай.
Желп еткізді түнгі жел баяу ғана,
Түбіт бұлттың етегін жыртып алмай.
Түнгі дала тып-тыныш бола қалды,
Найзағай-шам жарқ етіп жана қалды.
Селт еткізіп қайыңның жапырағын,
Тамшылары алғашқы тама қалды.
Түнгі жауын үн-түнсіз жауды есіле,
Қарауытып көрінді тау көсіле.
Көкжиекке түбіт бұлт құлап кетті,
Найзағайдың ілесіп сәулесіне.
«Ескі ауыл»
…Апырым-ай, бұл баланы қайда көрдім,
Деп іштей өзіме-өзім айта бердім.
Соңынан ілесем деп сол баланың,
Айналып «Ескі ауылға» қайта келдім…
«Ескі ауыл» ертеректе еңселі еді,
Жобасы бір перменің өлшемі еді.
Төрт түлігі өріске сыймай жатқан,
Шіркін-ай, сол кезін сен көрсең еді!
Ерте көктем егіске түрен салған,
Қамба толы жыл сайын астық алған.
Еркің білсін сенсең де, сенбесең де,
Ертеде «Ескі ауылда» мектеп болған.
Жастары оза шапқан қатарынан,
Қарттары жаңылмаған мақамынан.
Қазақы бір иіс аңқып тұрушы еді,
Ауылдағы шалдардың шапанынан.
Көрсетіп су төгілмес көсемдігін,
Сұрасқан бір-бірінің есендігін.
Көз ұйқыға кеткенше тыңдап өстік,
Қазақтың ертедегі шешендігін.
Ескертетін малшыны шақырып ап,
«Шабындықты таптаттың жапырып-ақ!»
Шешетін мәселенің барлығын да,
Осы шалдар шәй ішіп отырып-ақ!
Көрінбеді сол бала, мойын созғам,
Шалдар да жоқ батагөй, ауыл тозған.
Төмпешік боп мектептің орны жатыр,
Әліппе оқып, әпкеміз жазу жазған.
Демеймін бірдеңені мықтай қойдым,
Не құдірет екенін ұқпай қойдым.
Туған жердің тартылыс күші бар-ау,
Айналып «Ескі ауылдан» шықпай қойдым…
Тамыз таңы
Даланың оты қашқан,
Бұлты көп, қотыр аспан.
Шығыстан шырайсыздау,
Білінді қотыраш таң.
Жапырақ тамады үстен,
Күлшедей шала піскен.
Демінен бу шығады,
Шатқалдың шалап ішкен.
Көрінбей күн шуағы,
Сұр бұлтқа тұншығады.
Қайыңды жүдеп тұрған,
Суық жел шымшылады.
Бұлқынған бұлақ бар-ды,
Жазды аңсап жылап қалды.
Табанға тұман түсті,
Құшақтап құрақ-талды.
Көк күшік қыңсылады,
Үнінен мұң шығады.
Естілді өзен жақтан,
Құстардың сыңсығаны.
…Даланың оты қашқан,
Бұлты көп, қотыр аспан.
Шығыстан шырайсыздау,
Білінді қотыраш таң…
Шеше
Маңайы «Ескі ауылдың» ала-құла,
Ши өскен «Арқар төбе» балағына.
Бұзау іздеп жүргенде «Жарықбастың»,
Тікені кірген талай табаныма.
Жас бұзаулар білмейтін «Өк!» дегенді,
Қуалаумен өшетін өкпең енді.
Ағараңдап жаулығы отыратын,
Әжем іс қып, жеткізіп жетпегенді.
Намазға тұрады атам ала таңда,
Шешеміз жем шашады балапанға.
Отырушы ек шапанға оранып ап,
Сары май жалап салып ап алақанға!
Мың құбылтып бозторғай ән салатын,
Құлақ түріп әжеміз тамсанатын.
Отын жағып пешіне даладағы,
Шешеміз табасына нан салатын.
Атам мен арқаланып әжемізді,
Керек қыла қоймаушы ек шешемізді.
Балалық-ай, қарадық аспазшыдай,
Дайындап беретұғын көжемізді.
Өзгерген «Ескі ауылдың» өңі мүлде,
Болмағандай ештеңе өңірінде.
Жеңгеміздей боп кеткен шешеміздің,
Тек бейнесі қалыпты көңілімде…
Іңір
Сүт сəулесі көкжиекті көмкеріп,
Ай қарады жерге көзін төңкеріп.
Іңір түсіп келе жатты жəй ғана,
Ақ далаға қарабарқын өң беріп.
Қараша үйде күмбірлеген күй тынды,
Мақпал кеште самал есті сүйкімді.
Оқыранды құлынына тор бие,
Тауға қарап жағы талмай ит үрді.
Шолп еткізіп судың бетін жəй жатқан,
Құрылдады құрбақалар сай жақтан.
Төр алдында шаршап жатыр созылып,
Қара бала күні бойы қой баққан.
Шарбы бұлттар баяу көшкен үркінді,
Биік құздың алқымына іркілді.
Қарауытқан қалың ағаш тұсынан,
Қорқынышты дауыс шықты бір түрлі.
Сүт сəулесі жердің бетін сүйіп тек,
Ай да кетті көкжиектен биіктеп.
Бірте – бірте іңір түнге алмасып,
Қараңғылық жерге түсті ұйып кеп.
…Қас – қағымда қараңғылық қоюлап,
Түнгі аспанды жұлдыз жапты оюлап…
Аптап
Шіркейге толып су үсті,
Бұлдырап көкке бу ұшты.
Шырылын қойып шегіртке,
Паналады қуысты.
Көзге тұтып көк перде,
Сағым түсті бөктерге.
Төгілді күннің қызуы,
Шаңқай түсте тепсеңге.
Бақ-бақ аппақ киініп,
Үлпілдек басы иіліп.
Жотасын тосып тау жатыр,
Аптапқа ыстық сүйініп.
Қызыл да, жасыл реңді,
Гүлдері қырдың бір өңді.
Шақырайған түстегі,
Күннің көзі күрең-ді.
Бетке ап қойшы суатты,
Қойын суға құлатты.
Сайдағы сасыр ұйысқан,
Сағынып қапты шуақты.
Желбіреп жасыл құрағы,
Мөлдіреп таудың бұлағы.
Шұғадай сағым бөктерде,
Мұнарланып тұр әлі.
Аңызақ кезіп даланы,
Аптап тілмен жалады.
Күннің ыстық лебі,
Шекеден өтіп барады…
Қоңыр
Қоңыр тірлік, қоңыр күн,
Қоңыр кеші өмірдің.
Әлдилейді жаныңды,
Қоңыр кеште қоңыр мұң.
Қоңыр аспан, қоңыр түн,
Қоңыр күйі көңілдің.
Қоңыр түнде келеді,
Қоңыр ойға шомылғың…
Төгіледі қоңыр үн,
Көрінеді қоңыр күн.
Қоңыр түстен тұрғандай,
Бүкіл сенің өмірің…
Балалық пен таба нан
Аяқ-қолын жерге құлап жара ғып,
Жүретұғын сары масаға таланып.
Шақырады қолын бұлғап алыстан,
Қыр астында қалып қойған балалық.
Беті-қолға шикі қаймақ жақтырып,
Бәтеңкесін бір бұрышқа лақтырып.
Босағадан сығалап тұр балалық,
Көк шыбықты мініп алып ат қылып.
Жата қалып түнде жұлдыз санаған,
Тезек теріп әкелетін даладан.
Көзін қысып жымыңдайды балалық,
Алақанға салып сары май жалаған.
Пешке жағып жамотынды буылған,
Бақырға сап әжем бидай қуырған.
Маған қарап ыржияды балалық,
Жалаң аяқ, қолы шала жуылған.
Күн желдетіп кетті дала салқындап,
Көкжиекте от ойнады жарқылдап.
Атасына кекілінен сипатып,
Балалығым жатыр үнсіз ән тыңдап.
Қой түгендеп шарбағына қамаған,
Әжелері азаматқа балаған.
Пеш алдында отыр әне, балалық,
Ыстық нан жеп жаңа шыққан табадан.
Нан дегеннен оқиға еске түседі,
Бір оқимыз, қары қалың қыс еді.
Мектебіміз «Жаңа ауылда» болатын,
Ұмытпасам желтоқсанның іші еді.
Судай жаңа әкеп берген қаладан,
Мойнымызда бір-бір сөмке жаңадан.
Көрші қызбен барушы едім мектепке, 
Жолымызда ит болатын қабаған.
Көрші қыздың сөмкесінде нан бар-ды,
Қабаған ит әлде соны аңғарды. 
Жетіп келді азу тісін ақситып,
Сөмкедегі нанды беріп жан қалды.
Қыз шешесі білмегені анық-ты,
Қабаған ит бізге солай дәнікті.
Өзі жеп жүр деп ойлаған шешесі
Сөмкесіне бір таба нан салыпты.
Тәтті нанды өлсе тастап кетпек пе,
Дәніккен ит бізді айналып өтпек пе.
Үзіп алып итке тастап, қалғанын
Өзіміз жеп жетуші едік мектепке.
Тікірейтіп құлақтарын қараған,
Көшеден бір итті көрсем қабаған.
Қыр астында қалып қойған баяғы,
Еске түсед балалық пен таба нан… 
Көктем
Үздіктіріп, үзілтіп,
Сыбызғысын сызылтып.
Түкті кілем тәрізді,
Дидарын мың құбылтып.
Жібектей боп желбіреп,
Еміреніп, елжіреп.
Шуақ төгіп жып-жылы,
Екі көзі мөлдіреп.
Төбесінен нұр құлап,
Ақтарылды жыр-бұлақ.
Моншақтай боп шашылған,
Шықты сүйіп тұрды бақ.
Аспан асты айнадай,
Жердің жүзі жайнады-ай!
Күн сәулесін төгіп тұр,
Кірпіктері найзадай.
Құпия бір сыр ашып,
Көкжиекке ұласып.
Ұмсындырып, ұстатпай,
Кетті сағым қыр асып.
Ақ қайыңды айқабақ,
Самал сүйді аймалап.
Жапырақтың бетінен,
Тамшы түсті тайғанап.
Кері қуып күдікті,
Өбектеді үмітті.
Көктем келіп керімсал,
Жер-Ананы жібітті.
Қыдырып баққа келем
Қыдырып баққа келем, 
Оқимын аппақ өлең. 
Үн-түнсіз қалың ойға, 
Тыңдайды батқан əлем.
Тыңдайды құлақ түріп,
Ақ бұлақ жылап-күліп. 
Ағады жағасына,
Тамшысын лақтырып. 
Қол бұлғап ертегі елі,
Самалы еркеледі.
Жайқалып жапырағы,
Тыңдады тал-терегі.
Ақша бұлт араласқан, 
Тамсанып қарады аспан.
Жырымды тау тыңдады, 
Желік жел ала қашқан. 
Қыдырып баққа келем, 
Оқимын аппақ өлең. 
…Тыңдайтын өзің жоқсың,
Айды да ап берер ем…
                                                           
Ай туды
Ай туды,
Айналасы қаймақтанып,
Сүт-Сəуле 
Кезіп кетті сайды ақтарып.
Шарбы бұлт 
Қаз бауырын нұрға малған,
Қияға 
Қонақтады жайлап барып.
Басылмай 
Құс жолының тозаңы əлі, 
Байғыздың 
Үні түнді мазалады.
Төбесінен 
Төгілген Сүт-Сəуледен,
Омырауы 
Орманның бозарады.
Əлемнің 
Кербез сұлу айқабағы,
Жартастың 
Жотасынан аймалады.
Жанарынан 
Мөлт еткен мөлдір Сəуле, 
Аспаннан 
Жерге қарай тайғанады.
Дала көркі
Ақша бұлт, көк аспан,
Күре жол бел асқан. 
Керіліп биік шың,
Аспанмен таласқан.
Сырласып тал-терек,
Жайлауы жарасқан.
Шабындық миялы, 
Бой салған қияғы.
Шалғының жүзі өткір,
Сырылдап қияды.
Сайдағы сасыры, 
Белдегі басыры,
Жусан мен бидайық,
Шөптің кіл асылы. 
Қарақат, бүлдірген,
Майысып тұр бүрген. 
Көбелек көлеңдеп,
Ойнайды гүл гүлмен. 
Тобылғы, қараған,
Шырмауық ораған.
Селеудің кекілін,
Самал жел тараған.
Даланың гүл өңі, 
Құлпырды реңі.
Қызылы, сарысы,
Əппағы, күреңі.
Сылдырап бұлағы,
Жартастан құлады.
Тербелді желменен,
Желбіреп құрағы.
Боз таңды қарсы алып,
Бозторғай ән салып
Даланың көркіне,
Отырдым тамсанып!
               
Мұнар маңып барады
Ала бұлт аспан, таң жарық, 
Қарайды таулар паңданып.
Құйындай жүйткіп жел өтті,
Адасып жүрген сандалып.
Шидің бойын шырмауық,
Шашағымен тұр жауып.
Сайдың салқын ауасы,
Бу боп ұшты қырға ауып.
Көкжиекті жалқындап,
Жерге түсті алтын дақ. 
Шөп басында таңғы шық,
Күн нұрымен жалтылдап.
Мұнар маңып барады,
Бұқараның бөзіндей.
Күн күлімдеп қарады,
Сенің нəркес көзіңдей!..
Бөрік 
Пұшпақ бөрік,
Күннің көзі ыстаған,
Бедері бар
Көк шұғамен тыстаған.
Маңдайының 
Тері сіңген атамның,
Талай рет 
Əжем қолмен ұстаған. 
Қырқылса да 
Жиегінің пұшпағы,
Жыртылса да
Тозып əбден тыстары.
Қасиетті 
Бұйымдай ғып қастерлеп, 
Іліп төрге 
Анам күтіп ұстады.
Қалмаса да
Көк шұғаның өрнегі,
Биік жерде
Тұрушы еді төрдегі.
Тердің иісі
Бұрқырайтын жұпардай, 
Ерекше бір 
Нұрға бөлеп бөлмені.
Балалықтың 
Бал дəуренін кештік біз,
Сол бөрікті 
Көзбен көріп өстік біз.
Тəлімі мен
Тəрбиесі бір төбе,
Əжеміздің 
Əңгімесін естіп біз.
Төбелестік,
Жықтық жəне жығылдық,
Үлкендердің 
Билігіне жүгіндік.
Төрде тұрған 
Көріп пұшпақ бөрікті,
Қасиеттің
Не екенін ұғындық.  
 Ауылым осы 
Ауылым осы,
Аспаннан жерге нұр құлап,
Бусанып жатыр
Жұпардай иісі бұрқырап.
Ағыл да тегіл
Ақ дала – айқай дүние,
Мөлдірей қапты
Əйнектей мұзы жылтырап.
Ауылым осы,
Төгіліп тұрған Күн нұры,
Құлаққа жеткен
Қоңыр күй болып күмбірі.
Əдемі əндей
Алыстан талып естілген,
Сарқынды судың
Сарқырап аққан сыңғыры.
Ауылым осы,
Түсіме жиі кіретін,
Көшесінде
Алшаңдай басып жүретін.
Бəрі де таныс,
Ит екеш иттің дауысы да,
Алыпсоқтардың
Арпылдап түнде үретін.
Ауылым осы,
Жастығым өткен жайдарман,
Балақты түріп,
Бүлдірген тергем сайлардан.
Ауылым осы,
Төсіме таққан Тұмар ғып,
Сарқылмайтын
Сағынышқа бүгін айналған!..

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button