Жаңалықтар

«Айналайын аға»

Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген аталы сөз бар. Мұндай астарлы лепесті басқа тілден әлі кездестірмедім. Бұл сөздің мәнін ұғыну үшін тағдырлы және әкеңді іздейтіндей болуың шарт. Рас, әкеден айырылу оңай емес. Бірақ онымен рухтас, дәмдес, сыйлас болған жандардың жер басып жүргені көңіліңе шынымен демеу болады екен. Әкем деп отырғаным – ақын Жеңіс Қашқынов.

Ақын әкемді көргендер көп. Бірақ, қазір ол туралы айтатындар және жазатындар аз. Мұны тіршіліктің қызу қарбаластығымен ақтауға болатын шығар. Жалықпай, үнемі еске алып отыратын ағаларым да баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – Оралбек Жүнісұлы.

2003 жылы Қарағандыдағы оқуымды аяқтап, қалада қалғалы тұрғанында, туған әкем Амандық келіп, ауылға «айдап» жіберді. Ол кезде жасым жиырмадан асып, жігіт болып қалған кезім ғой, әкеме қарсыласқым келді. Бірақ, іштегі ыза ауыздан сол беті шықпады. Басым салбырап, аудан орталығы Ақтоғайға келдім. Әлихан Бөкейхан атындағы мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Белсенді жас ретінде ауданның түрлі қоғамдық іс-шараларына атсалысамыз. Бір жылы облыстық жастар форумы бізде өтті. Оған жан-жақтан жерлес ағаларымыз да келді. Сол кезде Оралбек ағамен алғаш таныстым. Есім-сойы ел аузында жүрген мұндай қаламгер адамдармен танысқанда, бірінші кезекте алға салатыным – ақын әкемнің аруағы. Жеңіс Қашқынов дегенді естіген Орағамның аузынан шыққан алғашқы лепесі – «айналайын» болды. Бұл табиғатынан жылы сөз ғой. Бірақ, Оралбек ағаның аузынан шыққанда, тіптен, мейірлене, мерейлене түседі екен. Содан менің миыма «Айналайын аға» деген ұғым берік орнықты.

Жеңіс әкемнің кітабында «Оралбек, Қасымхан, Сағымбай, Бағдат, Елубай, Оралбек, Ғабидендерге» деп інілеріне арнаған өлеңі де бар. Соны толық келтіре кетейін.

ЖАЙРАҢДАП АЛДАН ШЫҚСА

Жайраңдап алдан шықса інілерім,
Көргендей болам нұрлы гүлін өмір.
Арқардай ай мүйізді өрге баспас,
Боз өкпе ағалардан түңілемін.

Ілесіп бос дақпырттың жетегіне,
Биікке үлкенмін деп көтерілме.
Қоспасаң үйіріңе балғын жасты,
Сөгіліп бірте-бірте кетеді ірге.

Ойы жоқ, әрекет жоқ қалар ықта,
Құр сөзбен сыйластықты жалаң ұқпа.
Танытса кішіге тән кішіпейілдік,
Жараймын жаға тұтар ағалыққа.

Ақ жарқын инабатты інілерім,
Апайтөс кесек тұлға ірілерім.
Көрсетіп адал достық кісілікті,
Өтеді азаматша сүріп өмір.

Ақын әкемнің риза көңілмен жазған өлеңдегі «кішіпейіл, ақ жарқын, инабатты, адал достық кісілік, жайраңдап жүрген» інілері қазір бізге «апайтөс кесек тұлға ірі» аға болып жүр.

2022 жылы Қазақстаннан белесебетпен барған Түркиядан Астанаға ұшақпен оралдым. Бірақ рейсіміз межелі уақытынан екі сағатқа кешігіп келді. Дәл уақытында халықаралық әуежайға бар­ған Оралбек ағамыз күтіп-күтіп, үйіне қайтқан екен. Кейін соны маған айтқанда таңқалдым әрі риза болдым. «Ағасы бардың жағасы бар» деп осындайда айтса керек.

Қазір Орағамыз туралы ол кісіні өмірде көрмеген адамдар, әсіресе жастар арасында әңгіме бола қалса, «Оралбек Жүнісұлы – фейсбуктағы комментарий алаңында «Айналайын!» деп емешегі үзіліп, еміреніп, жылы сөзін аямай жазып отыратын аға емес пе?!» деген пікір жиі айтылады. Мына тіршілікте және цифрлық әлемде бәрімізге «Айналайын» деген бір ауыз сөзімен қамқор болып отыратын бір аға керек. Мерейлі жасыңыз, құтты болсын, Айналайын Аға!

Ернат МЭЛСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button