Айнабұлақ шақырады
WhatsApp әлеуметтік желісін парақтап отырып, күтпеген хабарландыруға жолықтым. Онда Қарқаралы ауданы, Айнабұлақ (Бұрынғы Абай совхозы) ауылына ел азаматтарын тұрғылықты көшіп келуге шақырады. Бұл жеңілдікке еліміздің кез келген аймағынан көшіп келуге болады. Келгенде ауылдың белсенді жастары, тұрғындары қол ұшын беруге дайын. Тіпті, «Ауыл жанашырлары» атты жеке қор ашып, қаржы да жинап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шаруа былтырдан бері қолға алына бастаған. Идея авторы әрі үйлестірушісі – ауылдағы №31 жалпы білім беретін мектеп директоры Нұргүл Каденқызы НҰРТАЕВА.
Сонымен қатар, ауылға отбасы, бала-шағасымен көшіп келген адамға алдына мал салып, еншісін беріп, үй қылады. 1 жылға дейін әр отбасыға айына 50 мың теңге беріп тұру да қарастырылған. Әр үйге бөлінген малға шөп те, үйді жылытуға көмір де тегін берілмек.
Толығырақ айтсақ, Қарқаралы ауданы Айнабұлақ ауылына көшіп келеміз деген көпбалалы отбасына келесі көмек көрсетіледі: Үй тегін, 1 жыл көмір тегін, 1 жылғы шөп тегін, 1 жыл бойы 50.000 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал, 3 баласы барға 2 ірі қара мал, 5 баласы барға 3 ірі қара мал, 6 бала және одан көп баласы бар отбасыға 4 ірі қара тегін (өздерінің қарауына қарай жылқы малымен араластыруға болады) берілмек. Бұдан бөлек, әр отбасыға берілген 20 қойды 3 жылда төлдің есебінен қайтарады (2-ші жылдан бастап). Ауылға барғысы келетін азаматтар 87051697364 нөмірі бойынша мектеп директоры Нұргүл Каденқызы Нұртаеваға, 87766346161 нөмірі арқылы ауыл әкімі Рүстембек Мұратұлы Тақтановқа хабарласа алады.
Ауылдан көшіп кеткен адамдардың үйі ақырындап, қордың ақшасына сатып алынуда. Сол үйлер көшіп келген отбасыға беріледі. Әзірге 3 баласы бар 2 отбасы Айнабұлаққа тұрғылықты тұруға көшіп келіпті. Осында өмір сүріп, ауылды көркейтуге, қазақтың санын көбейтуге үлес қосамын деушілердің аяққа тұрып, ел қатарына қосылып кетуіне бар жағдай жасалуда.
– Мұнда Үкіметтен еш көмек жоқ. Ауылдың белсенді жастары, сосын ауылдың шаруа қожалық иелері мен кәсіпкерлері қолдап отыр. Мақсатымыз – ауылды сақтап қалу. Мен бұған дейін Қарағандының бірнеше мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқардым. Қазір осы ауылымдағы мектепті басқарамын. Кезінде 2 мыңнан астам тұрғыны бар, гүрілдеген совхоз болған. Қазір 600-ден астам ғана халық тұрады. 500-ге жуық балаға арналған барлық жағдаймен қамтылған 11 жылдық ЖББ мектепте бар-жоғы 67 оқушы бар. Мектепалды даярлық тобы мен үйірмелерде де шамалы оқушы бар. Ауылда мектептен бөлек, аурухана, мәдениет үйі, әкімдік бәрі істеп тұр. Келем деушілер болса, осы көмектерді ала алады. Бірақ, келіп жатып алмай, жұмыс істеп, ел болудың қамын жасау керек. Қысқасы, келген отбасыны аяққа тұрғызуға күш саламыз, – дейді мектеп директоры Нұргүл Каденқызы.
Көшіп келген отбасының 1 жылға дейінгі ай сайын берілетін 50 мың теңгесі мен ұсақ-түйек шығыны арнайы ашылған қор есебінен. Ал, қара малмен, қоймен, шөп және көмірмен қамтуды ауылдағы фермерлер мойнына алып отыр. Ал, жұмыс табуға биржаға маман ретінде тіркелуге әкімдік көмектеседі. Жоғары не месе арнайы білімі болса, мектепке және басқа да жерлерге бос орындарға жұмысқа алу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар хабарласып жатқан көрінеді. «Айнабұлақ ауылы Қарқаралы қаласына 150 шақырымдай болса, Егіндібұлақ ауылына 60 шақырымдай жерде орналасқан. Жол келіп тұр, сыңғырлап тұрмаса да, жол бар. Мұнда ауыл жастарының ықыласы бастамаға көп көмек болып отырғанын айрықша атап айту керек. Жастар ауылдағы мектепті және жалпы ауылдың берекелі тіршілігін қайта жандандырып, елдің көшіп келуін қалайды. Мектептің жабылып қалуынан, ауылдың жұтап, қаңырап қалуынан сескенеді. Қарашаңырақтың түтінін түтетіп, осында өсіп-өнуді армандайды. Жастар бос уақытын тиімді өткізу үшін спорттық жабдықтар орнатып, ауылдың тамырына қан жүгіртуде» – дейді Нұргүл ханым.
Қысқасы Айнабұлақ ауылы өзін-өзі қамтуға көшкен.
Шындығында, бұл ақпаратты оқып, жанымыз толқыды, жүрегіміз елжіреді. Мұқаңның «Сен де кеттің, мен де кеттім, ол да кетті ауылдан, Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан» деп келетін өлеңі еске түсті. Ішімізден бастама жақсы қолдау тауып, ауылға елдің көшіп барып жатқанын көргіміз келді. Бұл әр қазақтың арманы болса керек. Ел барған жерге береке барады ғой. Жұмыс орындары, өндіріс ошақтары, интернет желісі де тартылады. Осылайша, Айнабұлақ ауылының белсенді жастары мен кәсіпкерлері, мектеп директоры Нұргүл Нұртаева һәм ауыл әкімі Рүстембек Мұратұлы осындай игі істі қолға алып, басқа ауылдарға үлгі болып отыр. Тағылымды іске сәттілік тіледік…
Жәлел ШАЛҚАР.