Аймақ ырысы арта түсуде
2016 жылғы 28 қазан күні өңір басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Онда әлеуметтік-экономикалық дамудың тоғыз айлық қорытындысы және жыл аяғына дейінгі міндеттер қаралды.
Өзінің кіріспе сөзінде өңір басшысы облысымыздың әлеуметтік экономика саласын бірқатар негізгі көрсеткіштердің орындалуымен байланысты тұрақты деп сипаттама берді.
– Өздеріңіз білетіндей еліміздің басшылығы алдымызға қойған дағдарысқа қарсы шаралар жоспарында биылғы жыл өте белсенді өтуде. Қосымша қаражаттар бөлінуде. Нысандар салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау бойынша барлық ресурстар іске қосылуда. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында бірқатар шаралар жүзеге асуда. Астық жинау науқанында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Облыс тарихында бірінші рет рекордтық өнім жиналды, 1 миллион тоннадан астам дәнді дақыл ел қамбасына құйылды. Соған орай диқандарымызға зор алғыс айтқымыз келеді, – деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі тұрған мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша жалпы алғанда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық саласындағы көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Өткен кезең ішінде өнеркәсіп, оның ішінде қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы және транспорт саласы облыс экономикасының өсуіне үлкен үлес қосты.
Өңірлік жалпы өнім 1 трлн. 595 млрд.теңгені құрады. Өнеркәсіптің өсуі 5,2% қамтамасыз етілді (бірінші орын), оның ішінде қайта өңдеу саласында – 8,7%, ауыл шаруашылығында – 4,8% (сегізінші орын), транспорт саласында – 2% болды. Қайта өңдеу саласында машина жасау көлемі – 81%, қара металлургияда – 9,6%, түсті металлургияда – 2,6%, фармацевтикада – 12%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өсімдік шаруашылығы өнімінің өсуіне байланысты (52%) 4,8% артты.
Мал шаруашылығы өнімі 42%-ға өсті.
Негізгі қорға 214,7 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен төмен болғанымен электрмен және сумен қамтамасыз ету, қаржы және сақтандыру қызметінде, жылжымайтын мүлік саласында, денсаулық және әлеуметтік қызмет көрсету саласында инвестиция тарту өсіп отыр.
Құрылыс саласында 105,6 млрд.теңге игерілді, бұл 87,3% (республикада жетінші орын). Тұрғын үй құрылысына 28,8 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылғыдан 6% артық. 271,7 шаршы метр алаң пайдалануға берілді, бұл өткен жылғыдан 9% көп. Екі мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады.
Баяндамашы сондай-ақ инфляция көрсеткішінің өңіріміз бойынша төмендегенін баса айтты. Мәселен, тамыз айында да, қыркүйек айында да бұл көрсеткіш 0,1% кеміген. Азық-түліктік емес тауарлар құнының өсуі байқалды (қыркүйек). Азық-түліктік тауарлар және ақылы қызмет көрсету – 4,7 пайызға артты. Жалпы, инфляция көрсеткіші бойынша республикада төртінші орындамыз.
10207 жаңа жұмыс орыны ашылды. Жалақы 11,7%-ға өсті (ағымдағы жылдың екінші тоқсанында 126 мың теңгені құрады).
Білім саласында оң өзгерістер бар. Жаңа оқу жылында үш мектеп пайдалануға берілді. Мектеп жасына дейінгі мекемелер саны өсе түсуде. Жыл басынан бері Қарағанды және Теміртау қалаларында 210 орынды балабақшалар іске қосылды. Жыл аяғына дейін тағы да 10 жеке балабақша қатарға қосылады деп күтілуде.
Денсаулық саласында аналар мен сәбилердің шетінеуі 24% төмендеген.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы барған сайын жақсара түсуде. 200 орынды көп салалы балалар ауруханасының құрылысы жалғасуда. Облысымыз бойынша 3 млрд. теңгенің құрал-жабдықтары алынды.
Отырыс соңында өңір басшысы басталған істі аяғына дейін жеткізу, жылды лайықты аяқтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Әсіресе, жаңа жұмыс орнын ашу, жұмыссыздарды қоғамдық еңбекке орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударуды ұсынды.
Төрехан МАЙБАС