Аймақта «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы өтті
Қарағандыда «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы өтті.

Аталған іс-шара облыс прокуратурасы жанындағы Жобалық кеңсенің жүйелі жұмысының бір бөлігі. Оның аясында өңір тұрғындары үшін тұрақты негізде тақырыптық кездесулер, дәрістер және профилактикалық акциялар ұйымдастырылып келеді.

Акцияға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, Jastar Ruhy жастар ұйымының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер қатысты. Акция аясында облыстың бірқатар басқармаларының қызметі таныстырылды. Атап айтқанда, құрылыс және сәулет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ денсаулық сақтау салалары қамтылды.

Іс-шара барысында көшпелі форматтағы танысу жұмыстарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар резеңке-техникалық бұйымдар өндіретін «Polymet Solution Corporation» ЖШС зауытында, «TEEZ» электрондық маркетплейсінің қоймаларында, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ қойма кешенінде болып, мектеп құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды аралады, сондай-ақ Мемлекеттік архив ғимаратының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Сонымен қатар қалалық Карьерлік орталықтың жұмысы көрсетіліп, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар қатысушыларымен тікелей кездесулер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, поликлиникалар мен жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы таныстырылып, халыққа қызмет көрсету тетіктері көрсетілді.

Қоғам өкілдері іс-шараның ашық форматта өтуі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін тереңірек түсінуге мүмкіндік бергенін, азаматтардың сенімін арттырып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтауға қоғамның белсенді қатысуына ықпал еткенін атап өтті.
Жәлел Шалқар
“Ortalyq Qazaqstan”


