Аймақта шектеу шаралары енгізілуі мүмкін
11–19 наурыз аралығында Қарағанды облысының аумағында қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде екі жақты командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.
Жауынгерлік дайындық іс-шаралары барысында Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстарының аумағында қарулы күштер мен құралдардың қозғалысы жүзеге асады. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау мақсатында бөлімшелер полигондарға теміржол, әуе және автомобиль көлігі арқылы аралас тәсілмен марш жасайды. Кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады.
Қорғаныс министрлігі аталған кезеңде өңірдің жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін хабарлайды.
Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан оқу-жаттығуларға түсіністікпен қарауды және тыныштық сақтауды сұрайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді өтінеді.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамада жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz