Аймақта Республика күні қалай тойланады?
25 қазан – Республика күніне Қарағанды облысында 300-ден астам түрлі қайырымдылық, мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шаралар жоспарланған. Тұрғындар үшін маңызды нысандар ашылады, кезекте тұрғандарға пәтер кілті тапсырылады.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов өңірде Республика күнін қалай атап өтетіні туралы аппараттық кеңесте айтып берді.
– 16–31 қазан аралығында кітапханаларда, мұражайларда, театрларда, концерт залдарында, мәдениет үйлерінде және ауылдық клубтарда мерекелік концерттер, спектакльдер көрсетілімдері, фестивальдар, конкурстар, кездесулер, ойын-сауық бағдарламалары, кітап көрмелері, балалар мен жастарға арналған патриоттық сабақтар өтеді. Облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарының ұжымдарында өндіріс озаттарын құрметтеу бойынша салтанатты рәсімдер жоспарланған, – деді ол.
Приозерск, Ақтоғай, Бұқар жырау және Нұра аудандарында кезекте тұрған қырық отбасына пәтер кілттері табысталады. Ақтоғай ауданында спорт және балалар алаңдары, Абай ауданында ДСК ашылады.
Облыс бойынша қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Республика күнімен ардагерлерді, көпбалалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын құттықтайды.
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, 42 720 адам қамтылады. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін сыйлықтар мен азық-түлік себеттерін беру жоспарланған.
“Таза Қазақстан. Таза табиғат” және “Таза Қазақстан – Таза аймақ” акциялары барысында аулалардың, көшелердің, саябақтардың, су айдындарының аумақтарын тазалау, ағаш егу ұйымдастырылады. “Үздік аула” байқауы өтеді.
Қалалар мен аудандарда салтанатты жиындар өтеді.
Республика күні сағат 11:00-де қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында еліміздің Әнұраны орындалып, мемлекеттік ту көтеріледі.
Облыс орталығында жоспарланған іс-шаралар туралы Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов айтып берді.
– Республика күніне орай Сарыарқа көшесінің бойында “Алаш” аллеясы мен “Өлкентану” кітапханасы ашылады. 24 қазанда “Молодежный” МҮ-де концерттік бағдарлама өтеді, онда Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағы беріледі, – дейді Мейрам Мұратұлы.
Жиырма бесінші қазанда Жаңа Майқұдық МҮ және Теміржолшылар МҮ концерттері өтеді.
Барлық этнос өкілдерінің арасында “Шырақ” оқыту орталығы Жаңа Майқұдық МҮ-де “Өнерліге өріс кең” шығармашылық отбасылық байқауын ұйымдастырады.
Ten Qogam орталығы мүгедектігі бар адамдарға арналған “Менің елім” мерекелік іс-шараларын өткізеді.
Аға буын өкілдері үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы музыкалық кездесулер, спорттық ойындар мен поэтикалық кештер ұйымдастырады.
– Республика күнін мерекелеуге санаулы күндер қалды. Бұл еліміздің басты ұлттық мерекелерінің бірі. Әріптестер, сіздердің назарларыңызды барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуы керектігіне аударамын, – деді облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА