АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта орман қорын дамыту үшін ауқымды жұмыстар басталды

Қарағанды облысында орман қорын қалпына келтіру және дамыту мақсатында көктемгі көшет егу жұмыстары басталып кетті. Шахтинскіде 10 гектар аумаққа 44 мыңнан астам қарағай көшеті отырғызылуда. Жалпы, өңірде 440 гектар жерді көгалдандырып, 2 миллионға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарда бар.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көшет егу жұмыстарымен танысып, пайдаланылатын материалдар мен жұмыс барысын бақылап қайтты. Сонымен қатар, аймақ басшысы Новодолинка ауылындағы орман тәлімбағына барып, оның инфрақұрылымының дамуымен танысты. Мұнда қызметкерлерге арналған жаңа ғимарат салынды, техника паркі жаңартылды. 80 гектардан астам аумақта орманды дамыту үшін көшет материалы өсірілуде. Тәлімбақта ағаш тұқымдарын сақтау үшін арнайы жабдықталған орман тұқымы станциясы жұмыс істейді.

Биыл алғаш рет қайың, долана және итмұрын тұқымдары себілді. Көшеттердің өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін екі түрлі жабынды материал — арнайы маттар мен агроспан қолданылып, олардың тиімділігі салыстырылып жатыр. Өсірілген көшеттер кейін облыс аумағында егіледі.

— Мемлекет басшысының ел бойынша екі миллиард ағаш отырғызу тапсырмасын орындау үшін бізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 440 гектар жерге 1,9 миллион көшет егу көзделген. Бұл қатарда үйеңкі, шегіршін және қарағай бар. Жұмыстар Шахтинскіде басталды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының Кирзавод ауданында 10 гектар аумаққа 44 440 қарағай көшетін отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Теміртауда үйеңкі мен қарағаш егу жоспарланған, – деді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Қарағанды қаласында Пришахтинск орманы да абаттандырылуда. Бұл орман қала тұрғындарының серуендеу және демалу орнына айналмақ. Демалушылар үшін үстелдер, орындықтар, самалжайлар орнатылады. Сонымен қатар, демалыс аймағын дамыту жоспарланып отыр. Табиғат аясында тынығатын тұрғындардан орманның тазалығы мен тәртібін сақтау сұралды.

Қарағанды облысындағы бұл бастама өңір экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы табиғи аймақтардың санын арттыруға да мүмкіндік береді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button