Аймақта «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының нәтижесі айтылды
Қарағанды қаласында «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асқан «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасының нәтижесі айтылды. Аталған жоба аясында шағын және орта бизнес нысандарында тіл және жарнама туралы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілді.

Жоба шеңберінде жұмыс тобының мүшелері мен волонтерлер кәсіпкерлермен тұрақты кездесулер өткізіп, көрнекі ақпарат пен жарнаманы заң талаптарына сәйкестендіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ағымдағы жылы бұл жұмыстармен 3530 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қамтылды. Сонымен қатар Call-center қызметі арқылы 1000-нан астам жарнама және көрнекі ақпарат мәтіні тексеріліп, тегін әрі сауатты аударма ұсынылды.

Дөңгелек үстел барысында жұмыс тобының мүшесі, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Бақытұлы тіл заңнамасын сақтау талаптарына тоқталды.
– Жалпы тіл заңнамасын сақтау – баршаға ортақ міндет. Бізге жүктелген негізгі міндет – сауда орындарындағы жарнама тілдерін біріздендіру болды. ҚР “Тіл туралы” заңының 21-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат алдымен мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа да тілдерде орналастырылуы тиіс. Сонымен қатар мәтіндердің орналасу тәртібі де нақты белгіленген: мемлекеттік тілдегі мәтін сол жақта немесе жоғарыда, орыс тіліндегі мәтін оң жақта немесе төменгі бөлікте берілуі керек. Екі тілдегі мәтіннің өлшемі бірдей болуы шарт, – деді ол.
Сондай-ақ жиында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы атқарылған жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі жүргізілгенін атап өтті.

– Біз бір жыл бойы бірнеше рет кездесіп, барлық өңірлерге шықтық. Сол кездесулер барысында “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” заң талаптарын, соның ішінде хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, мәзірлер, көрсеткіштер және өзге де визуалды ақпараттың қалай дұрыс орналастырылуы керектігін түсіндірдік. Бүгінде тұтынушылар өте сауатты, олар қызмет көрсетудің сапасына да, тілдік талаптардың сақталуына да мән береді. Қуантарлығы – кәсіпкерлер бұл талаптарды түсіністікпен қабылдап, орындауға дайын, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, жыл ішінде даулы немесе жанжалды жағдайлар тіркелмеген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүйелі түрде жалғасатын болады.

Жиын соңында мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттың сауатты рәсімделуіне үлес қосып жүрген жарнама агенттіктерінің өкілдеріне, тіл жанашырларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне алғыс хаттар табысталды.
Жамал АКПАРОВА