Аймақта экономика саласы қарқынды дамуда
Биылғы жыл Қарағанды өңірі үшін экономикалық тұрғыдан жемісті жыл болды. 1млн. 300 тоннадан астам астық жиналып, рекордтық көлемге жетті. Одан бөлек, жұмыссыздық мәселесі де 4,1 пайызға азайған. Осы және басқа да мәселелер бойынша облыс әкімі «Saryarqa» телеарнасының тікелей эфирінде өткен әкім сағатында айтып берді.
Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдегі өзекті мәселелерге де тоқталды.
– Жыл аяқталып қалды. Бірақ, қазірдің өзінде экономика саласында ішкі көрсеткіштерге сүйенсек, оң серпін байқалады. Жұмыссыздық мәселесі де азайған. Республика бойынша ең төменгі 4,1 пайыз көрсеткішпен келеміз. Ал, өндіріс жағына тоқталсам, Қарағандыдағы ең ірі өндіріс орыны – «Qarmet» АҚ. Қазіргі уақытта аталған компанияның жағдайы жақсарып келеді. Балқаш пен Қарқаралыдағы «Қазақмыс» кәсіпорынының да жұмыс сапасы оңалып келеді. Ал, бұның бәріне түрткі болып отырған – салық. Яғни, бизнес жағынан келер болсақ, салық мөлшері көбейген. Сол себепті де жағдай жақсарып келеді. Бірақ, екінші жағынан да алаңдататын мәселелер жоқ емес. Оны біз де, сіздер де білесіздер. Баға және тариф мәселесі. Осы мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Ермағанбет Қабдуллаұлы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы қоймадағы астықты халыққа тиімді бағамен жеткізу жайына да тоқталды.
– Астықты халыққа тиімді бағамен ұсыну үшін мәселелерді шешу қажет. Ең бастысы шаруа қожалық иелеріне көмек керек. Қазір бидайдың бағасы да арзан емес. Шаруа қожалық иелеріне көмек көрсету үшін арнайы жобаларымыз бар – деді өңір басшысы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz