Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақта биыл 450 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен аппарат жиналысында 2024 жылға арналған тұрғын үй құрылысы туралы айтты. Басқарма басшысының мәліметінше биыл облыста барлығы 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. 3 442 пәтерлік тұрғын үйлерге қаржы әртүрлі көздерден қарастырылған. Олардың көпшілігіне кезекте тұрған қарағандылықтар өтініш бере алады, өйткені жаңа баспананың 78 пайызы облыс орталығында бой көтермек.

Сурет: “Satti Lux Stroy” құрылыс компаниясынан

– Тұрғын үй құрылысы бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға 2024 жылға бюджеттен 8,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақша дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға жұмсалады. Несиелік тұрғын үй құрылысы 3,9 млрд теңгені құрайды (сегіз жобаны жүзеге асыру), тұрғын үйлерге желі тартуға 700 млн теңге қарастырылған, – деді Мұрат Мағзин.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі кезекте тұрғандарды жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірлеуде. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кезекте тұрғандар үшін дайын тұрғын үй сатып алуға қосымша қаражат бөлу жоспарлануда.

– 13,6 млрд теңгеге қосымша бюджеттік өтінім берілді. Бұл ақшаға 1012 пәтер алу жоспарлануда. 2024 жылы несиелік тұрғын үй құрылысының 8 жобасын іске асыру жалғасады. 459 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Кезекте тұрғандарға сату «Отбасы банкі» арқылы бастапқы жарнамен жүзеге асырылады. Үш жаңа жобаны жүзеге асыру биыл басталады, оған 700 млн теңге бөлінген. Конкурстық рәсімдер жүргізіліп, мердігерлер анықталды. Бұл қаржы Қарқаралыдан үш жобаны аяқтауға, Ақсу-Аюлыдағы инженерлік желілерді реттеуге, Сарандағы тұрғын үйді қалпына келтіруге, Осакаровкадан екі үй салуға, Шахан мен Шахтинскідегі бос тұрған үйді қалпына келтіруге қажет, – дейді Мұрат Мағзин.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button