Аймақта ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау конференциясы өтті
Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің X есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Алқалы жиында ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды. Басқосуда қоғамдағы ардагерлердің рөлі, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.

Алқалы жиында ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков сөз алып, ардагерлердің ел бірлігін сақтаудағы, жастар тәрбиесіндегі және қоғамдық санаға ықпал етудегі айрықша рөліне тоқталды.
– Бүгінгі қоғамға ең керегі – сіздердің тәжірибелеріңіз бен байыпты көзқарастарыңыз. Қазір күрес жер үшін ғана емес, сана үшін жүріп жатыр. Осындай кезде заң да, бағдарлама да керек, бірақ одан да маңыздысы – ел сенетін сөз. Ол сөз, сөзсіз, аға буын жағында, – деді Ораз Қайсаұлы.
Жиында негізгі есепті баяндаманы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов жасады. Баяндамада есепті кезеңдегі ұйым жұмысы жан-жақты қамтылып, ардагерлер қозғалысының өңір өміріндегі нақты орны көрсетілді.
Ғабит Тұяқовтың айтуынша, облыстық ардагерлер кеңесі есепті мерзімде бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізген. Осы кезеңде кеңестің 5 пленумы, 20 президиум отырысы өтіп, онда 100-ге жуық мәселе қаралған. Бұл жиындарда республика ардагерлерінің VIII съезі шешімдерін іске асыру, ұйымның 35 жылдығына арналған шаралар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты қарсы алу, сондай-ақ ұйымдық мәселелерді жетілдіру тәрізді маңызды бағыттар талқыланған.
Баяндаманың өзегінде ардагерлер ұйымының қоғамдағы рухани миссиясы кеңінен ашылды. Төраға ардагерлерді елдің рухани діңгегі, жас ұрпақ үшін өмір мектебі деп бағалады.
– Ардагерлер – өткеннің сарқыншағы емес, ар-ожданның үні. Олар – мол тәжірибе жинақтаған тұлға әрі сол тәжірибені жас буынның бойына сіңіретін тәрбиеші, – деген мазмұндағы ой баяндаманың басты арқауына айналды.
Есепті баяндамада облыстағы ардагерлер ұйымдарының құрылымы мен ауқымы да нақтыланды. Қазіргі уақытта өңірде 6 қалалық және 9 аудандық ардагерлер ұйымы бар. Олардың құрамында 180 мыңнан астам зейнеткер есепте тұр. Бұл құрылым 140-тан астам бастауыш ардагерлер ұйымын біріктіріп отыр.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің келесі нөмірінен оқисыздар.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz





