Аймақта прокуратура органы жұмысының қорытындысы шығарылды
Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтың төрағалығымен жедел кеңес өтіп, онда ағымдағы жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер белгіленді.
Қарағанды облысының прокуратурасының мәліметінше жұмысқа облыс прокуратурасының басшылығы, жеке құрам және қала, аудан прокурорлары қатысқан.
Отырысты ашқан облыс прокуроры өткен кезеңде су тасқыны қаупінің алдын алу шараларын қабылдауға, құқық қорғау жүйесіне қылмыстық-құқықтық реформаларды енгізуге, азаптаулардың алдын алуға, қылмысқа қарсы күреске, сондай-ақ азаматтардың проблемаларын тиімді шешу үшін қадағалауды күшейтуге ерекше назар аударылғанын атап өтті. Атқарылған жұмыстар бойынша облыс прокуратурасының басқарма басшылары есеп берді. Мемлекет басшысының азаптауларға, балаларға қатысты сексуалдық қылмыстарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, есірткі бизнесіне, алаяқтыққа қарсы күрес, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы туралы тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды. Сөз соңында облыс прокуроры алдағы кезеңнің негізгі міндеттеріне тоқталып, қылмыспен күресу, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін, қоғам сенімін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ