Бас тақырыпБілім

Аймақта 6 496 түлек ҰБТ тапсырады

Оқу жылы аяқталуға жақын. Соңғы төртінші тоқсан басталып та кетті. Биыл облыста 9-сыныпты 15 616 оқушы және 11-сыныпты 7 462 түлек бітіреді. Сонымен қатар «Алтын белгі» төсбелгісіне 11-сыныптың 144 түлегі үміткер. Бүгін Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҰБТ туралы айтып берді.

Сурет: облыстық өңірлік коммуникациялар алаңының баспасөз қызметі

– Кезекті тестілеу 16 мамырда басталып, 5 маусымға дейін (қоса алғанда) жалғасады, оның нәтижелері білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға, сондай-ақ ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді. 28 сәуірден 14 мамырға дейін өтініштерді қабылдау Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жүргізіледі. ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың түлектері, сондай-ақ колледж түлектері қатыса алады. ҰБТ рәсімі прокторинг және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіле отырып, электронды форматта өтеді, – деді басқарма басшысы.

Биыл облыста ҰБТ 4 пункт базасында, оның ішінде 3 ЖОО базасында тапсырылатын болады. Олар: Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті – 3022 адам, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық университеті – 2188, Қарағанды индустриялық университеті (Теміртау қ.) – 800 адам және бір колледж базасында Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі – 486 түлек тест тапсыратын болады.

Сондай-ақ өтініш берген кезде талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдайды.
ҰБТ тапсырылатын пәндердің саны өзгеріссіз қалады – үшеуі міндетті, екеуі таңдау бойынша. Дегенмен, «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндері бойынша тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Бейіндік пәндер бойынша сұрақтар саны 40-қа дейін артады. Бейіндік пәндерде тізімнен таңдауға сәйкестікке 5 тапсырма қосылатынын атап өткен жөн.

Осылайша, биылғы ҰБТ тапсырмаларының саны өзгеріссіз қалады. «Қазақстан тарихы» пәнінен 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» пәнінен 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылық» пәнінен 10 тапсырма және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырма. Ұпайлардың максималды саны да өзгеріссіз қалады – 140 балл.
Тестілеу уақыты – 4 сағат немесе 240 минут. Бұл жерде айта кететін жайт, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт бөлінеді.

Көру қабілеті бұзылған балалар үшін суреттер, диаграммалар, карталар, диаграммалар жетіспейтін тестілердің жеке нұсқалары ұсынылған.

Шығармашылық мамандықтарға түсуге ниет білдірген талапкерлер тек екі пәнді тапсырады: «Қазақстан тарихы» (20 тапсырма, шекті балл – 5) және «Оқу сауаттылығы» (10 тапсырма, шекті балл – 3). Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандардың өзі жоғары оқу орындарында өтеді.

Бұл шешім талапкерлердің өз қалаулары негізінде де, тиісті ведомстволардың сараптамалық пікірі негізінде де қабылданды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button