Аймақ дамуының көрсеткіші
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 2017 жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиадаға дайындық, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүргізілуі, трансұлттық компаниялар мен инвестиция тарту төңірегінде ауқымды төрт мәселе талқыланды.
56 елдің спортшылары қатысуға ниет білдірген 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға өңір дайындығы туралы облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова мәлімет берді. Оның айтуынша, басты Универсиада алауы жағылмас бұрын, еліміздің барлық облыс орталықтарында эстафетаның өз кезеңі өткізіліп, алаудың жағылу рәсімі жасалады. Ал, біздің аймағымызда алау эстафетасы 26 қаңтарда өтпек. Соған орай, облыс әкімінің басшылығымен басқарма іргесінде эстафетаны өткізу жөніндегі аймақтық штаб құрылған. Аймақтық кезеңде Теміртау мен Қарағанды қалалары арасында алау алып жүруге 60 студент қатыстырылмақ. Аталған студенттер 1 желтоқсанға дейін іріктеледі. Ал, ҚР Ұлттық құрамасы сапында қысқы спорттың 5 түрінен 14 жерлесіміз өнер көрсетеді деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин баяндама жасады. Облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму аясында қол қойылған үш жақты іс-шаралар жоспарына сәйкес, аймақта 15 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алынуда. Олар өз кезегінде 16 сүт қабылдау пунктерін, 3 мал сою және 282 отбасылық мал бордақылау алаңдарын біріктіреді. Сонымен бірге, 9 сүт тасу көлігін, 15 рефрижератор, 11 ұсақтау қондырғысын алу және 13 мал сою пунктін жабдықтау көзделуде.
Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүргізілуі туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, трансұлттық компаниялар мен инвестиция тарту төңірегінде облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Төлеген Игембаев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Рауан ҚАБИДОЛДИН