Ресми

Аймақ болашағы бүгіннен басталады

Экономиканы әртараптандыру. Инвест жобалардың іске асырылуын барынша сапалы қылу. Бұл арада тұрғындарға жаңа жұмыс көзін тауып, еңбекпен қамтылуы басты межелердің бірінен деп атап өтті өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кезекті аппарат жиыны барысында.

Сурет облыстық әкімдік сайтыннан алынды

– 2023 жылы өнеркәсіп көлемі 3,5 трлн. теңгені құрады. Негізгі капиталға 2022 жылғы деңгейге қарағанда 12,2% өсіммен 854,3 млрд. теңге инвестиция салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 39 пайызға өсті. 422,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева сөз алып.

Көлік саласында ішкі сауда көлемінің өсуі аңғарылды. Өндіріс саласындағы инвестиция көзін табу тұрғысында облыстық өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр баяндады. Спикердің сөзінше, биыл 3,7 трлн.теңгелік өнім өндіру жоспарланған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға жоғары көрсеткіш. Өңдеу өнеркәсібінде де 2,5 пайыздық өсім күтіледі. Бұл дегеніміз – 2,8 трлн.теңге. Қара металлургия саласындағы жетістік 5 пайызды құрамақ. Машина жасау – 5, түсті металлургия 2,5 пайызға өркендемек.

– Құрылыс саласы да екі пайыздық өл­шеммен қарқын алмақ. Инвестицияға ке­летін болсақ, биыл негізгі капиталға 910 млрд.-тан төмен емес сомаға қаражат тарту межесі көзделді. Бұл – 1,5 пайыздық өсімді құрайды. Жүйе құраушы өндіріс ошақтарының модернизация бағдарламаларын іске асыру аясында түрлі 10 инвест-жоба қолға алынбақ, – деді Дарын Бейбітұлы.

Міндет – тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеу. Жаңа құрылыс­тарды жылу қуатымен қамтамасыз ету үшін облыс орталығында үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, нысан биыл қолданысқа тапсырылады.

Ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін және өңірдің тұрақты бұл бағыттағы дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Саланы дамытудағы сәтті қадамдарға қарамастан, аймақ климаттың өзгеруі, әлемдік нарықтардағы бәсекелестік сияқты мәселелер кешенімен бетпе-бет келіп отыр. Салалық басқарма басшысы Саят Мусин ет өндіруді ірі кәсіпорындар сұранысын қанағаттандыру арқылы жыл соңына дейін ұлғайтылатынын хабарлады. «Ақнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерімен бірлесіп, құс етін өндіруде бір мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр.

– Бидай, арпа және сұлы сияқты дәнді дақылдар ауыл шаруашылық өндірісі құрылымында маңызды рөл атқарады. Заманауи технологияларды, соның ішінде ауыл шаруашылық техникасын және егудің заманауи әдістерін қолдану өнімділік пен өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етеді,– деп сендірді Саят Қабиденұлы.

Энергетика. 2027 жылға дейін жұмыс істеп тұрған жылу электр орталығында үш жаңа қазандық пен бес турбина салу жоспарлануда. Сондай-ақ, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту міндеті кезең-кезеңімен шешілуде. Жабдықтардың тозуын азайту және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру шаралары туралы аппараттық кеңесте баяндалды.

– Облыста жеті энергия көзі жұмыс істейді. Олардың негізгі жабдықтары орта есеппен 70 пайызға тозған. 2027 жылға дейін төрт станцияда: Қарағанды ЖЭО-3, «Qarmet» АҚ ЖЭО-2, Топар ГРЭС және Балқаш ЖЭО – үш қазандық пен бес турбинаны іске қосу жоспарланған. Бұл жылу энергиясының қуатын 430 сағ/Гкал, электр энергиясының қуатын 310 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.

Сонымен қатар, облыста «жасыл» энер­гетика өрісі кеңейіп келеді. Қазір жалпы қуаты 232 МВт болатын жеті ЖЭК қондырғысы жұмыс істейді: бес күн электр станциясы, биогаз қондырғысы және шағын ГЭС. 2023 жылы 383,6 млн. кВт/сағ немесе облыстың жалпы электр энергиясын өндірудің 2,7 пайызы өндірілді. Болашақта тағы алты жоба жоспарланған. Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны жайлы Қарағанды және Теміртау әкімдері де қоса баяндады. Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, облыс орталығында жұмыс істеп тұрған қосалқы станцияларды жаңғырту әрі жаңаларын салу әлі де жалғасады. 2028 жылға жоспарланған ЖЭО-3-те жаңа энергия блогының құрылысы қосымша қуат береді. Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков қаланың электр желілерінің проблемалық учаскелері бойынша алты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын хабарлады.

Өз кезегінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев энергетикалық инфра­құ­рылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, иесіз желілерді балансқа қабылдау бойынша жол картасын әзірлеу қажеттігін қаперге салды. Өйткені, жиын барысында қабылданар шешімдер мен стратегиялар өңір өмірінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, бастысы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әлбетте, жалпы да жалқы мақсаттарға жету үшін биліктің, бизнестің және қоғамның өзара әрекеттесуінің маңыздылығы атап көрсетерлік. Шешім қабылдаудағы ашықтық пен жауапкершілік гүлденген және теңдестірілген игі қоғам құруға негіз болады дерліктей.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button