Басты тақырып

Аймақ басшысы кеншілердің отбасына көңіл айтты

Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында қаза болған кеншілердің отбасыларына барды.

Аймақ басшысы метан газы кенеттен бөлініп, өмірлері қиылған кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

– Бұл – ортақ қайғы. Тас түскен жеріне ауыр. Біз сіздерге жақындарыңызды қайтарып бере алмаймыз, бірақ қолымыздан келген барлық көмегімізді жасаймыз. Сіздер жалғыз емессіздер, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі қаза болған кеншілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетті.

«АрселорМиттал Теміртаудың» басшысы Парамжит Калон облыс әкімі мен опат болғандардың жақындарын компания ұжымдық шарттың барлық міндеттерін орындайтынына сендірді. Сонымен бірге, компания басшылығы қосымша көмек көрсету үшін асыраушысынан айрылған әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын анықтауға уәде етті.

Опат болған кеншілер бір учаскеде жұмыс істеген, әрқайсысының компаниядағы еңбек өтілі он жылдан астам. Қаза болғандардың ең үлкен жасы 37-де, оның әріптестерінің бірі – 34-те, екіншісі 31-де болатын. Олардың соңында мектеп жасындағы және мектепке дейінгі балалары қалды.

Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында 31 тамызда кенеттен метан газының бөлінуінен апат орын алып, үш адам қаза болды. Шахта жұмысы тоқтап, апат салдарын жою жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдай жер астында 614 метр тереңдікте орын алды. Шахта басшысының айтуынша, қазба забойы былтыр іске қосылған. Бұрын метан газы концентрациясының артуы туралы ешқандай қауіп белгісі болмаған.

Төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы мемлекеттік қомиссия құрылды. Шахтинск ІІБ адам өліміне апарған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button