Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақ басшысы дарынды оқушыларды марапаттады

Биыл қарағандылық оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада үздік атанды. Командалық есепте де екі бағыт бойынша екінші және үшінші орындар иеленді. Ал халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, чемпионаттар мен шығармашылық байқауларда өңір оқушылары барлығы 182 медаль жеңіп алды.

Суреттер: әкімдік сайтынан

Дарынды оқушылармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесті. Аймақ басшысы баршаға жоғары жетістіктері үшін алғыс айтып, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар тапсырды.

–  Бұл залда біздің облыс пен ел болашағының жарқын тұлғалары жиналып отыр. Біздің ең басты міндетіміз – сіздерге сапалы білім беру. Қазір мүмкіндіктер өте зор, бірақ жетістіктің басты факторлары – бұл сіздердің еңбектеріңіз бен тәртіптеріңіз. Сіздер біздің облысымызды ұлықтап келесіздер. Биылғы нәтижелер тамаша. Әрине, мұнда біздің педагогтардың еңбегі де, олардың кәсібилігі де үлкен рөл атқарды. Баршаңызды құттықтаймын және үздік білімдеріңізді көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді! Сіздерге сенеміз, әрқайсыңыздың әлеуетіңіз орасан, – деді Ермағанбет Бөлекпаев кездесуде.

Мысалы, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың түлегі Әлішер Қазтаев математика, физика, информатика пәндерінен О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиаданың жеңімпазы, информатикадан Еуразия олимпиадасының күміс жүлдегері және жалпы білім беру пәндерінен республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері. Ол өз болашағын ІТ-саласынан көреді және жетістіктерінің арқасында бірнеше жетекші қазақстандық университеттерге гранттар жеңіп алды.

1 «Білім-инновация» лицей-интернатының түлегі Санжар Қалиақбар Бразилиядағы Менделеев халықаралық олимпиадасында табысты өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды.

  Мен Қазақстанды халықаралық аренада лайықты көрсете алғаныма қуаныштымын. КАІST университетінде (Корей озық технологиялар институты) электр инженериясы бағыты бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мен таңдаған жол тек кәсіби тұрғыда жүзеге асуыма ғана емес, сонымен қатар өз еліме пайдалы болуыма да мүмкіндік береді деп сенемін. Мектеп бітірмегендерге жақсы оқып, өз мақсаттарына ұмтылыңыздар деп тілегім келеді, өйткені қазіргі заманда білім мен дағды жарқын болашаққа жол ашады, – деді дарынды жасөспірім.

Кездесуде «Astana-Merey» ХХ Халықаралық орындаушылар байқауының жеңімпазы Аңсар Исабеков әркімге ең болмағанда бір музыкалық аспапта ойнауды үйренуге кеңес берді.

– Мен бала кезімнен кәсіби музыкант болуды армандадым. Ата-анам маған фортепиано сатып алды. Музыкамен күніне бірнеше сағат айналысамын. Бұл өз нәтижесін берді. Болашақта халықаралық сахнада өнер көрсетіп, мәдениетімізді насихаттап, елімізді лайықты түрде танытқым келеді,- деді жас талант.

Педагогтар да назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ләззат Итжанованы марапаттады. Ол 30 жыл бойы балаларға математика пәнін оқытып келеді және осы жылдар ішінде қаншама дарынды оқушыларды тәрбиелеген.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button