Руханият

Аймақ ажары: мүсіндер мен кескіндер

«Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазіргі күні көмір мен мыстың, егін мен еттің орталығына айналған Қарағанды облысы ықылым заманнан бері өнердің бесігі, мәдениеттің мәйегі болғанын жақсы білеміз. Сондықтан, тағдыры мен тарихы, руханияты мен мәдениеті қатар өрбіген өлкеде азаматтық нысандылық, мүсіндік сомдау өнерінің игі дәстүрлерін игеру, елуінші, алпысыншы жылдары Қарағанды суретшілер шығармашылығының басты мұратына айналды. Олардың туындыларын көшелер мен даңғылдар, алаңдар мен гүл бақтарының кеңістігінде тұлғаның жарасымды, келісті пішінделуіне, мәнділігіне қарай жазбай тануға болады.

Соңғы жылдарды Қарағанды қаласының көркеюіне байланысты ескерткіштердің символдық мәні көп жағдайларда мүсін мен сәулет формаларының өзара белсенді байланысы, сәндік бастаудың, көркем тұлғалық пен шығармашылықтың ұштасуы арқылы байқалады. Алып ауқымды қала құрылысы, халық әл-ауқатының артуы, өскелең рухани талаптар, жастарға идеялық және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі жұмыстар ұлттық бейнелеу өнерін өрге бастыруға, оның осы тіршілік кезеңінің талаптарын қажет ететін көркемдік түрлерінің тууына пәрменді серпін берді. Түрлі шығармашылық көркемдік құралдарды жандандыру көкейкесті мәселеге айналып, өнердің қоршаған ортада өзгеше эстетикалық әсер қалыптастыратын тәсілдері: мүсін бедерлері, сұңғақтық паннолар, қабырға өрнектері дамыды. Өткен ғасырдың 40-жылдарының аяқ шенінде Қарағандыда суретшілер серіктестігінің (КазИЗО) қалалық бөлімшесі ашылды. Көркемөндіріс шеберханасы ұйымдастырылып (1957 ж.), онда П.Антоненко, П.Андриюк, Р.Есіркеев, П.Реченский, Ю.Гуммель сияқты суретшілер еңбек етті. Қарағандыдағы кейінгі кездегі белгілі суретшілер А.Билык, В.Крылов, А.Бегалин, С.Саносян еңбектері жинастырылып, облыс орталығында Қазақстан Суретшілер одағының облыстық ұйымы құрылды.

60-жылдар – кескіндеме-сызба сурет, мүсін, монументті-бейнелеу өнері жедел дамыған кезең болатын. Қарағанды суретшілерінің шығармалары тақырып, жанр, стильдік бағыт жағынан алуан сипат алды. Монументті мүсін саласында Қарағандыда Н.Әбдіров (1958 ж.), «Шахтер даңқы» (1974 ж.) ескерткіштері, «Мәңгілік алау» (1978 ж.), Қарқаралының (1970 ж.) және Теміртаудың (1974 ж.) жауынгерлеріне арналған мемориалдық ескерткіштер, Абай қаласында Абай (1974 ж.), Егіндібұлақ ауылында Тәттімбет (1984 ж.) ескерткіштері бой көтерді.

Тәуелсіздік жылдары Қарағандының сәулетшілері мен мүсіншілері Астана қаласындағы «Үш би» ескерткішін (1999 ж.), «Отан қорғаушылар» архитектуралық-көркем­дік композициясын (2001 ж.) салуға, Бұқар жырау кесенесін (1993 ж.), Қарағандыда Бұқар жырау (1993), Егіндібұлақта Қаздауысты Қазыбек (1995 ж.) ескерткішін орнатуға атсалысты. Жезқазғанда Қ.Сәтбаевтың (1999 ж.), Балқашта М.Русаковтың ескерткіші, Ұлытауда «Қазақстан мемлекеттігінің тұтастығы мен халықтар бірлігі» монументі (2005 ж.) бой көтерді.

Қарағанды облысында өнер зерттеу саласында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың ұстаздары ерекше орын алады. Сарыарқаның қолданбалы қолөнері мен Қарағанды суретшілері шығармаларының өркендеуіне жүйелі ғылыми пікір айтып, концепция қалыптастырып жүрген кәсіби өнертанушы мамандар, ғалым-зерттеушілер, ғылыми монографиялардың, сыни-шығармашылық басылымдардың, мақалалар мен очерктердің, каталогтар мен буклеттердің авторлары баршылық. Солардың қатарынан профессор, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР СО мүшесі Ж.Балкенов («Халық мұрасындағы ұлттық өрнек және рең», 1994 ж.; «Әдіптеу» 1998 ж.; «Өрнек өнері арқылы болашақ мұғалімдерді көркем шығармашылыққа дайындау», 2001 ж.;); педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР СО, мүшесі Л.Золотарева («Қазақстан бейнелеу өнері», 2000 ж.; «Қала тарихы Қарағанды суретшілерінің шығармашылығында», 2004 ж.; «А.Бегалин шығармасы халықаралық жобада», 2005 ж.; «Мұражайтану», 2006 ж.), философия ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Ж.Резин («Ұлттық өнердегі ұлттық идея», «Қазіргі дизайн және этномәдениет», 2006 ж.), Ж.Қомытов, С.Бодықов («Орталық Қазакстандағы кәсіптік бейнелеу өнері»), ҚР СО және ҚР ДО мүшелері И.Баграмов, А.Кұрымбаев, М.Қалмаханов сынды азаматтарды ерекше атап өтуге болады.

Облыста «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көне ескерткіштерді есепке алу, қорғау, Ұлы Жібек жолы тарихи орталықтарын қалпына келтіру, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және дәстүрін жалғастыру, солардың негізінде туризм инфрақұрылымын құру бағытында кең көлемді жұмыстар жүргізілуде.

/Shuak.kz/

Арқа топырағында кәсіптік бейнелеу өнерін қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілер қалыптастырды. Олардың арасында өлке өнерінің дамуына бірден-бір әсер еткен А.Пушкин атындағы Мәскеу мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайының директоры болған В.Эйферт, графикші Л.Гамбургер, кескіндемешілер П. Фризен, С.Ивашев-Мусатов, Л.Усайтис, неміс суретшісі Г.Фогелер, бүкіләлемдік танымал су бояумен сурет салудың шебері А.Фонвизин, мәскеулік белгілі андерграунд суретші Л.Кропивницкий секілді тұлғалар бар.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button