Қайда апарасың, GPT?
Неден қауіптенсек, содан опық жейтінге ұқсаймыз. «Чат GPT жас буынның жадына, ойлау қабілетіне, интеллектісіне кері әсерін тигізіп жатыр». Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов былтыр Мәжілісте осылай деп дабыл қақты. Қаламгерлер қауымы да біраз дүрлікті. Жазудың мехнатын тартпай, бір батырманы басып-ақ шығарма авторы атанғандар қатары көбейіп келеді дейді.
Магеррам Магеррамовтың ойынша, жас буынның ойлау қабілеті кеміп, қиял көкжиегі тарылып келеді. Депутат білім саласына осы мәселеге қатысты бір шешім қабылдауды ұсынып отыр. Себебі, алдағы он жылда шұғыл шешім қабылдай алмайтын, ойлау қабілеті төмен ұрпақ өсіп шығуы мүмкін деп отыр.
– Қазір балалар чат GPT арқылы романдар мен түрлі әдеби шығармалардың қысқаша мазмұнын оқымай-ақ біле алады. Шығармалар мен эсселерді де оп-оңай көшіреді. Бұл – қауіпті құбылыс. Тапсырманы жасанды интеллект арқылы орындап келсе, мұғалім аңғармай да қалады. Әдебиет пәні – адамның гуманизмін қалыптастыратыны белгілі. Осы пән арқылы бастауыш сынып оқушыларының санасына парасат пен пайымның іргетасын қалауға болады. Анаға, Отанға деген махаббатты үйретеміз. Бұдан бөлек, математикадағы түрлі деңгейдегі теңдеулер мен есептерді де бір батырманы басу арқылы шешеді. Өкінішке қарай, қазіргі балалар чат GPT-дің құдіретіне сеніп алған. Яғни, ойлау қабілеттері төмендеп бара жатыр деуге негіз бар. Бұлай жалғаса берсе, Қазақстанның интеллектуалдық потенциалын жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл процесс – ұзақ уақытқа қосылған қуатты бомба секілді, – деді Магеррам Магеррамов.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ұстазы Шыңғыс Зипатолланың айтуынша, бүгінгі таңда студенттер қауымы дәл осы чат GPT-ді өте белсенді пайдаланады. Тапсырма ретінде берілген белгілі тақырыптағы шығарманы жасанды интеллект арқылы орындау – тиімді екен.
– Қазір студенттер чат GPT-дің мүмкіндіктерін толық игерген. Әлбетте, бұл бір жағынан қарағанда жақсы. Студенттер жаңа технологияларды игергені абзал. Бірақ, әр нәрсенің өз шегі бар. Мұғалімнің, жалпы, білім беру жүйесінің мақсаты айқын. Ол – студенттің жадына мамандығын игеруге қажетті ақпараттарды тоқу. Шәкірт барлығын жадына сақтауы тиіс. Ал, студенттер қазір ойлануды да қойып бара жатқан секілді. Әрине, тапсырманың жылдам орындалғаны жақсы. Алайда, мидың дамуына кері әсерін береді деп ойлаймын, – деді Шыңғыс Зипатолла.
Жазушы Ерзат Ермағанбетов – Қарағандыдағы №97 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Оның да осы тақырыпқа қатысты пікірін білдік.
– Шығармашылыққа бейім балалар мектеп қабырғасынан көріне бастайды. Мұғалімнің міндеті – соларға жол нұсқау. Оқушы шығарманы өзі жазып келді ме, жоқ па, оп-оңай білуге болады. Өйткені, алдыңдағы әр шәкіртіңнің мүмкіндігін білесің. Чат GPT пайда болғалы алдыма келіп түсетін шығармалардың барлығы бір-біріне ұқсайды. Бала қиялының ешқандай да нышаны байқалмайды. Өзі жазып келген шығарманы мазмұндап та бере алмайды. Оларға қандай баға қоярыңды да білмейсің. Орындаған тапсырмасынан қате таппайсың. Ғаламтордан көшірілген дүниені бұрын оп-оңай әшкерелейтін едік. Чат GPT жазып бергенді әшкерелей алмайсың, – дейді ол.
Етті қақтап жегеннен бастап, адам баласының жақ сүйегі мен асқазаны кішірейген дейді ғалымдар. Тылсым һәм күрделі эволюция. Яғни, атқарар қызметі едәуір жеңілдеген. Енді жыл өткен сайын ойдың да қызметі жеңілдеп барады. Біз үшін өзіміз жасаған технология ойлайды.
Әйгілі жазушы Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романында бір қызық оқиға болады. Күндердің бір күнінде Макондо қаласындағы Буэндиа әулетінің соңғы өкілдері заттардың атауын ұмытып қалады. Бір-бірімен тілдесуден қалады…
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»