Айбарша десе Айбарша еді…
Тұрмыстың түзулігінен де. Біз тұрған Ақшатауда көп балалы отбасылар баршылық еді. Біз кеншілер қалашығының Киров деген шеткері өңірінде тұрдық. Өйтетініміз қолымызда азын-аулақ ірілі-ұсақты малымыз бар. Соған орай ешқайсымыз да ақсаусақ болып өспедік. Солардың қағып-бағуы біздің мойнымызда болды. Алайда, сабағымызды ешқашан да ақсатпадық. Бұл жағынан әке-шешеміз қатаң болды. Олар аздайын кейінде Дәулетбек ағамыз шықты. Ол біздің тек бес деген бағамызға қуанушы еді. Ол аздайын қыздарымыздың үлкені Айбарша да ағасына қосылған.
Біз отбасыда он төрт едік. Бір ротамыз деп отыратын әскерге барған ағаларымыз. Осы он төрттің бар тәрбиесі Дәулет ағамыз бен Айбарша апамыздың мойнында болды.
Ел ішінде өсіп-өнген Мақаш әулеті атандық. Бізді де тату-тәтті, ұйымшыл, өнегелі отбасы ретінде елге ұсынды. Біздің әрқайсымыз осы атағымызға қылау түсірмеуге ұмтылдық.
Бәріміз де өстік, ер жеттік. Бәріміз де бір-бір күректей диплом алдық. Мамандықтарымыз бойынша ел игілігін арттыруға атсалыстық. Алайда, бұрынғы дағдымыз қалды.
Ағамыз Дәулет Мақаштың есімі қалың жұртшылыққа мәлім болса керек. Айтулы журналист болды. Белді-белді басылымдарда жұмыс істеді. «Орталығымызға» да бір адамдай еңбегін сіңірді.
Сол ағамыз қайда жүрсек те баршамызға қамқор болды. Бәрімізді қара өгізше сүйреді. Ал ағамызға қосарлас болған Айбарша апамыз еді. Осы ағамыз бен апамыздың бет жыртысқанын көрмек тұрсын қатты сөзге барғанын да көрмеппіз. Қатты кеткенінің өзінде Дәулетбек ағамыз «Айбарша дегенде Айбарша» деуден аспайтын. Онысы бізге айналайын дегендей естілетін. Олардың мұнысы біз үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Біз де бір-бірімізбен бауырларымыз сынды тату тұруға тырыстық.
Сол ағамыз осыдан он екі жыл бұрын бақилыққа озды. Көпке дейін елегізіп жүрдік ағамызды іздеп. Бірте-бірте басылдық. Сабырға ден қойдық. Қайтып тіршілік көшіне ілестік. Қазір ойлап отырсам Дәулетбек ағамның орнын Айбарша апамыз басқан екен ғой.
Бертісхан жездемізбен жақсы тұрды. Жақсы жүрді. Баяғыдай баршамызға қамқор болып жүрді. Өкінішке қарай жездеміз 2001 жылы дүние салды. Соған қарамастан апамыз салы суға кетпей өз балаларын үлде мен бүлдеге орап өсіріп, бізді де ұмытпады.
Қашанда бізді іздеп отыратын.
Қашанда бізді түгендеп отыратын.
Дәулетбек ағамыз қырық тоғыз мүшелінен шыға алмады.
Сол мүшелден Айбарша апамыз да шықпады…
Ауылдан үй көшкен сайын тұрған үйіңнің шеттей беретіні белгілі.
Сол жайт біздің басымызда тұр. Құдайға шүкіршілік, баршылықпыз. Алайда, бауырларымыздың орындары үңірейіп тұр.
Енді кімді көкелейді екенбіз?
Енді кімді апалайды екенбіз?
Кенже МАҚАШ.
Қарағанды қаласы.
P.S. Айбарша Таңатқызының жылы 2017 жылғы 25 наурызда Орталық мешітте сағат 13.00-де беріледі.