Агрокешенге – тың серпін
Қолжетімді несие механизмі – ел экономикасының негізгі драйвері, әрі агроөнеркәсіп саласындағы жобалардың дамуына серпін беруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән берді. Осы орайда, аталмыш саланы жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз субсидиямен қамтамасыз ету жіті назарға алынды. Қарағанды – агроөнеркәсіп кешені дамыған аймақ.
«Ауыл аманаты» ауылға жетті ме?
Ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру аграрлы ел саналатын Қазақстан үшін маңызды. Бұл орайда, Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» деді. Осыдан ауыл шаруашылығын дамытуға жаңаша көңіл бөліне бастады. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Ауылдық жердегі халықтың табысын арттыруды жүзеге асыратын жобаны дамыту үшін аймаққа 3,4 млрд. теңге бөлінді. 2,5 пайызбен, бес және жеті жыл мөлшерінде берілетін несиені алуға өтініш білдіргендер қарасы көп. Шағын несие «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы беріледі. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының тамыз айында берген мәліметінше, жалпы сомасы 5,9 млрд. теңге көлемінде несие алуға 767 өтінім түскен. Оның ішінде, 57 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Өтініш бергендердің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға ынталы. Техника және аспалы жабдықтар сатып алу мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге де өтінім бергендер көп. Өсімдік шаруашылығымен айналысатындар саны аз. Бұған аймақтың климаттық жағдайы әсер етсе керек.
Бүгінде 854,1 млн. теңгеге 90 өтінім мақұлданып, 35 өтінімге 416,2 млн. теңге көлемінде несие берілді.
– Өзім «Күміс жас» жобасымен әкімдікте күзетші болып жұмыс істеймін. Күзде зейнеткерлікке шығамын. Одан кейінгі бос уақытымда жылқы өсіру ойымда бар. «Ауыл аманаты» жобасына өтінім тапсырдым. Ауыл әкімі Ардақ Сланбековтің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарының өтінімдерін Қарағандыдан келген мамандар қабылдады. Бұрын несие алғанша 5-6 айлап аудан мен облыс орталығында шапқылап жүруші едік. Бұл жолы олай болмады. Үш рет құжаттарға қол қоюға бардым. Айналдырған екі айдың ішінде 2 млн. 400 мың теңгені қолыма алдым. Ауылдағы үйім кепіл ретінде 4 млн. теңгеге бағаланды. Соның 70%-ы қолыма тиді. Жылына 347 мың теңге несие төлеймін. Мен үшін көңілге қонымды қаражат. Үш айдан кейін, қаражаттың жұмсалуы турасында тиісті мекемеге есеп тапсырамын, – дейді «Абикенов жеке кәсіпкер» шаруашылығының басшысы, Матақ ауылының тұрғыны Кәрімжан Әбікенов.
Несие несібені еселей ме?
Кәсіп бастап, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтимын дегендер үшін пайыздық мөлшері төмен несие ұйымдары ауадай қажет. Аймақтағы ауыл шаруашылығымен айналысушылар «Аграрлық несие корпорациясының» қызметіне көп жүгінеді.
– Несие ұйымы ауыл шаруашылығын үш бағытта қаржыландырады. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін айналым қаражатын толтыру мақсатында «Кең дала», құрал-жабдық сатып алу, объектілерді жаңғырту, құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін берілетін «Агробизнес», нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында берілетін «Іскер» несиелік бағдарламалары жүзеге асуда. Корпорацияға несие алуға өтініш білдіретіндердің 70%-ы – малшаруашылығымен айналысатындар. Биыл облыс бойынша 821 өтініш қабылданды. 2500 ірі қара, 858 ұсақ мал, 4401 жылқы алуға несие берілсе, 470 бірлік ауыл шаруашылық техникасын сатып алу қаржыландырылған, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалының басшысы Асқар Нұрғазыұлы.
«Аграрлық несие корпорациясы» – ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген шағын несиелерді берумен айналысатын бірегей орган. Жеңілдетілген шағын несиені Қазақстанның ауылдық елді мекендері мен шағын қала тұрғындары алады. Шағын несие тікелей несиелеу немесе несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдары арқылы беріледі. Несие беруде жылжымалы және жылжымайтын кепіл қарастырылған. Егер несие форс-мажорлық жағдайда төленбей жатса, төлем кейін шегеріледі. Алайда, несие алушы бұл жағдайды растай алмаса, сот арқылы өндіріледі.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz