Агрокешен еңселі, қызмет көшелі
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызметтер көрсету саласында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында осы бағыттағы жұмыстардың барысы кеңінен талқыланып, нақты тапсырмалар жүктелді.

Агроөнеркәсіптік кешенде нақты нәтиже
Жиында сөз алған ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Түлюбеков 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12,8 млрд теңгеге жеткенін айтады.
– Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық көрсеткіш. Нақты көлем индексі – 107 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласының өсімі негізінен мал шаруашылығындағы өндірістік белсенділікпен, соның ішінде, ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемінің артуымен байланысты. Бұған асыл тұқымды мал басының көбеюі, кооперативтік жобалардың іске қосылуы, фермерлік шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау сынды факторлар айтарлықтай ықпал етті, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде Бұқар жырау, Абай аудандарының үлесі мол екені айтылып, оны әрі қарай дамыту жөніндегі аудан әкімдерінің есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде туындаған проблемаларды реттеу бағытындағы жұмыстар туралы жауапты мамандар айтып берді.
Сүт кластері дамып келеді
Облыс аумағында негізі қаланған атап өтерлік жоба – Нұра ауданындағы «Рамадан» жаңа сүт фермасы. Мұнда голштино-фриз тұқымды сүтті ірі қара малын өсіру қолға алынған. Бүгінгі күні фермада 403 сиыр бар. Шілде айының соңына дейін 340, ал, қазан айында тағы 357 сиыр әкелу жоспарланып отыр. Жалпы, толық жүктемемен жұмыс істегенде фермада күніне 880 сиыр сауылып, яғни, тәулігіне 27 тонна, жылына 9500 тонна сүт өндіруге қауқарлы болады.
Дерекке сүйенсек, фермада өндірістік циклдің толық инфрақұрылымы қалыптасады. Атап айтсақ, сиыр сауу залдары, жемшөп сақтау қоймалары, ветеринариялық қызмет бөлімшелері, суару жүйелері, азық базасын нығайту шаралары.
Кәсіпорынға 262 гектар ауыл шаруашылығы жері бөлінген. Оның ішінде 88 гектары – шабындық, 172,5 гектары – жайылым. Қазір жердің 48 гектарында түбегейлі жақсарту жұмыстары жүргізіліп, құнарлылығы күшейтілуде.
Сонымен қатар, өнімділікті арттыру мақсатында суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылып, жоғары өнімді азықтық дақылдар егілмек. Минералды тыңайтқыштар мен заманауи техника пайдаланылып, сүт өткізу нарықтары алдын ала қарастырылуда.
Бұл ферма – аймақтағы агроөнеркәсіп кластерінің ірі ошағына айналып, жұмыс орындарын ашуға, өңірді сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Ветеринариялық қауіпсіздік бақылауда
Облыс ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаевтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында аса қауіпті жануарлар ауруларына қарсы 3,1 миллионнан астам жоспарлы вакцина егілген. Бұл – жылдық жоспардың 65 пайызы.
Бруцеллез бойынша зерттеу жұмыстары жалғасуда. Анықталған жағдайлар дер кезінде оқшауланып, барлық санитарлық және өтемақылық шаралар қабылданған. Сонымен қатар, облыста алғаш рет отандық мамандар әзірлеген жаңа ветеринариялық вакцина қолданылып отыр. Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған бұл препарат эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосуда.
Қолданылып жатқан шаралар қатарына дезинфекциялау, клиникалық және зертханалық бақылау, сауықтыру және оқшаулау және жоспарлы вакциналау жұмыстары кіреді.
Жалпы, облыстағы ветеринариялық ахуал тұрақты, алдын алу және диагностикалық жұмыстар кестеге сай.
Мемлекеттік қызметтер – қолжетімді әрі тиімді
Сонымен бірге, жиында Қарағанды облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру жөніндегі нәтижелермен таныстырды.
– 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аймақ тұрғындарына 8,77 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,14%-ға артық. Ең маңыздысы – қызметтердің 99,6 пайызы электрондық форматта ұсынылған. Бүгінгі күні облыстағы 186 мемлекеттік қызметтің 90,8 пайызы цифрлық форматта қолжетімді. Бұл – жоғары көрсеткіш және азаматтардың уақыты мен ресурсын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Салалар бойынша қызметтер құрылымы денсаулық сақтау саласында – 8,5 млн-нан астам, жұмыспен қамту саласында – 49 мыңнан астам, білім беру саласында 57 мыңнан астам қызмет көрсетілген.
Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында облыста 13 азаматтарды қабылдау орталығы, 1100-ден астам өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді.
Геопортал арқылы архитектура және жер қатынастары саласындағы 17 мыңнан астам өтінім өңделсе, «Арлан» бизнес-орталығында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету орталығы 80 мыңнан астам қызмет ұсынған. Сонымен қатар, 900-ден астам түсіндіру шарасы, 7 семинар, 59 қызметкерді оқыту ұйымдастырылған.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, олар инвестициялық жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз ету, асыл тұқымды мал басын көбейту бойынша шаралар қабылдау, мал азығының қажетті көлемін уақытылы дайындау, өнім өндіру көлемін ұлғайту, цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға қатысты іс-шараларды жалғастыру және қалалар мен аудандар әкімдері тарапынан бақылауды күшейту.
Бұл тапсырмалардың орындалу барысы облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарына жүктелді.
Облыста аграрлық сектор мен мемлекеттік басқару саласында цифрландыру мен тиімділікке бағытталған кешенді өзгерістермен қатар, агросекторда жаңа өндірістер, кооперативтер іске қосылып, ветеринариялық қауіпсіздік пен мал басының сапасы жақсарып келеді. Мемлекеттік қызметтер болса, бүгінде тұрғындарға жылдам, ыңғайлы әрі қолжетімді форматта ұсынылуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және инвестициялық тартымдылығын нығайтуға зор септігін тигізетінін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»