Жаңалықтар

Агломерация: қауымдаса дамудың қазығы

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен өткен кезектен тыс XXII сессияда халық қалаулылары Қарағанды агломерациясын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады. Кешенді жоспар Қарағанды агломерациясын дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік және жергілікті мүдделерді ескере отырып, теңгерімді өңірлік саясатты іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, стратегиялық маңызды құжатта аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына әкелетін барлық қадамдар егжей-тегжейлі сипатталған.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, 1 трлн 52,3 млрд теңге сомасына 198 іс-шараны көздейтін Кешенді жоспардың жобасы өткен жылы мәслихаттың қарауына енгізілген. Бұл ретте құжатта көзделген жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен – 136,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 179,2 млрд теңге қарастырылғанын айту керек. Одан бөлек, жеке инвестициялардан – 736,2 млрд теңге бар.

– Орталығы Қарағанды қаласы болып табылатын Қарағанды агломерациясы елдімекендерінің қолданыстағы тізбесіне Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалалары, Ақтау, Ақтас, Шахан, Долинка, Новодолинский кенттері, Абай ауданының 5 ауылдық округі, Бұқар жырау ауданының 17 ауылдық округі, Осакаров ауданының 1 ауылдық округі кіреді. Жалпы ауданы 7,7 мың шаршы шақырым болатын 33 елдімекен бар, – дейді Татьяна Аблаева.

Кешенді жоспардың мақсаты агломерацияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда орнықты дамуын қамтамасыз ету. Ал, міндеті – негізгі проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын анықтау.

Инфографиканы жасаған А.Коктаева

Елдің орталық бөлігінде және Еуразия құрлығының орталығында орналасқандықтан, Қарағанды агломерациясы Орталық Қазақстанның дамуы үшін үлкен маңызға ие. Ыңғайлы геоэкономикалық жағдай облыстың полимагистральды көлік жолдарын республиканың солтүстігімен және оңтүстігімен байланыстырады және Қытай мен Ресейге тікелей шығатын өнеркәсіптік-көлік торабының бөлігі.

Одан бөлек, Қарағанды агломерациясында 2,2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімінің – 64,8%-ы, 1,8 трлн теңгеге өңдеуші өнімнің – 70,4%-ы, 71,1 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің – 14,6%-ы өндіріледі. Ал, 66,96 мың гектар егіс алқабының 5,4%-ы – агломерация үлесіне тиесілі.

Жалпы, Қарағанды елдің орталық өңірінде өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық нысандарын орналастыру үшін болашағы зор аймақ.

– Агломерацияны дамыту ірі қалаларға қысымды төмендетеді, жолдар мен қалалардың ортақ қазақстандық желісін және қоныстанудың тірек қаңқасын қалыптастырады. Сондай-ақ, бұл орталық қала мен іргелес елдімекендер арасындағы халықтың өмір сүру деңгейінің теңгерімсіздігін азайтуға ықпал етеді, – дейді Татьяна Юрьевна.

Ауыл шаруашылығы саласы – агломерацияны дамытудың стратегиялық жоспарын іске асырудағы басым бағыттардың бірі. Агломерация аумағы арқылы Нұра өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы канал өтеді. Шерубайнұра, Самарқанд, Федоров су қоймалары бар. Сондай-ақ, шахта қазбаларының нәтижесінде жердің шөгуі салдарынан пайда болған ұсақ су қоймалары бар. Ал, агроөнеркәсіптік кешен саласында 59 ЖШС және 1 961 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер саны – 25.

Қарағанды агломерациясында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 75 мыңнан асады. Ал, олардың өнім шығару көлемі – 2 триллион теңге.

Кешенді жоспардың мақсаты – тұрақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыған агломерацияларды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін елдімекендердің аумақтық және инфрақұрылымдық дамуының проблемалық мәселелері анықталады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және өндіріс пен инфрақұрылымға жеке капиталды тарту арқылы инвестицияларды ынталандыру қажет.

Құжатқа Қарағанды агломерациясының құрамына кіретін елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі, коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау жүйесі, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін бағалау кіреді. Одан бөлек, білім беру, өнеркәсіп және тұтыну нарығын дамыту да бар.

– Кешенді жоспарда бірыңғай қала құрылысы саясаты, жолдарды күрделі жөндеу және трамвай жолдарын қалпына келтіру, жаңа мектептер мен емханалар салу, жаңа су құбыры, кәріз және газ құбыры желілері егжей-тегжейлі жоспарланған. IT-кластерін құру, жаңа өндірістер ашу, супермаркеттер мен мейрамханалар салу, агроөнеркәсіптік кешенді, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын дамыту, өрт сөндіру қызметін жабдықтау және тағы басқалар да бар. Барлық жерде нақты мерзімдер мен сомалар көрсетілген, – дейді Татьяна Юрьевна.

Басқарма басшысының айтуынша, кешенді жоспарды әзірлеу кезінде Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті 2023 жылы жүргізген ғылыми-талдамалық зерттеуі пайдаланылған. Құжат мұқият зерделегеннен кейін облыстық мәслихат депутаттары өзгертілген даму жоспарын бекітті.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button