АЭС-тің экономикалық әсері
Ядролық энергетика – бұл электрмен жабдықтауға кепілдік беретін, ластаушы шығарындыларды тоқтататын, сыртқы энергияға тәуелділікті азайтатын және тұрақты электр энергиясын өндіретін энергия көзі. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының шамамен 15%-ын құрайды. Дүниежүзіндегі ең алғашқы АЭС 1954 жылы Обнинск қаласында (КСРО) салынды. Оның қуаты 5МВт болды. Кейіннен Колдер-Холлда (Англия) қуаты 60 МВт, Шиппингпортта (Америка) АЭС жұмысын бастады.
Америкада тұтынуға қажетті барлық электр энергиясының 23%-ын, Францияда 75%-ын, Жапонияда 48%-ын АЭС береді. АҚШ-та 100-ден астам реакторы бар ең ірі атом энергетикасы бар. Одан кейін Франция. Онда 50-ден астам электр энергиясы бар. Әлемдегі электр қуатын өндіретін 15 жетекші елдің екеуінен басқасы, Италия мен Аустралияның барлығы атом энергиясын өз электр энергиясының бір бөлігін өндіру үшін пайдаланады. Ядролық реакторларды өндіру қуатының басым бөлігі Солтүстік Америкада, Еуропада және Азияда орналасқан.
Атом энергетикасының алғашқы кезеңінде Солтүстік Америка (АҚШ, Канада) үстемдік жасаса, кейіннен Еуропа елі жетекшілік етті. Қоршаған ортаға әсерін бағалау (ҚОӘБ) 2035 жылға қарай Азия ең үлкен ядролық қуатқа ие болады деп болжам жасайды, әрине, бұл негізінен Қытайдағы амбициялық құрылыс бағдарламасына байланысты жасалынды.
Бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде 400-ден аса ядролық энергетикалық реакторлар жұмыс істейді, олардың жалпы қуаттылығы шамамен 390 ГВт, әлемдегі электр энергиясының 10,5%-ын өндіреді. Атап айтқанда, АҚШ – 93, Қытай – 57, Франция – 56, Ресей – 37, Оңтүстік Корея – 25, Канада – 19, Үндістан – 19 (уақытша тоқтатылған – 4), Украина – 15, Жапония – 12 (уақытша тоқтатылған – 21), Англия – 9, Испания – 7, Пакистан – 6, Швеция – 6, Бельгия – 5, Венгрия – 5, Финляндия – 5, Чехия – 5, Швейцария – 4, Аргентина – 3, БАӘ – 3, Беларусь – 2, Бразилия – 2, Мексика – 2, Румыния – 2, Армения –1, Иран – 1, Нидерланды – 1, Словения – 1.
БҰҰ-ның МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі) мәліметі бойынша 17 елде 58 қондырғының құрылысы жүргізілуде: Қытай – 22, Үндістан – 8, Түркия – 4, Оңтүстік Корея – 3, Ресей – 3, Египет – 3, Англия – 2, Жапония – 2, Украина – 2, Бангладеш – 2, АҚШ – 1, БАӘ – 1, Словакия – 1, Иран – 1, Франция – 1, Бразилия – 1, Аргентина – 1. Энергетика мен қоршаған ортаның алдында тұрған қиындықтарды түсіне отырып, бұл елдер атом энергиясын өз елдерінің бүгіні мен болашағының маңызды көзі деп санайтындықтан, жаңа зауыттар салуда.
Қытай – әлемдегі ең көп реакторларды салған ел. Оның 55 қондырғысы жұмыс істеп тұр. Екінші орында құрылысы қарқын алған сегіз реакторы бар Үндістан, төрт реакторы бар Ресей мен Түркия, үшеуі бар Оңтүстік Корея тұр. 2022 жылы Египет өзінің алғашқы АЭС-тің құрылысын бастады. Тағы да 100 АЭС салу жоспарланған.
2035 жылға қарай ел экономикасы мен халықтың қосымша электро энергетикалық сұранысы 18 ГВт-тан астам жаңа буынды қажет етеді, яғни, ол уақытқа дейін қолданыстағы электр станциялардың генерациясы тек 135 млрд КВт/сағат құрайтын болса, қазіргі таңда тұтыну мөлшері 152,4 млрд КВт/сағатты құрап отыр. Бұл – ағымдағы энергия көздері болжамдалған мөлшерден бөлек, тіпті, қазіргі жүктемелерді толықтай қамтамасыз ете алмайды. Ядролық генерацияны дамытудың және көміртегі бейтараптығының жаһандық күн тәртібінде сақтаудың қажеттіліктері: елдегі электр энергиясын өндірудегі таза электр энергиясының үлесін арттыру, ел экономикасындағы көміртегі ізін азайту, Қазақстанның CO2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін орындау, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде, жаңартылатын энергия өндірудің өсуін қолдау болып табылады.
Қазақстанның экологиялық жағдайына тоқталсақ, парниктік газдардың ішінен көмірқышқыл газы CO2 – 81,6%-ы қазбалы отынды жағу кезінде бөлінсе, PI экстракция процестерінде метан СН4 – 12,4% шығарылып, азот оксиді N20 – 5,6%-ды құрауда.
Қазақстандағы АЭС еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Болашақта Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылықтары бар екенін атап өтуге болады. АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзі болып табылады. Атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, өйткені АЭС үздіксіз жұмыс істейді және ауа райы жағдайына тәуелді емес. Заманауи технологияларды енгізу АЭС-тің жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасы еліміздің технологиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. АЭС-тің жұмыс істеуі олар орналасқан аймақтардың экономикалық өсуіне әсері зор. Заманауи АЭС энергия тиімділігін арттыра отырып, смарт-желілік жүйелерге біріктірілуі мүмкін. Атом энергетикасы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады. АЭС Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді перспективасын қамтамасыз етеді. АЭС сутегі және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін пайдалануға болады. АЭС енгізу ядролық физика мен технология саласындағы зерттеулер мен инновацияларға ықпал етеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. ЕО-қа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарлануда. ЕО-та көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Сондай-ақ, Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.
– Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ға жеткізе алды. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін жеткізуді міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы.
АЭС құрылысының экономикалық әсеріне тоқталсақ, жергілікті кәсіпкерлік қолдау табады (құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде шамамен 2,5-3,5 млрд $ табыс түседі); бүкіл өмірлік цикл кезіндегі салық түсімдері – 2,5-3,0 млрд доллардан асады; елдің инвестициялық тартымдылығы артады. Экологиялық тұрғыда, парниктік газдар шығарындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азаяды.
Айта кету керек, Қазақстанда өз атом станциясы болған. Еліміздегі жалғыз АЭС Ақтауда 1973-1999 жылдары аралығында болған. Бүгінде Қазақстанда атом энергиясы қолданылмайды.
Алайда, электр энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан, Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды. Енді біз бүгін тоқталып отырған электр өндірудің балама жолы – АЭС – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы. Атом электрін алудың үш кезеңі бар. Біріншісі, ураннан ядролық энергия алу, одан жылу энергиясына өту кезеңі, ал, одан кейін механикалық энергияға өту жолы. Бу турбинаны қозғап, электр генераторын жұмысқа келтіреді. Алдағы 50 жылда адамзат тарихта осы күнге дейін қолданған энергиядан да көп қуат көзін талап етеді. Бұл барлық технологияның электр қуатымен жұмыс істеуге көшуіне байланысты болуда. Қазірдің өзінде елімізде электр автокөлігіне сұраныс артқан.
АЭС-те қызмет жасайтын ресейлік ғалым Р.Алыев АЭС-тегі жағдайды авиациялық жағдаймен салыстырады, әуе кемесіндегі орын алған апат жайлы барлығы естиді, дегенмен, күнде қаншама рейс ұшырылады. Сонда да ұшақ ең қауіпсіз көлік түрі болып саналады. АЭС-тен бас тартқан елдерде осы мәселеге қатысты қорқыныш әлі де бар. Мысалы, Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия АЭС құрылысына тыйым салған. Ал, Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген станцияның жұмысын тоқтатты. Германия да атомнан бас тартты. Ал, бірақ Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елі әлі күнге дейін АЭС-тің құрылысын жалғастырып, оларды пайдалануға беруде. Ал, Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, жаппай электр мобильге көшу мәселесін қолға алынуда.
Сондықтан да, жоғарыда аталған мәселелерді қорытындылай келе, АЭС салу және оны жүзеге асыру бойынша инфрақұрылымды нақтылау, АЭС салу құрылысын тәжірибесі бар елдің компаниясына табыстау, АЭС бойынша құзыреттілігі жоғары жауапты оператор ретінде арнайы органды қалыптастыру және оны Президентке ғана тікелей есеп беретін мәртебесін беру, АЭС-ке қажетті мамандарды даярлау, біліктілігін көтеру және ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру қажеттігі туралы ұсыныстар жасалады.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті.