АЭС: мұғалімдер де мақұлдап, қолдау көрсетті
Бүгін елімізде АЭС салуға байланысты Бұқар жырау ауданында құрылған халықтық штабтың мүшесі, аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Сағадиұлы Әли Ботақара кентіндегі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесті.
Ол бұл жиында осы мәселенің маңызы туралы түсінік беріп,оларды алдағы 6 қазанда болатын жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
– Негізі АЭС салу жөніндегі әңгіме көптен бері қозғалып келеді, – деді өз сөзінде Асхат Сағадиұлы. – Жұрт құсап мен де АЭС салудың қажеттілігін оқып-зерттеп барып, осы штабқа мүше болдым. Оның салынып, пайдалануға берілуі болашақта елімізді басқа мемлекеттерге энергиялық тәуелділіктен құтқаратынын әр көзі ашық адам,соның ішінде мұғалімдер қауымы жақсы білуі тиіс.
Бұдан әрі ол АЭС салудың Қазақстанға қаншалықты пайда әкелетіні мен оның қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталып, тіпті күнделікті тұрмысымызда энергия тапшылығын сезініп отырғанымызды айтты. Өйткені бүгінде әр отбасы бұрынғыға қарағанда электр энергиясын екі-үш есе артық тұтынатын болған. Ұялы телефоннан бастап электр желісіне қосылмайтын дүние жоқ екенін мысалға келтірді ол.
Кездесуде сөйлеген аталған мектептің директоры Еркін Жетпісбаев пен мұғалімдері Қазақстанда АЭС салудың қажеттілігін бірауыздан мақұлдап, алдағы референдумда оны қолдап дауыс беретіндерін білдірді.
Ержан ИМАШ,
ortalyq.kz
Бұқар жырау ауданы