Қадиша Оспанова: «Дәрігер болу үшін тоғыз жыл оқу керек»
Қарағанды облысында дәрігерлер, атап айтқанда, бейіндік мамандар жеткіліксіз. Оған медицина институының студенттері стандарт бойынша тоғыз жыл оқып, резидентурадан өткеннен кейін ғана дәрігер болып жұмысқа кірісетіні де әсер етіп отыр. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаты, бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің стандарты бойынша бұған дейін медицина институының студенттері алты жыл оқығаннан кейін интернатурадан өте жүріп, жұмыс істесе, қазір резидентурадан өткеннен кейін ғана дәрігер болуға хақылы. Яғни, жұмысқа орналасу үшін тағы үш жыл керек. Мәселен, биыл оқуға түсетін студенттер тек тоғыз жылдан кейін ғана жұмысқа кіріседі. Резидентурадан өтпегендер дәрігер бола алмайды. Дәрігер болу үшін тоғыз жыл оқу керек, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
Депутат бұл ретте кадр даярлау стандартын қайта қарастыру керек дейді. Ол үшін алты жыл оқуды қалдырып, қысқа мерзімді даярлық курстарында үздіксіз оқыту факультеттерін қайта қалпына келтірген жөн. Одан бөлек, резидентурада бір жыл оқыту қисынды екенін айтады.
Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қадиша Базарбайқызының ұсынысын қарастыруға уәде берді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz