Қадір түнінде бас мешітке мыңнан астам жамағат жиналды
Күллі мұсылман қауымы асыға күткен, он екі айдың сұлтаны Рамазанның ең қастерлі сәті – Қадір түні де келіп жетті. Бүгін Қарағанды төріндегі облыстық «Әнет баба» мешітіне жиналған жамағаттың қарасы қалың. Рухани тазару мен дұғаға толы бұл түннің айбыны бөлек.

Ислам қағидатында Қадір түні – адамзаттың бағдаршамы болған қасиетті Құран Кәрім түсіріле бастаған ұлық уақыт. Ғалымдар бұл түнде жасалған құлшылықтың сауабы мың айлық ғибадаттан да асып түсетінін айтады. Сондықтан, болар, қарағандылықтар бұл түнді ұйқымен емес, игі амалдармен, тәубемен және іштей тілеулес болумен өткізуді мақсат еткен.
Мерекелік бағдарлама құптан намазынан кейін басталып, мыңдаған жамағаттың бір сапта тұрып оқыған тарауық намазымен ұласты. Мешіт іші мен ауласына сыймаған жұртшылықтың ықыласы ерекше.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы «Мың айдан да қадірлі – Қадір түні» тақырыбында терең мағыналы уағыз айтты.

– Бұл түн – тағдырлар шешілетін, періштелер жерге түсіп, адамдардың дұғасына «әмин» дейтін берекелі сәт. Сондықтан әрбір минутты ғанибет біліп, өзіміз үшін, еліміз бен жеріміздің тыныштығы үшін дұға қылайық, – деп атап өтті бас имам.
Қадір түні қарсаңында мешіт асханасында арнайы дастархан жайылып, жомарт жандардың мұрындық болуымен ауызашар берілді. Ауызашарда 600 адамға ас берілсе, сәресінде, таңға жуық 4000-нан астам жамағатқа арнайы дастархан ұсынылмақ.

Қасиетті түнде мешітте Құран хатым дұғалары жасалып, истиғфар айтылды. Түннің тыныштығын Құранның әсем әуезі тербеді. Жиналған жұртшылық таң атқанша құлшылық үстінде болып, Жаратушыдан кешірім мен береке тілеуде.
«Үндерде не жақсы: – Құран үні! Түндерде не жақсы: – Қадір түні!» – деп кемеңгер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырлағандай, бүгінгі түннің айбыны да, айтары да бөлек.
Қастерлі халқымыз «Қадір түні – тағдыр түні» деп тектен-тек айтпаса керек. Лайым, осы түндегі барша ізгі тілектер қабыл болып, елімізге құт-береке дарығай!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz



