Қадір түні – 2024: Қадір түнінің қандай белгілері бар?
Биыл Қадір түні 5-нен 6-на қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Қадір түні – Құран Кәрім түскен қасиетті түн. Бұл жайлы: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік», – деген аят бар. Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан Байтул Ғиззаға түсірген.
Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты пайғамбарымызға уахи етіліп отырған. Қадір түні – тек Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмбетіне ғана берілген мүбәрак түн.
С: Қадір түні не істеу керек?
Ж: Мейлінше көп құлшылық жасап және дұға-тілек еткен абзал. Өйткені, қадір түнінің берекеті мен құлшылық сауабы мың айдан да артық. Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан қайырлы»,-деп баяндалған. Ал, Әбу Һурайрадан (р.а.): «Кімде-кім қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», – деген риуаят бар.
С: Бұл түннің Қадір деп аталуының себебі неде?
Ж: Қадір – белгілеу, өлшеп бекіту деген мағынаны білдіреді. Бұл құтты түнде Құран Кәрім түсумен қатар, тағы бір маңызды оқиға орын алады. Құран Кәрімде: «Періштелер және Рух ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі», –деп баяндалғандай, қадір түнінде Алла Тағала әмірімен Рух, яғни Жәбірейіл (ғ.с.) бастаған періштелер жер бетіне түсіп, келесі жылға қатысты барлық амалдарды бекітеді.
Әнас бин Маликтен (р.а.): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады», – деген риуаят бар.
С: Қадір түні қашан?
Ж: Қадір түні рамазанның қай түні екендігі жайлы екі риуаят бар:
1.Соңғы он күннің тақ түндері деген риуаяттар. Айша (р.а.) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер», – деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (р.а.): «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», –деген риуаят бар.
2.Жиырма жетінші түн деген риуаяттар: Омар (р.а.): «Қадір түні қашан екенін кім біледі?» – деп сұрағанда, Ибн Аббас: «Бұл – жиырма жетінші түн», – деп жауап берген екен». Және де Мұғауиядан (р.а.) келген хадисте: «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», – деп айтылған.
Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят еткен тағы бір хадисте былай делінеді: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір қарт келіп: «Уа, Алла пайғамбары! Мен ауру қартпын, маған түнде құлшылық ету ауыр тиеді. Маған бір түнді көрсетіп беріңіз, Алла Тағала қадір түніне сай келуіне жар болғай», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетінші (27) түні тұр», – деп жауап береді».
С: Қадір түннің қандай белгілері бар?
Ж: Құран Кәрімде: «Ол – бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады», – деп айтылғандай, жер бетіне түсіп қайта шыққан періштелердің көптігінен Күн сәулесі аз және ақ түсті болып келеді.
Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні – жақсылыққа тола берекет түн. Ыстық та, суық та болмайтын түн. Оның таңында күн әлсіз қызыл түсті болып атады», –деп риуаят етеді.
«Убай бин Кағб (р.а.) Қадір түні жиырма жетінші түн деп ант етті. Мен (Зурр бин Хубайш): Уа, Әбу Мунзир (Убай бин Кағб)! Неге сүйеніп айтып отырсыз? – дедім. Ол: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтып кеткен белгісі бар. Қадір түнінен кейін күн шуақсыз атады»,-деген.
С:Қадір түні қай түн екендігінің жасырын болуының сыры неде?
Ж: Бұл мүбәрак түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек.
С: Қадір түні қандай дұға-тілек жасалады?
Ж: Бұл түні көп дұға-тілек жасау керек. Ең көп оқылатын дұға – Айша (р.а.) риуаят еткен дұға. Хадисте мұсылмандар анасы: «Уа, Алла пайғамбары! Мен қадір түнін тапсам (мен құлшылық еткен түн қадір түніне сай келсе), не деп дұға етейін?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда былай дейді: Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббу әл-ъафуә фаъфу ъәнни. Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш, – деп айт».
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА