Ғаділетті ғұмыр иесі
Ол бақ қонып, қыдыр дарыған, қасиетті Бұқар жырау ауданындағы Алабас ауылында 1949 жылы дүниеге келген. Ағамыз атақты Нияз батырдың ұрпағы. Кезінде ол кісі би болған, дана болған, дара тұлға еді.
Айтжан қарапайым еңбек жолын малшы, механизатор болып бастады. 1972 жылы Қарқаралыдағы зооветеринарлық техикумды үздік бітірген соң, туған жерінде мамандығы бойынша жұмыс істеп, халықтың құрметіне бөленді. Алғыр да, іскер азамат көп кешікпей Пушкин совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Кешегі кеңестік кезеңде басқару қызметтеріне көтерілу үшін, міндетті түрде коммунист болу керектін. Ал сол коммунисің жоғары лауазымды жұмыста қызмет етуі үшін партия мектебін бітіруі қажет еді. Әлгі білім ұясына кез келген жас қабылданбайды. Еңбек ұжымында өзін жақсы қырынан көрсете білген, зейінді де зерек, аса іскер жастарға арнайы жолдама берілетін. Осы талаптарға лайықты Айтжан Жүнісбеков 1981 жылы облысымыздағы 130 әріптесінің арасынан оза шықты. Сөйтіп, ақ үйдегі ағаларымыз оған үлкен сенім артып, Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберді.
«Ол бала-шағасын ауылда қалдырып, 4 жыл Алматыда білім алды. Айтжанның нағыз ерлікке пара-пар өнегелі өмір жолы осы жылдары басталды!» деп еске алады дос-жолдастары Аман Жанғожин, Тілеуқабыл Байтұрсынов. Алматыдан келген соң Айтжан Жарылғасынұлы Бабаев атындағы совхозда партия ұйымына басшылық жасады.
Өмір мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинақтаған ағамыз көп кешікпей аудандық партия комитетінің хатшысы, одан соң бүгінгі үрдіспен айтқанда Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары болды. 1997 жылы «Ақбел» АҚ-ның президенті болып сайланды. Халық қалаулысы үзіліссіз 15 жыл аудандық мәслихат хатшысы лауазымын абыройлы атқарды. Ағамыздың қырық күндік асында қоғам және мемлекет қайраткері Қасымбек Медиев:
– Мен Айтжанмен кеш танысқаныма өкінемін. Өз басым оның адами қасиеттерін жоғары бағалаймын. Сөзіне берік, ісіне мығым екеніне аз ғана уақыттың ішінде көзім жетті. Қайсыбір жылы республикалық мәслихаттар бірлестігін құрдық. Оған ұйытқы болғандардың бірі – сол еді. Кейіннен төраға қызметін атқара жүріп, бірлестік сессияларын облыс орталықтарында өткізді. Олардың мол тәжірибелерін ортаға салды. Бауырым, аз уақыттың ішінде қыруар жұмыстар тындырды! – деп, тебірене еске алғаны бар.
Үлкендер оны әкесіне тартқан деседі. Солай да шығар! Әкесі Жарылғасын –заманында ел басқарған, тілге шешен, қарасөзге қамшы салдырмайтын тектінің ұрпағы болыпты. Сол қасиет ұлына да дарығаны ғой.
Жақында «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасына Айтжанмен ұзақ жыл бірге қызметтес болған, жақсы көретін інісі һәм шәкірті, аудандық мәслихаттың хатшысы – Асхат Әли өтініш айта келді.
– Ағамыздың арамыздан кеткеніне де бір жыл. Ол жайында шағын киноролик дайындап, ас үстінде көпшілік назарына ұсынуды азаматтық парыз санап отырмыз. Осы дүниенің жасалуына аз-кем қолғабыс көрсетуіңізді сұраймын? – деді.
Біз де жолымыздан жығылғанымыз жоқ. Қолдан келер көмегімізді көрсеттік. Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты, халықтың сүйікті перзенті, асылдың сынығы – Айтжан Жүнісбеков оған лайықты еді.
Айтжанның артында ибалы да, инабатты ұл-қыздары – Рымтай, Әсем, Меруерт, Алпамыс қалды. Аққудың сыңарындай болған, сүйікті жары – Алтын жеңгеміз қалды. Қазіргі кезде балаларының бәрі де білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Қызы – Әсем әке жолын қуып, мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Абай ауданы әкімінің орынбасары. Баласы Алпамыс қаламыздағы «ҚазМұнайГаз» мекемесі басшысының орынбасары. Мен оның сонда қызмет атқаратынын осы мақаланы жазу барысында білдім.
Облыстық мәслихатта істейтін інісі – Амангелдінің ағасына деген сағынышы тіпті бөлек. Ол, өткен жылы «Орталыққа» шыққан бір мақаласында: «Жан Ағам! Мен сені сағынып жүрмін. Өзің көрген көгілдір аспан да сол күйінде төңкеріліп тұр. Күн мен ай да жер бетіне нұрын шашып тұр. Тек, сен жоқсың! Панам да едің, ақылшым едің, тірегім едің, арқа сүйер арысым едің. Тек, сені іздеймін, аға!» деп ағынан ақтарылыпты. («Орталық Қазақстан» 01.03.2016 ж.). Сол бауыры жақында Айтжан туралы «Тұғырлы тұлға тағлымы» деп аталатын естеліктер кітабын құрастырып, өз қаржысына шығарды. Жөргекке сыйса да, жер-көкке сыймай кеткен, асыл ағасының алдындағы інілік парызын осылай өтеді. Оның дос-жолдастары көп болды.
Әлгі кітапқа есімдері елге таныс азаматтардың естеліктері жарияланыпты. Академик С.Әдекенов, ғылым докторлары, профессор Ж.Артықбаев, Б.Қасенов, Б.Төлеуов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Медиев, С.Ақылбай, Н.Дулатбеков, Р.Омарбекова, Б.Жұмабеков, З.Балапанов, О. Асылбаев, Қ.Оспанов, журналистер А.Жанғожин, Т.Майбас, Т.Байтұрсын және басқа да ағайын-туыстардың ізгі тілектерінен көп нәрсені аңғардық.
Қайран жаны жайсаң ағам-ай! Тал бесіктен жер бесікке түскеніңе де бір жылдың жүзі болыпты-ау! Өмір – өзен, өмір – жалған деген осы екен ғой.
Әли ТОЙЖІГІТОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ҚР Мәдениет қайраткері.