«Адасқандар» – құнды қойылым
Жат ағымның арбауына түсіп, өмір соқпағында өкініште қалып жатқандар қаншама?! Кейде мұны заманына қарай амалы деп айтамыз. Дұрыс емес, бәрі де адамның өз ой-санасына, өз шаңырағынан алған тәлім-тәрбиеге байланысты болса керек.
Белгілі қаламгер Кеңес Жұмабековтің «Адасқандар» драмасын балқаштық көрермендер зейін қойып, ой елегінен өткізді. Спектакльге, әсіресе, жастар көптеп келді. Баянғали атты жас жігіттің байлыққа, ақшаға қарық боламын деп, Сириядағы соғысқа аттанып кетуі де, сол жақта ақыры ажал құшуы да бей-жай қалдырмайды. Сириядағы Елшілік, Сыртқы істер министрлігі өкілдері Баянғалидың баласын елге алып қайтады. Жүрегі езіле жылаған бала «Мені ауылға алып кетіңіздерші» деп егіледі-ай келіп. Жат діннің уағыздаушылары жаныңды суырып алады, басыңа иран бақ орнатып, қарық қылады. Ақырында шет елге кетіп, опық жеп жатқан жастарымыз қаншама?!
Біздің ойымызша «Адасқандардың» авторлары біраз ата-анаға, мектеп оқушыларына, студенттерге, жастарға ой салатын шығарма ұсынды деп ойлаймыз. Спектакльдің қоюшы режиссері С.Жұмағали артистерді жақсы таңдап, оқиғаның өте тартымды, мазмұнды, көрерменді бірден ой құшағына алып кететін жолдарын нақты таңдай білген.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ
Балқаш қаласы.