Бас тақырыпРуханият

Адамтану академигі

Қайырбек Сәдуақасов. Белгілі есім. Арқа жұртының ардақты ұлы. Ұлт руханиятының көрнекті өкілі. Мәдениет майталманы. Қабырғалы қаламгер. Парасатты публицист. Сыршыл ақын. Композитор. Суретші. Тарихшы. Ең бастысы, елжанды азамат. Басқаны қайдам, өзіме Қайырбек аға шынайы кісіліктің төлқұжатындай көрінеді. Бойындағы сырбаздығы, аса жоғары мәдениеттілігі, шешендігі, тындырымдылығы, кірпияздығы, мөлдірлігі… Осынша асыл қасиетті бойына сіңіру – өз алдына, арқалап жүруді айтыңыз. Мұнтаздай арына дақ түсірмей, кәусардай мөлдір қалыпта ғұмыр кешіп келеді.

Өз басым Қайрекеңді 16 жасымда танығанмын. Мектеп оқушысымын. Ол кезде бұрынғы Жезқазған облысының тұрғынымыз. Ара-тұра айтысқа, басқа да өнер мерекелеріне барамыз. Сол сәттерде Қайырбек аға бізді баласынбай, бауырына тартып, өзімен тең дәрежеде сөйлесуге даяр тұратын-ды. Ақыл-кеңесін беріп, көп оқуға, іркіліссіз ізденуге үндейтін-ді. Кейін білдім, бұл кісі адамтанудың академигі екен ғой. Маңайында үнемі жақсылар жүреді. Адам жатырқап, кісі алалауды білмейтін кеңқолтық ағаның бойындағы дара қасиеттерді сол кезеңде бағалай алмаған шығармыз. Өйткені, өзіміз – баламыз. Кісі тану, оны бағалау қайда? Әйтеуір, жарыққа үймелеген көбелектей болып Қайрекеңді төңіректейміз. Кейін ғой өзіміз сөз ұстап, оң-солымызды таныған соң Аға бойындағы сұңғылалыққа тамсанып жүргеніміз.

***

Екі-үш күн болды, Ақтоғай атырабында – Тоқырауынды жағалай қозғалып, Қызыларай тауларының қойын-қонышын сүзіп, әйгілі Бөкейхан әулетінің өрен-жаранының мәңгілік бесігі Талдыбейітті шолып бір көлік жүр. Көзі шалғандар әртүрлі болжам айтып әлек. Біреулері:

– Саяхатшылар шығар, – десе, енді біреулері:

– Археологтар болуы мүмкін, – дейді.

– Қазақстан география қоғамының жиһангерлері келгіштеп жүр еді ғой. Солар болуы мүмкін, –деп топшылады енді бірі.

– Ешқандай саяхатшылар да, жиһангерлер де емес, өзіміздің Қайрекең ғой. Сәдуақасов Қайырбекті айтамын. Бала-шағасын алып келіп, туған жердің тау-тасын аралайтын жылдағы дағдысы емес пе, – деді енді бірі.

Дәл солай еді. Қайрекең бала-шаға, немерелерін алып келіп, алтын бесік Ақтоғайын аралап жүрген. Мақсаты – жалқы. Қалада туып, асфальтта өскен ұрпағының атамекеннен қол үзіп кетпеуін ғана қалайды. Әйтпесе, осы өңір тау-тасының қыр-сырын әбден меңгеріп алған Қайрекеңе дала кезу керек пе еді? Жоқ, керек. Оның бойындағы сезімталдық мына бір қара тастың былтырғы күйі мен биылғы күйінің арасындағы өзгерісті бағамдайды. Балалық шағына саяхаттап, бозбала күндерімен сырласады. Мөп-мөлдір Тоқырауынның қамыс-қоғасы өзін шексіз сүйетін перзенті келгенін сезіп, Қайрекеңе арнап ән салып, күй шертеді. Онысын сіз бен біз сезбеуіміз мүмкін. Ал, Қайырбек ағаның түйсігі қабылдайды. Қызыларайдың тал-құрағы, Тоқырауынның қамыс-қоғасы санасына сіңірген сиқырлы саз Астанаға барған соң, ерке Есілдің жағасында сұлу әнге айналады. Бірде жадырайды Қайрекең. Бірде жабырқайды. Ақсораңның асқақтығын аңсайды. Сондай биіктікті рухани ергежейліге айналған замандастарының бойынан іздейді. Тоқырауынның тұнықтығы өз бойына дарыған. Өзгелер де өзіндей болса екен деп ойлайды. Ол қайдан болсын…

Қайырбек аға Тоқырауынның жағасында тұр. Туған жер төсінде тебіреніп, өзен жағасындағы сіз бен бізге байқала бермейтін дала оркестрінің әуеніне құлағын түрді. Көңіл шіркін көк дөнендей жүйткіп, сонау алыс жылдарға алып кетті асау қиялын. Мынау Ақтоғай мен анау Қараталдың ортасындағы «Ахметжан» қыстағында туғанын айтатын марқұм әкесі мен анасы. 1944 жылы 6 наурызда. Сол күні үйге атырапқа аты мәлім Иісбек молда қонып жатқан. Сұрапыл соғыс жылдары ғой. Дегенмен, жаудың беті қайтып, жасампаз жеңіс күнінің жақын қалғанын сезеді жұрт. Осы бір қиын күндер мен ел басындағы талайлы тағдырдың қайыры болсын деген ырыммен дүниеге келген ұлдың есімін Иісбек молда «Қайырбек» деп қойыпты. Екі жасында әкесі Қарағандыға қоныс аударған. Кеншілер қаласының даңқы аспандап, көркі ажарланып келе жатыр. Бірақ, ол Изатбек әкесі үшін Ақтоғай бола ма?! Алыс күндердің сағымға айналған бейнесі жаңғырып сала берді Қайрекеңнің санасында. Есіне түсті. Әкесі мұны да жыл сайын Ақтоғайға алып келуші еді ғой. Алты жасында алғаш көрген – Тоқырауынды. Оған дейін де көрген шығар. Бірақ, жадында қалмапты. Ескі Қарағандының маңайындағы көлшік-шалшықты жалдап жүрген бала Қайырбек судың тұнық болатынын, өзеннің ағатынын сонда бірінші рет көріп еді. Сол күні мөлдірлікке ықыласы ауып, тазалыққа ынтық болған. Тұнықтыққа тамсанған. Содан бері шынайылыққа ынтызар. Тоқырауындай тұнықтық символының адам бейнелі көшірмесіне айналсам деген мақсат қойды алдына.

Мен де Ақтоғайға жолым түссе, Тоқырауынға жүзімді шайып, тұнықтыққа тамсанбай қайтпаймын. Барған сайын Тоқырауын толқынынан Қайырбек ағамның тағдырын көремін.

– Әкеме ризамын! Ұрпағын алтын бесіктен алысқа ұзатпай, елден саяқ кетпесін деген ниетпен Ақтоғайға қайта көшіп келгені үшін. Егер, мен сол күйі Қарағандыда өскенімде, әрі кетсе кенші болар едім. Оқыдым дегенде, инженер болармын. Ал, мына елден жырақ кетіп, туған жерден қол үзу деген қасірет қой. Мені, бауырларымды сол қасіреттен аман сақтап қалған – менің Әкем! Елде өстім, ескі әңгімеге құлақ түрдім. Қасиетті топырақтағы асқақ рухты сезіндім. Мұның барлығы – менің бақытым! – деді Тоқырауын тұнығында еркін жүзген балықтарды тамашалап, мәз-мейрам болып жүрген балаларының назарын өзіне аудартып.

Иә, менің Қайырбек ағам – Ақсораңдай асқақ, Тоқырауындай мөлдір жан.

***

Дәл осы жазбамның көлемін Қайырбек Изатбекұлының ресми өмірдерегімен көмкеріп, атқарған лауазымды қызметтеріменақ алып шығуға болар еді. Алайда, Қайрекең тағдыры – дәл олай қасаң баяндауға бағынбайтын дастан.

Сол жылдары Ақтоғайда жалғыз орыс мектебі болды. Кешегі Алашорда көсемдерінің бесігі болғандықтан шығар, империялық жүйе ұлы мұрат мұрагерлерін мәңгүрттендіруді ойласа керек, Ақтоғайдан орыс мектебін ашыпты. Әйтпесе, жер ауып келген немісінің өзі мақалдап сөйлеп, қазақты жаңылыстырып отырған Ақтоғайға орыс мектебі керек пе еді?! Қойшы, әйтеуір, біздің Қайрекең сол мектепті бітірген. «Алтын медальмен». Орыс мектебінде оқығандығының олжасы сол – осы өңірге жер аударылған орысы бар, еврейі бар, кілең профессор, ғұламалар осы мектепте сабақ берді. Ұстаздар ықпалымен әлем әдебиетінің жауһарларын оқыды, ізденді. Әсіресе, жаратылыстану пәндеріне деген ынтасы ерекше болып қалыптасты. Мектеп бітірген жылы Мәскеу энергетикалық институтына құжат тапсырған. Мектепті медальмен бітіргеніңе қарамайды екен Мәскеуіңіз. Барлық сабақтан емтихан тапсыртып, конкурстық негізде қабылдайды. 24 балл жинаған талапкер Қайырбек бір балы жетпей, оқуға түсе алмады. Намыстанып, ауылға да қайтпай, Қарағандыда қалды. «Гипроуглегормаш» ғылымизерттеу институтына лаборант болып жұмысқа орналасты. Талаптанғанның мұратқа жетпегені жоқ, келер жылы Алматыға барды. Сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсті. Оны үздік бітіріп, елге оралды. Университет бітіре салып бірден мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек жолын бастаған екеу болса, бірі – Қайрекең, біреу болса, соның нақ өзі – Қайырбек аға. Ақтоғайда жаңадан ашылған М.Горький атындағы орта мектепте директордың орынбасары бола жүріп, ғылыммен шұғылдануға бел байлады. Университетте оқып жүрген шағында-ақ кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекіттіріп алған. Студент бола жүріп, университеттің оптика және спектроскопия, қатты денелер физикасы кафедраларында лаборант болып, теория мен практиканы ұштастырғаны бар. Жетекшісі академик М.Корсунскийдің қолқалауына қарамай, ауылға келген жас маманның іскерлігі көп ұзамай сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаровтың назарына ілігеді. Қарамағындағыларға «партияға қабылдаңдар» деген нұсқау да беріп үлгеріпті Жәкең. Осылайша, Қайрекеңнің өрлеу жолы басталды. Ғылым жайына қалды. Бірақ, жатса-тұрса ойынан физика шықпайды. Аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысты. Жеті айдан кейін аупарткомның үгіт-насихат бөліміне меңгеруші болып бекітілді. Жезқазған обкомына екі рет шақырту алды. Сонау Алматыдағы мүмкіндіктің барлығынан бас тартып, әке мен шеше алдындағы перзенттік парызды ғана ойлап келген ұл обкомыңды не қылсын?! Бірақ, әкесі Изатбек барынша парасатты, өрелі адам еді. Бір күні шақырып алып:

– Балам, үлкен мүмкіндіктердің барлығынан біз үшін бас тартып жүргеніңді білемін. Баланың ата-ана алдындағы парызын өтегені сол – жаманатын естіртпей, түзу жүргені. Азамат болып қалыптасып, ел алдында жүзің жарқын жүрсе, біз де марқайып отырамыз. Ел ішіндеміз ғой, бізге алаңдама. Енді шақырту алсаң, бірден бар. Келешегің – өз қолыңда, – деп батасын берді.

Содан Жезқазған тағы шақырды. Барды. Обкомның лекторлар тобына қабылданды. Жезді аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, облыстың мәдениет басқармасының бастығы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, облыстық тілдер басқармасының бастығы, «Байқоңыр» қаржы-өнеркәсіптік инвестиция компаниясының бірінші вице-президенті қызметтерін абыроймен атқарды. Әсіресе, мысты өлке мәдениетінің екі тізгін, бір шылбырын ұстаған жылдарында Қайрекең өңір руханиятына серпіліс әкелген талай жобаларды жүзеге асырды. Ұлытауды ұлықтау тұжырымдамасын жасап, Алашахан, Жошы хан мазарларын жаңғырту жұмысының басы-қасында өзі жүрді. Аудандық музейлердің жұмысын жандандырды. Кезінде Арқа төсін дүбірге бөлеген «Ұлытау үні», «Байқоңыр даусы» атты өнер мерекелері – тікелей Қайрекеңнің төл перзенттері. Ақын Сайлаухан Нәкенов марқұм екеуі кеңесе жүріп, осы дүбірлі додалардың тұсауын кескендеріне куәміз. Сайлаухан ағаның ақындығын да, кісілік парасатын да керемет қастерлеген бір жан болса, ол – осы Қайырбек Сәдуақасов. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық бөлімшесін құрып, өзі мәртебелі ұйымның тұңғыш төрағасы болды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, шалажансар тіліміздің мәртебесін көтеруге өлшеусіз жігер жұмсады. Бір топ жас айтыскерлерді Жезқазған пединститутына емтихансыз қабылдатуға ықпал етіп, қазақтың төл өнерінің төрге озуына елеулі еңбек сіңірді. Сол жылдары «Қазақ тілі» қоғамының шәкіртақысын алып, қалтасы қалың жүргендердің бірі – менмін. 1997 жылы Жезқазған облысы таратылып, Қайрекең Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары-мәдениет және өнер бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Мұның барлығы – Қайырбек ағаның ресми өмірдерегі. Ал, адами қалпын, тағылымды тағдырын өзінің «Серт» атты өлеңі арқылы тануға болады.

Азаттық басты тілеуде,

Қажетсіз қорған, тіреу де,

Жазала мені, Жаратқан,

Тәуелді болсам біреуге.

Жаманмен өтем белдесе,

Дайынмын тағдыр жерлесе,

Егер де бір күн қолымнан

Жақсылық жасау келмесе – дейді бұл өлеңінде. Өмірлік кредосы да, адами келбеті де осы өлеңінде тұр. Мен бұл өлеңді Қайырбек ағаның поэтикалық автобиографиясы деп қабылдадым. Осы өлеңдегі сертінен тайған болса, ағам 75-ке жетпес еді.

Жезқазғанда оқыған, қызмет еткен жылдарымда ақтоғайлық ақсақал Қалкен Мәкенбаев пен осы абыз қарияның рухани інісі Қайырбек Сәдуақасовтың шапағатын көп көрдім. Тентектігіміз тезге көнбей, албырттығымыз ауыздық салдыртпай жүрген шағымызда Қайырбек аға өз әкесінің перзент парызы туралы әпсанасын байыппен айтып, екпінімізді басып отырушы еді. Аман тәтемнің қолынан талай мәрте дәм татып, ұлағат ұясындай болған шаңырақтың өлшеусіз өнегесіне сүйсініп жүрдік. Жаман болған жоқпыз. Ағаны жарылқап тастаған кезіміз де жоқ. Бере алмай келеміз. Әлі күнге дейін ағадан алып жүрміз. Өзі айтқанындай, өзі емес, әкесі айтқандай: түзу жүріп, жаманатымызды шығармасақ, болғаны да…

Қайырбек ағаны алғашқы алаштанушы десем, қазіргі алаштанушылар шамданып қалар. Шынтуайтында солай. Сонау, сексенінші жылдардың соңында Алаш көсемдері ақталып, Әлихан, Жақып, Әлімхан есімдері атала бастағанын білесіздер. Сонда да, ешкім батылы барып, олар туралы шешіле сөйлеп, көсіле жаза алмады. Жетпіс жылға созылған рухани езгі санамызды шектен тыс сақтыққа әбден бейімдеп тастаған. Сол тұста намыстың наркескеніндей жарқылдап шығып, жергілікті басылымдарға Алаш көсемдерінің мұралары туралы алғаш мақала жазған да осы Қайрекең болатын. Әрине, тарих ғылымының тарланбоздары Мәмбет Қойгелдиевпен, Манаш Қозыбаевпен кеңесе отырып жазды. Алаш арыстары еңбектерінің алғашқы басылымдарының жарық көруіне де өзі мұрындық болды. Көп мақаласы елдегі көнекөз қариялардың кезінде сыбырлап айтқан әңгімелерінің желісімен жазылды. Бөкейхан әулетінің тарыдай шашылған ұрпақтарын тауып алып, олардың қолында бар деректерді жинастырған, оны жарыққа шығарған, өзге тілде жазылғандарын тәржімалаған кім? Ол да – Сәдуақасов.

Қайырбек ағаның қаламы Алаш арыстарының мұрасын зерттеумен ғана қаңтарылып қалған жоқ. Дала дүлдүлі Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттауда бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарып жүр.

Қайрекең Сәкен Сейфуллинді сүйеді. Пір тұтады. Сұңқар ақынның 100 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, Жезқазған төріне ескерткішін орнатуға да ғажап еңбек жасады. Тіпті, Сәкен ақталған бетте де «Сәкенге төрден орын бұйыра ма?» деп дабыл қаққан да осы Қайрекең болатын. Сонау алпысыншы жылдардың басында Қарағанды қаласындағы Сталин даңғылының (қазіргі Бұқар жырау) атын өзгерту мәселесі күн тәртібіне шыққан кезде осы даңғылға және драма театрына Сәкен есімін сұрап жоғарыға хат, газетке мақала жолдапты. Қайрекеңнің пікірі қоғамды селт еткізіп, даңғыл Советская аталып кеткенімен, театрға 1964 жылы Сәкен есімі берілді.

Иә, ол – жоқшы. Жоқ іздеп жолға шыққанына – 75 жыл. Дүниенің боғын емес, ұлтының жоғын іздеп келеді. Мұраты – асыл, арқалағаны – аманат.

Мұраты – ұнжырғасы еңкіш тартқан ұлт рухын төрге оздыру. Босағада қалып, бопсаға түскен ұлт тілінің мұңы. Қазақтың қасиетті өнері, мәйекті мәдениеті… Жалпы, бүгінгі жаһандануға жат болып, өгейлік көрген дала өркениеті. Қазақтың құдіретті күйі, асқақтаған әні… Осының бәрі Қайырбек ағамның ұйқысын ұрлап, күлкісін қашырған. Бойына ас батырмай келеді.

Ал, арқалағаны – Алаш көсемдерінің аманаты. Осы тұрғыдан алғанда, Қайырбек ағаны ұлы мұратпен тамырлас тағдыр иесі деп айтуға толық құқылымыз.

…Ағам әлі күнге аттан түскен жоқ. ҚР Инудстрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің баспасөзге мониторинг жасау жөніндегі кеңесші болып қызмет атқарып жүр.

Мерейтой құтты, мерейіңіз үстем болсын, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button