Коронавирус

АДАМ жанын арашаласын деп…

«ПАНДЕМИЯ ТУЫНДАТҚАН ДАҒДАРЫС БІЗДІ КӨП НӘРСЕГЕ ҮЙРЕТТІ. МӘСЕЛЕН, ДӘРІГЕРДІҢ ЕҢБЕГІН БАҒАЛАЙ БІЛЕТІН БОЛДЫҚ. БІР КЕЗДЕ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МЕМЛЕКЕТ НАЗАРЫНАН ТЫС ҚАЛҒАНЫ РАС ЕДІ. ДӘРІГЕР МАМАНДЫҒЫН МАТЕРИАЛДЫҚ ТҰРҒЫДАН ДА НЫҒАЙТА ТҮСУ МАҢЫЗДЫ БОЛЫП ОТЫР. ПАНДЕМИЯҒА ОРАЙ ЭПИДЕМИОЛОГ, ИНФЕКЦИОНИСТ, РЕАНИМАТОЛОГ, ПУЛЬМОНОЛОГ, КАРДИОЛОГ СИЯҚТЫ СИРЕК МАМАНДЫҚ ИЕЛЕНЕТІН ДӘРІГЕРЛЕРДІ ДАЯРЛАУ МӘСЕЛЕСІ ӨТКІР ҚОЙЫЛЫП ОТЫР». Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВТЫҢ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан.

Иә, адам жанын арашалауда медицина саласының рөлі зор. Оның ішінде орта буын медицина саласының мамандары қай заманда болмасын сұранысқа ие. Медицина саласы бүгінгі таңда қоғамда ойып тұрып өз орнын алды. Тіпті, COVID-19 кезінде білекті сыбанып, өз өмірінен науқастың өміріне араша болған дәрігерлеріміз апталап, айлап жұмыс атқарды. Өмірдің бір жарқ еткен сәулесі үшін күресуде ақ халатты батырларымыз нағыз ерлік жасады. Бұндай жанқиярлық ерлікке бару мол білім мен қалыптасқан машықты қажет етеді. Елімізде медицина саласында мамандардың жетіспеушілігі жылданжылға артып келеді.

Тәуелсіз елімізде өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да жігерлі, батыл да, сенімді, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан, еліміздің өсуіне өзінің үлесін қосатын саналы азамат, білікті де бәсекеге қабілетті маман ретінде техникалық және кәсіптік білім беру орындары айрықша орын алады. Дәл осындай бүгінгі күн талабының үдесінен шығу жолында жаңаша ізденістер жасалып жатыр. Сол қадамдардың бірі ретінде осы салада көп жылдар бойы еңбек тәжірибесі бар медицина ғылымдарының кандидаты, медицина және білім саласының жоғары санатты дәрігері, білгір маман Аманжол Нұрбекұлы өз алдына «Қарағанды жоғары медициналық интерколледжін» ашты.

Тәуекелге бел буып, қазірде халыққа аса керек мамандық иелерін тәрбиелеуде өз алдарына жұмыстарын бастап кетті. 2016 жылы ашылған оқу орны небары 5 жыл ішінде өз мәртебесін қалыптастырып үлгерді. Алғаш рет қаладағы бір ғимаратты жалға алып ашылған колледж 300-ге жуық студент қабылдап үлгерді. 15 маманнан тұратын штаттық оқытушылар құрамы жыл сайын толысты. Алғаш колледж директорлығын білікті дәрігер С.Кнашина атқарса, бүгінде А.Кенбаева басшылық қызмет атқаруда. Колледждің қалыптасуына денсаулық сақтау саласының тәжірибелі мамандары, жоғары санатты дәрігер, эпидемиолог Б.Құндақбаев, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», жоғары санатты дәрігер, терапевт Б.Мұздыбай, Қарағанды қаласының «ЖИТС» орталығының маманы Ж.Мустафина, педагогика ғылымдарының магистрі А.Байтасова сынды тұлғалар елеулі үлестерін қосты.

Колледж ашылған жылы студенттер 3 бөлім бойынша қабылданды. Олар мейіргер ісі, емдеу ісі, фармация мамандықтары еді. Жаңа сипаттағы оқу орны денсаулық сақтау саласына орта буын мамандар дайындаудағы жемісті еңбек деңгейінде көріне білді. Оған дәлел – 2017-2018 оқу жылында оқытушылар құрамы – 30, 2018- 2019 жылдары – 45, ал 2020-2021 жылдары 60-қа жуық жоғары санатты ұстаздар, білікті дәрігерлер, магистранттар мен профессорлармен толықтырылуы.

Аталмыш жылдар ішінде колледждің материалдық-техникалық базасы нығайған, педагогикалық кадрлар әлеуеті жоғары іргелі де бірегей оқу орнына айналды.

Білікті басшы А.Нұрбеков осы колледж ашылғаннан бергі қиындықтарды бастан өткеру барысында «жеке шапқан аттың жүйрік бола бермейтінін» жақсы түйсінді. Сондықтан да студенттердің базалық тәжірибеден өтуіне Қарағанды облысындағы клиникалық базалардың әлеуметтік серіктестерімен және ТМД елдерінің басқа да колледждерімен байланыс орнатылды. Жетекші шетелдік сарапшылармен стратегиялық серіктестікті дамыту және оларды бірлескен ынтымақтастыққа тарту мақсатында колледжаралық білім беру нарығының бәсекеге қабілеттілігінің қажетті шарты болып табылатын колледжаралық келісімдер мен меморандумдар жасалды. Чехия Республикасы, Свердловск облыстық медициналық колледжімен, «Республикалық медициналық колледж» мемлекеттік білім беру мекемесімен, Душанбе қаласының «Медициналық-әлеуметтік колледж» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды. Өз тәжірибесінде дуалды білім беру жүйесін енгізген колледж, еліміздегі ірі медициналық орталықтарға студенттер тәжірибеден өтуіне келісімшарттар жасалған. Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елдерімен ынтымақтастықтағы серіктестікте оқыту колледж үшін аз табыс емес.

2019 жылы колледж түлектері қорытынды аттестаттауды Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығынан өтіп, барлығы 167 түлек, академиялық үлгерімі 100%, білім мен дағды сапасы 92,8% құрады. Қорытынды аттестаттаудың нәтижелері бойынша барлық түлектер Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде маман сертификатын алды. Білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін студенттер жергілікті бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша осы интерколледжге қабылданды. 2019 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша алғаш рет 25 студент қабылданды.

Бүгінгі таңда 1000-ға жуық студент білім алатын «Қарағанды жоғары медициналық интерколледжі» еліміздің сұранысындағы мамандықтарды даярлауда жемісті еңбек етіп, 400-ге жуық түлектерін ұшырып та үлгерді. Іргелі білім ордасы 9 мамандық бойынша орта және жоғары медициналық мамандық иелерін даярлайды. Оның ішінде: мейіргер ісі, емдеу ісі, акушер, фармация, лабораториялық диагностика, стоматология, ортопедиялық стоматология, гигиена және эпидемиология. Студенттерге қосымша білім беруде «Жас кәсіпкерлер» орталығы Лондон қаласымен Capitai city college group бағыты бойынша жұмыс жасайды. Биылдан «Тігін техникасынан» қосымша мамандық беріледі.

Алаш көсемі Ә.Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағатын берік ұстанымға алған ұстаздар қауымы, тек дәрігер маман ғана дайындауды мақсат тұтпайды. Студенттердің бос уақытын қызықты өткізуін ынталандыруда колледжде «Жігер» жастар ұйымы жұмыс жасайды. Түрлі салаға арналған жастар клубы бірнеше бағыт бойынша студенттердің өнерлерін шыңдауда «Ашық жүрек» еріктілер клубы, «Саламатты жастар», «Жас өлкетанушылар», «Жас сарбаз», «Саналы ұрпақ», «Дебатерлер», «КТК алаңы», «Алтын сөз» шығармашыл жастар клубтары мен медициналық пәндер бойынша үйірмелер жұмыс жасайды. Талапты студенттердің басы қосылған «Жігер» ұйымының шығармашыл жастары облыс, республика деңгейіндегі жарыстар мен байқауларда біршама жетістіктерге ие болып жүр.

Хабар арнасының «Мен Қазақстанды және қазақстандықтарды не үшін жақсы көремін» телебағдарламасының киноновелласында «Емдеу ісі» бөлімінің І курс студенті «Жабайы өсімдіктер» фильмінде басты прототип ретінде алынған А.Алтунин, ерекше талантымен көпшіліктің жүрегінен орын алды. Шымкент қаласында 2020 жылы желтоқсанда өткен облысаралық NOMAD MAA аралас жекпе-жектен ІІІ курс студенті Н.Ғұбайдуллин І орынға ие болды.

Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы «Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн» деген ұстанымын мұрат тұтқан «Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің» алар асулары әлі алда. Білім мен медицина саласын қатар ұштастырып келе жатқан колледж 2020 жылы Халықаралық институционалды және мамандандырылған аккредитациядан өтіп, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша колледж «жоғары» статусқа ие болды.

Жастардың келешегіне жол сілтеп, болашаққа нық сеніммен аттандыратын колледж қабырғасында «Үздіксіз білім беру» орталығы да қолға алынған. Оқуын тәмамдаған студент жоғары білім алып, біліктілігін арттырып, толық қалыптасқан бәсекеге қабілетті маман иесі болып шығады. Баржоғы 5 жыл ішінде қарышты қадам жасап, жыл сайын талапкерлерге құшағын айқара ашып, өз қанаттарының астындағы талапкерлерін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған колледж ұжымының алға қойған жоспарлары асқақ әрі көзделген мақсатқа жетуде аянбай еңбек етуде.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button