Бас тақырып

Адам өмірінің құны қанша?

Дәрігердің адам өліміне немесе мүгедектікке әкеп соқтырған қателігі үшін мемлекеттен төлемақы берілетін болды. «Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы» Заң жақында күшіне енді. Заң бойынша ақ халаттылардың кесірінен зардап шеккен науқастар өтемақы алады.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Жаңа заң нормаларына сәйкес денсаулық сақтау нысандары, яғни, медициналық ұйымдар мен медициналық қызметтер көрсететін жеке тұлғалар өз қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға міндетті. Ол үшін бірыңғай сақтандыру пулы әзірленді.

Жоғарыда айтқанымыздай, төлем дәрігерлердің салғырттығынан жапа шеккен науқастарға төленеді. Ол үшін денсаулыққа зиян келтірілгені туралы факті дәлелденуі тиіс. Оны дәлелдеп, ақ-қарасын анықтайтын тәуелсіз сараптама комиссиясы құрылады. Әуелі зардап шеккен науқас немесе оның туыстары сол ауруханаға жүгінеді, сол жерде комиссия құрылады. Комиссия құрамына бейінді сала мамандары, медициналық қауымдастықтардың және сақтандыру компания­лардың өкілі кіреді. Аурухана өкілдері сараптама комиссиясы құрамында болмайтынын айта кету керек.

Өзгерістер «дәрігер қателігі» дегеннің орнына «медициналық оқыс оқиға» деген терминді енгізді. Оған сәйкес, дәрігер медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес әрекет етіп, технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдаланса да, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келсе немесе ол қайтыс болса, бұл «организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын оқиға» деп түсіндіріледі. Ал, Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын бекіту туралы Денсаулық сақтау министрінің биылғы 24 шiлдедегi №58 бұйрығы бойынша медициналық оқыс оқиға сақтандыру жағдайы болып табылмайды.

Десе де, дәрігердің қателігі дәлелденсе, пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін төленетін өтемақы мөлшері заңда көрсетілген. Мәселен, науқастың өмірі мен денсаулығына зиян келсе, бірақ, мүгедектік тағайындалмаса – 300 АЕК (1 107 600 теңге), бірінші, екінші және үшінші топ мүгедегі болып қалса 800, 600 және 500 АЕК көлемінде (2 953 600 теңге, 2 215 200 теңге және 1 846 000 теңге) өтейді. Дәрігер қателігінен бала мүгедек болып қалса, 500 АЕК мөлшерінде өтемақы төленеді. Науқас қайтыс болған жағдайда 3 мың АЕК тағайындалады. Бұл биыл – 11 076 000 теңге.

Осы ретте дәрігердің қателігі үшін төлем көлемі әлем елдерінде әлдеқайда жоғары екенін айта кеткен орынды. Дамыған елдерде төлем көлемін есептеуде жоғалтқан табысты, медициналық шығындарды, моральдық шығындарды негізге алады. Мәселен, АҚШ-тың Айова штатында босандыру кезіндегі қателік үшін 97,4 млн доллар өтемақы төленген. Оның жартысы сал болып қалған балаға медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Германияда былтыр дәрігерлердің қателігінен соқыр болып қалған науқасқа аумақтық сот шешімімен 200 мың еуро тағайындалды. Жапонияда да солай. Экстракорпоральды ұрықтандыру кезіндегі қателік үшін әйел адам 200 мың доллар өтемақы алған. Әлбетте мұндай сақтандыру жүйесі – бұрыннан қалыптасқан елдермен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Себебі, кәсіптік сақтандыру жүйесі – Қазақстан үшін жаңа бастама. Бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын да қаралған еді. Денсаулық сақтау министрі заң өзгерістеріне биыл көктемде қол қойған еді. Десе де, жаңа заң зардап шеккен науқастардың емес, медициналық қызметкерлерді қорғауға көбірек бағытталғандай. Дәрігерлер мұндай жағдай орын алса, сақтандыру жарнасын да төлемейді. Олар үшін медициналық ұйым өтейді. Заң бойынша науқас, туысы немесе заңды өкілі комиссия қорытындысымен келіспесе, Денсаулық сақтау министрлігіне шағым білдіре алады. Төлемақыға көңілі толмаса, сотқа арыздануға құқылы. Алайда, әуелі дәрігердің қателігінен зардап шеккенін дәлелдеу қажет. Ең қиыны да осы. Бұл жерде сақтандыру компаниялары коммерциялық құрылым ретінде табысынан айырылып қалғысы келмейтінін ұмытпаған жөн.

Ranking.kz агенттігінің дерегінше, былтыр медицина саласындағы қылмыстық бұзушылықтар оның алдындағы жылмен салыстырғанда 2,4%-ға өскен. Былтыр медициналық салғырттық салдарынан 245 адам зардап шеккен. Оның ішінде, кәмелеттік жасқа толмаған 31 бала, 15 зейнеткер және 168 әйел бар. Сонымен қатар, бұл тізімде сотталғандар да жүр. Дерек бойынша зардап шеккендердің көпшілігі, яғни, 68-і 30-39 жастағылар. 21-29 жастағы 44 адам, 40-49 аралығындағы 43 адам және 60 жастан асқан 38 адам болған. Былтыр облыста дәрігер қателігі салдарынан үш адамның қайтыс болғаны белгілі.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button