Медицина

Адам денсаулығының қалқаны

Әлемде екпелерді алғаш рет қолданғаннан бері екі ғасырдан астам уақыт өтті. Ол осы күнге дейін вакцинация денсаулық сақтау саласының ең үлкен жетістіктерінің бірі санатында. Себебі, екпе ағзаға инфекция, вирустармен күресуге қосымша күш беріп, қалқан бола алады. Қазір қандай екпелерді алуға болады, Қазақстанға жеткізілетін вакциналар қалай тексеріледі, жалпы, вакцинация жайлы Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгинмен әңгімелестік.

Сурет informburo.kz

– Юрий Леонидович, вакцина болмаса адамзат қандай күй кешер еді, не болар еді деп ойлайсыз?

– Вакцинация – бұл ағзаға аурудың ықтимал «шабуылына» дайындық. Ол аурудың ауыр ағымы мен асқынуларына жол бермей, табиғи иммундық реакцияны тудырады. Яғни, вакцинация арқылы жасанды иммунитет қалыптасады. Ауру пайда болған жағдайда дене антиденелерді шығарып, ауруды тез және асқынусыз жеңеді.

Вакцинация жасамаған жағдайда адам аурулардың барлық әсерімен толық көлемде сезінеді. Мысалы, қызылша кезінде өлім ықтималдығы 100-ден бір жағдай, мүгедектік – 100-ден бес жағдайда орын алады. Көкжөтел кезінде тыныс алу және жүйке жүйесінің асқыну қаупі жоғары, дифтерия кезінде өлім ықтималдығы – 100 адамның онында кездеседі, полиомиелит кезінде мүгедек болып қалу қаупі бар. Адамдар туберкулезбен ауырады. Мұнда да ауыр асқынулардың орын алу қаупі бар. Паротит кезінде бедеулік пайда болады, бала кезінде қызамықпен ауырмаған немесе вакцинацияланбаған әйелдің мүгедек бала туу ықтималдығы жоғары. Ал, В гепатитінде бауырдың ауыр зақымдануы, соның ішінде, қатерлі ісік қаупі жоғары.

Көкжөтелге қарсы егілген балаларда аурудың жеңіл түрлері жиі ұшырасады. Бронхопульмональды және жүйке жүйесінің ерекше асқынулары вакцинацияланбаған науқастарға қарағанда екпе алған адамдарда 4 есе аз кездеседі және өмірге қауіп төндірмейді. Яғни, вакцинациясыз бұл аурулар адам баласына үлкен қатер туғызады. Екпе олардың таралуының, асқынуының алдын алады.

– Вирустық аурулардың өршіген тұсында вакцинацияның маңызы арта түсетінін білеміз. Қазір өңірде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай?

– Иә, COVID-19 пандемиясы, қызылша, көкжөтел асқынулары біздің облыста да тіркелді. Сол уақытта вакцинацияның Сіз айтып отырғандай, маңызы мен қажеттілігін бәріміз түсіндік. СOVID-19 вакцинациясы пандемияның өршуін тоқтатты. Қазір жағдай тұрақты, он айда COVID-19-дың тек 90 жағдай тіркелді. Бұл пандемия кезіндегіден бірнеше есе төмен. Қызылшаның өршуіне де жол берілген жоқ. Қыркүйек пен қазан айларында бірде-бір жағдай болған жоқ, қарашада 1 жағдай тіркелді.

Естеріңізге сала кетейін, елімізде жұқпалы ауруларға қарсы иммундау Ұлттық күнтізбе шеңберінде жүргізілуде. Вакцинация күнтізбесі ел Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген. Онда екпені жүргізу мерзімдерін көрсете отырып, вакцинациялауға жататын халық топтары да көрсетілген. Күнтізбе ашық әрі баршаға қолжетімді.

– Тұмауға қарсы екпе кімдерге қажет, қанша адам егілді?

– Тұмауға қарсы вакцинация медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тәуекел тобындағы адамдарға жасалады. Бұл топқа медицина қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелер контингенті, балалар мен зейнеткерлер кіреді. Бүгінгі таңда вакцинаны 157 мыңнан астам тұрғын алды. Бұл тәуекел тобындағы адамдардың 90%-ы екпе алғанын көрсетеді.

– Ал, адам папиллома вирусына қарсы жасала бастаған екпе туралы не айтасыз?

– Иә, адам папиллома вирусына қарсы вакцинация елімізде биыл алғаш рет жасала бастады. Осы уақытқа дейін 11 жастағы қыздардың 39%-ы егілді. Бұл – 2888 адам. Естеріңізге сала кетейін, адам папилломасы вирусына қарсы вакциналарда вирус тәрізді бөлшектер бар, бірақ, олар тірі емес және инфекцияның немесе қатерлі ісіктің өзін тудыруы мүмкін емес. Елімізде АҚШ шығарған төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылуда. Ол аталған вирустың ең қатерлі деген түрлерінен қорғайды. Болашақта бұл онкологиялық аурулардың жиілігі мен өлімін азайтуға көмектеседі. Осы ретте айта кететін жағдай, адам папилломасы вирусына қарсы екпені бұрыннан қолданатын елдерде әйелдер арасында аурудың таралуы 90%-ға төмендеген.

– Жалпы вакциналар қай елдерден сатып алынады? Олардың сапасына сенуге бола ма? Олар қосымша тексеруден өтеді ме?

– Вакцина жеткізуші елдер арасында АҚШ, Ресей, Үндістан және басқа елдер бар. Қазақстанда вакциналарды тіркеумен Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті айналысады. Біздің елден тыс жерлерде әзірленген вакциналарға уақытша тіркеу куәлігі ведомствоаралық комиссияның шешімі болған жағдайда және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығының қорытындысы негізінде беріледі. Тіркеуден кейін реттеуші органдар қолданылатын вакциналардың эпидемиологиялық тиімділігін, қауіпсіздігін және тәуекелді азайту шараларын бақылайды.

Сырттан алынатын вакциналардың сапасына келетін болсақ, ол екі кезеңмен тексеріледі. Біріншісі, құжаттамалық талдау, екіншісі – аналитикалық. Тіркеуге алынған әрбір вакцинаға зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Міндетті түрде қауіпсіздік пен сапаны бағалаудан өтеді. Егер ол халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде сапа қауіпсіздігін бағалаудан өтеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button