Жаңалықтар

АДАЛ ЖОЛМЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

Адалдық пен әділдікті ар ісіне бағалаған ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның «Əділдік жоқ жұртта, береке болмайды» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр.

Ақиқатында адалдық һәм әділдікке баулу жауапты да, маңызды дүние. Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болу – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады. «Адалдық қайда болса, тіршілік сонда» демекші, парақорлық пен жемқорлықты күнделікті өмірде көріп отырғандықтан, адалдық жайында мәселе қозғау ауадай қажет. Мемлекеттің қаржысына қол сұғып немесе бір мекеменің қорындағы ақшаны есебін тауып жымқыру адалдыққа әсте жатпайды. Бұл нағыз арсыздықтың өзі. Мына біз өмір сүріп жатқан қоғамда адам баласы адал жолмен жүріп, әділдік ұғымын ту етіп ұстаса, дамудың биігіне сонда шығып, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болар ма еді?!

Адалдықты ұран қылған Агенттіктің де басты бағытбағдары – шыншылдық, әділдік ұғымын қалың бұқараға жеткізу. Түрлі ақпараттық, үгіт-насихаттық, ағартушылық шаралардың да негізгі межесі – халық арасында заң сауаттылығын арттыру, болашақты тура жолға бастау. Дәл осы адалдық ұғымына қайшы келетін зор індет – жемқорлыққа қарсы күресте қарқынды жүруде. Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған абзалырақ, сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүргізілу барысын шалғай аймақтарға жеткізіп, қоғамның барлық топтарын қамту мақсатында облысымызда «Адал жол» атты ауқымды марафон өткізілуде.

Қазіргі таңда марафон аясында 27 мыңнан астам адам қамтылған форумдар, авто- -вело шерулер, жолдарда, мемлекеттік органдарда және жастар арасында адалдықты, әділдікті дәріптеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы акциялар, сайыстар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әлбетте, қазіргі қоғамда бұның өзі теңіз тамшысындай ғана. Себебі, әрбір адам, әрбір тұлға өз-өзін қамшылап, тәрбиелеп отырмаса, жасап жатқан саясаттың бәрі құрдымға кетпек.

Қайсыбір мекеме қызметкері болмасын, өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті. Жұмыс орнының мүлкіне аманат есебінде қарап, оған қиянат жасамай, кісі ақысын жемей, ысырап етпей, бүлдірмей ұқыпты ұстауы қажет. Қызметтік көлікті жеке басының шаруасы үшін мінуге, кеңсе телефонын қызмет бабынан тыс мақсаттарға пайдалануға, ақ қағаздың өзін бас пайдасына асырудан сақтанғаны дұрыс. Дана халқымыздың «Судың да сұрауы бар» деуі тегін айтылмаса керек-ті.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келе, айтпағым, адалдық – өмірден қымбат дүние, жалпының игілігіне бола өмір сүріп, ортақ мүддеге бола жеке мүддені құрбан ету. Болашағымыз жарқын болу үшін, ғұмыр бойы алаңсыз күн кешу үшін – адал болуға ұмтылайық. «Асыл қасиет – адалдық, асыл мінез – адамдық» демекші, кең дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету міндет.

Жандос СӘРСЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button