Адал бизнестің алғышарты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқ етерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек» деп, бизнеске нақты қолдау көрсету керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының бизнесті қорғауға қатысты талаптарына сәйкес, жұмысында ашықтық пен заңдылық қағидаттарын басшылыққа алатын облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері «Бизнесті қорғау» жобасы шеңберінде жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін бергенін айтады. Мәселен, бүгінде қылмыстық процеске қатысушыларға қысым көрсетілмеуі үшін тергеу әрекеттерінің барлығында бейнежазба қолданылады. Одан бөлек, азаптау фактілері мүлдем тіркелмеген. Ал, бизнес субъектілері тарапынан қылмыстық қудалау органдарының заңсыз әрекеттеріне шағым екі есеге азайған.
Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Қуат Избановтың айтуынша, бүгінде жыл сайын мемлекет экономикалық тұрғыда «бизнесті сауықтыруға» бағытталған көптеген бағдарламаларды жетілдіріп, жүзеге асырып жатқанын айтады. Оның ішінде, бизнесті «көлеңкеден» шығару механизмдері де бар.
Миссиясына қаржы және экономика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету кіретін Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі «Бизнесті қорғау» жобасын 2022 жылы енгізген.
– Мемлекет басшысының бизнесті қорғауға қатысты талаптарына сәйкес жұмысымызда ашықтық пен заңдылық қағидаларын басшылыққа аламыз. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қылмыстық істерді қозғау талаптары қатаңданған. Одан бөлек, азаматтардың Конституциялық құқықтарын сақтау кепілінің бірі ретінде қылмыстық іс-жүргізуді цифрландыру саясаты қатаң ұсталады. Тергеу әрекеттері бейнежазба құрылғыларына түсіріледі. Сонымен қатар, қазіргі таңда біздің күшіміз алдын алу шараларына бағытталған. Біз бизнес субъектілерінің іс-әрекетіне араласпай, талдау құралдарын қолданамыз, – дейді Қуат Ғалымұлы.
Ал, Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары, экономикалық тергеу қызметінің подполковнигі Ержан Өтебаев департамент бірінші кезекте, кәсіпкерлік субъектілерімен ұштасатын құқық қорғау органы болып табылатынын айтады. Сондықтан, жұмыстың барлығы қылмыстық қудалау орбитасына адал бизнесті тартуға жол бермеу призмасы арқылы жүзеге асырылады.
– Ең алдымен, жұмысымызда ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдырушыларға, жалған ақша жасаушыларға, салық төлеуден жалтарушыларға, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға назар аударамыз. Бұл қатарда суррогат алкоголь, контрафактілік өнім өндірушілер, жасырын казино ұйымдастырушылар да бар. Бүгінде анықталған құқық бұзушылықтардың 70 пайызы дәл осындай жосықсыз элементтер тарапынан туындайды, – дейді Ержан Серғазыұлы.
Ал, «Бизнесті қорғау» жобасында кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық процеске негізсіз тарту фактілерін дер кезінде анықтауға және оларға ден қоюға мүмкіндік беретін индикаторлар әзірленіп, қолданылады. Нәтижесінде, оңалту негіздері бойынша тоқтатылған істер саны шамамен 2 есе азайған.
Департамент «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимыл жасай отырып, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылау үшін кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізетінін де айту керек.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыруға және кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ тетігін енгізуге бағытталған қылмыстық заңнамаға түзетулер пакетін әзірледі. Осылайша, экономикалық тергеп-тексеру қызметі Қылмыстық кодекстің 66-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады. Статистикалық деректер мен тергеу практикасын ескере отырып, құқық бұзушылықтардың көрсетілген санынан қазіргі уақытта 2 бап қылмыссыздандырылды. Олар 219-бап, яғни, несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану және 241-бап, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзу бойынша. Олар Қылмыстық кодекстен алынып тасталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылды, – дейді Ержан Өтебаев.
Ержан Серғазыұлы бизнеске жеңілдік мақсатында экономикалық контрабанда және кедендік баждардан жалтарғаны үшін жаза жеңілдетілгенін де айтады.
Экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру жөніндегі шаралар бизнес-ортаның тұрақтылығын дамытуға, бюрократиялық кедергілерді төмендетуге және экономикалық өсуді ынталандыруға ықпал етпек.
Облыстың экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері бизнес субъектілердің қызметіне араласпастан, оның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы қажетті ақпаратты қашықтан алатындарын да жеткізді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz