Бас тақырыпБілім

«Адал азамат» алға жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұрпаққа бағытталған ұлттық тәрбие тұжырымдамасы – «Адал азамат» бағдарламасына ерекше мән береді. Оны елдің рухани және қоғамдық дамуының негізі ретінде қарастырды. Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды» құру үшін әрбір азаматтың адал болуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, адалдық пен әділдік егіз ұғымдар. Президент осылайша жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, әділдікке шақырды. Ол «Адал азамат» тұжырымдамасы Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатынын айтып, әрбір азаматтың бойында отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, тәртіптілік, адалдық, әділдік, үнемшілдік және жанашырлық сияқты қасиеттер болуы тиіс екенін жеткізді. Иә, «Адал азамат» бағдарламасы арқылы жаңа қоғамдық этика қалыптастыру көзделген.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Азаматтық жауапкершілік пен адалдық

Жаңа оқу жылынан бастап, еліміздегі барлық білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас бағдарламасы негізінде жүргізіледі.

Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ, мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.

Тұжырымдаманың негізгі өзегі – азаматтық жауапкершілік пен адалдық. Бағдарламаның үйлестірушісі Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде жаңа атауы бекітілген. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады. Бағдарлама 77 нақты қадамнан тұратын іс-шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекет пен қоғам үшін сенімді тұлға қалыптастыру негіз болған бағдарлама аясында ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құрылған. Отбасылық тәрбие мен мектептің өзара бірлескен жұмысын нығайтуға бағытталған орталықтарға 1,4 миллионнан астам ата-ана тіркеліп, 108 мыңнан астам дәріске қатысқан.

Айта кетерлігі, алғаш рет бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді стандартпен жүргізілуіне және барлық оқушылар үшін тең орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Брендбук әзірленеді

Бағдарлама аясында барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленетіні оқушыларға ыңғайлы. Осылайша мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады.

Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз жүргізіледі.

Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар, оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді.

Кітап оқу мәдениеті дамиды

Тәрбие бағдарламасында, сондай-ақ, кітап оқу мәдениетін дамыту ерекше ескерілген. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Балалар кітапханасы» жобасы іске қосылған.

Оның аясында 2580 кітаптың тізімі жасалды. Сонымен қатар, 2024 жылы мектеп оқушыларына цифрлық форматта әдеби шығармаларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін балалар кітапханасының онлайн-порталы іске қосылды.

Отансүйгіштік пен ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында мектептерде оқу аптасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталады.

– Президент атап өткен «Адал азамат» этикада елдің бірлігі, тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Бағдарлама жастардың бойында отансүйгіштік, әділдік, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет сияқты құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Ол білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарының негізіне айналып, жас ұрпақты адалдық пен әділдікке тәрбиелеуді мақсат етеді, – дейді білім саласының ардагері Күліш Төлеуханова.

Үзілісте ұлттық ойындар ойнатылады

Тәрбиелік іс-шаралар мемлекеттік органдар, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат құрылымдарымен бірлесе жүргізіледі. Ай сайынғы тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс жұмыс­тармен байланысады. Әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу үдерісінің өзегіне айналады. Осы бағытта «Өнегелі 15 минут», күймен қоңырау соғу, ұлттық ойындар сынды жаңа форматтар енгізіледі. Оқушының мектептен тыс өмірлік тәжірибесіне де назар аударылады.

Сонымен қатар, балаларды буллингтен, құқықбұзушылық пен қауіп-қатерден қорғауға бағытталған «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобалары жалғасын табады.

«Адал азамат» аясында көктемгі каникул уақытында да мектептерде үйірмелер мен секциялар жұмыс істеп, қосымша шаралар өтті. Балалар әр айдың үшінші жексенбісінде және каникул уақытында музейлерге тегін барды. Оған қоса, театрларда балаларға арналған қойылымдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Қазақфильмнің» алтын қорындағы фильмдер мен анимациялық фильмдерді мәдениет және білім беру ұйымдарында тегін тамашалау мүмкіндігін жасады.

Жемісін берген алты жоба

Бұған дейін іске асқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында экология және волонтерлік бағыттағы «Қамқор» жобасы аясында оқушылар қоғамға қыз­мет ету және әлеуметтік көмек көрсетуге талпынды. Ал, «Еңбегі адал – жас өренде» еңбекке баулу және мамандыққа бағдар берілді. IT және инновациялық ойлау­ды қолдауда «Smart Bala», өнер мен мәдениет арқылы рухани дамытатын, «Шабыт» жобалары өз нәтижесін берген. Кейінде ел оқушыларының пікірсайыс пен зияткерлік ойындарға жиі қатысуынан «Ұшқыр ой алаңы» жобасының жүзеге асқанын байқау­ға болады. Алты ірі жобаның соңғысы «Балалар кітапханасы» – бүгінде балалардың оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосуда.

Сонымен бірге, бұл тізімге буллингтің, құқықбұзушылық пен­ балалар арасындағы қауіптің алдын алуға бағытталған «Цифр­лық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» жобаларын қосқан жөн.

– «Адал азамат» – еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес отбасынан, балабақшадан, мектептен басталады. Қашанда адалдықты бірінші орынға қоюымыз керек. Адал азамат тәрбиелеу жүрекке иманның сәулесін себуден басталады. Баланың бойына адалдық, ізгілік, қайырымдылық сияқты қасиеттерді дарыту үшін алдымен тәрбиелеу керек. Ол үшін бірлескен үлкен күш керек, – дейді Қарағандыдағы №19 мектептің мұғалімі Айбек Клим.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button