Абзал азамат, нар тұлға еді
Қамшының сабындай ғана, қызығы мен шыжығы қатар жүретін өмір-ай десеңші, бір күні шорт үзілетінің баршаға мәлім. Әрине, «Тумақ бар да, өлмек бар» дейді шариғат сөзі. Бірақ, бұл сөзді өзіңе жақын адамға қарата айтқанда, қабырғаң қайысып, ортаң ойсырап, жан дүниең қайғыдан қан жылап тұрады екен. Сондай жанның бірі о дүние түгілі, өкпеге қимайтын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін, білімді және білікті, адамгершілігі зор, қимас жан – Зекен Рахымұлы РАХИМОВ.
«Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады» деген екен Асан қайғы бабамыз. Сол айтқандай қолыма қалам алып, естелік жазуыма себеп болғаны – ағамыздың жете алмай кеткен мерейтойы. Ортамызда болғанда Зекен биыл 75 жасқа толар еді…
Зекен Рахымұлы 1945 жылғы желтоқсанның 13 жұлдызында Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін өте жақсы бітірген соң, Қазақстандағы ең ірі жоғары білім ошағы – Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі техникалық университетінің) тау-кен факультетін «таукен инженері-маркшейдері» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шықты. Студент кезінде білім алумен бірге ғылыми жұмыстармен шұғылданып, ғылымитәжірибелік конференцияларда баяндамалар жасап, мақалалары ғылыми журналдар мен ғылыми еңбектер жинағында жарық көрді. Зекен Рахымұлының институтта үздік оқығаны ғылыми жемістері мен бейімділігі ескеріліп, институттың ректораты мен ғылыми кеңестің шешімімен Қарағанды политехникалық институтына ұстаздық қызметке жіберілді.
Зекен аға студенттерге терең білім берумен қатар өзінің мамандығы бойынша ғылыми жұмыстармен терең шұғылданып, ғылымға деген құштарлығын танытып, өзінің қызмет істеген «Материалдардың кедергісі мен құрылыс техникалары» кафедрасының ұсынысы бойынша институттың басшылары мен ғылыми кеңестің шешімімен 1975 жылы оны институттың күндізгі аспирантурасына түсіп, ғылымға толық бой ұрады. Табанды ізденудің арқасында ғылым шыңына шығып, берілген үш жылда диссертациясын ойдағыдай жазып бітіріп, 1978 жылы институттың ғылыми кеңесінде техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шықты.
«Инемен құдық қазғандай» ғылыми зерттеулер, қажырлы еңбек өзінің жемісін беріп, Зекен аға техника ғылымдарының кандидаты болып, өзінің кафедрасында ұстаздық қызметін жалғастырды. Қажырлы ұстаздық және ғылыми еңбектерінің негізінде институттың доценті, одан кейін профессор атанды. Сөйтіп, ғылыми-ұстаздық қызметтің барлық сатыларынан өтіп, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор болды. Аспирантураға дейін және одан кейінгі жылдары өнеркәсіп орындарындағы техникалық қауіпсіздігі туралы 3 монография, 150-ден астам ғылыми және методологиялық мақалалар жазып, ғылыми журналдар мен институттардың ғылыми еңбектердің жиынтығында жарыққа шығарып жүрді.
Зекен аға өмір бойы ұстаздық қызметпен қатар, институттың қоғамдық жұмысына белсене араласып, ұйымдастырушылық шеберлігімен, еңбекқорлығымен және тапсырылған іске жаңашылдықпен қарайтындығымен ерекшелене білді. Осының арқасында еліміз тәуелсіздік алған тұста білім саласын білікті кадрлармен нығайту аясында сол кездегі Қарағанды облыстық партия комитетінің ұсынысымен Білім және ғылым министрлігі 1992 жылы Зекен Рахымұлына Қарағандыдағы іргелі оқу орны – тау-кен (горный) техникумын басқаруды сеніп тапсырды. Атап айту керек бұл техникумның тарихында директорлыққа тағайындалған бірінші қазақ Зекен Рахымұлы болды. Бұл кезде басқа оқу орындары сияқты, техникумда материалдықтехникалық база мен қаржы саласында мәселелер туындап, техникумға жабылып қалу қаупі төніп тұрды.
Зекен Рахымұлы осындай қиын сәтте ұжымды нарықтық экономика талаптарына сәйкес қайта құруға жұмылдыра білді және жаңа мамандықтар ашты. Атап айтқанда, кеден ісі, бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтану, автомобиль көлігі, менеджмент, байланыс, ақпараттық технологиялар және тағы басқа заманауи мамандар. Ұлтжанды азамат ретінде қазақ тілінде оқылатын бөлімдер ашты. Аудиториялар компьютерлермен, мультимедиялық құралдармен жабдықталды. Осылайша материалдық-техникалық база нығайтылды.
Сол кездегі техникумның ғылыми-ұстаздық және басқа да ұжымдарын жұдырықтай жұмылдырып, ауызбіршілікте ұстағанның нәтижесінде Білім және ғылым министрлігінің шешімімен техникум Жоғары политехникалық колледж деген жаңа атауға ие болды және еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орны болып танылды.
Колледж алыс және жақын шетелдердің колледждерімен тығыз байланыс жасады. Атап айтсақ, ұзақ уақыт Брэдфорд (Ұлыбритания) колледжімен, Ресейдің Оңтүстік Орал университетімен, Первоуральск металлургия колледжімен, еліміздің көптеген кәсіпорындарымен іскерлік қатынаста болып келеді.
Колледждің осылай өркендеуіне Зекен Рахымұлының жаңа іс бастаудағы алғырлығы, ізденімпаздығы және энциклопедиялық терең білімділігі мен біліктілігі, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің ерекшелігі үлкен роль атқарды деп ойлаймын. Ол Қазақстан Республикасы колледждері оқу-әдістемелік бірлестігінің төрағасы, Білім және ғылым министрлігі оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі болды. Кейінгі он жыл бойы Қарағанды облысы техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары директорлар кеңесін басқарды.
Зекен Рахымұлы Қарағанды жоғары политехникалық колледжін 25 жыл үздіксіз басқарып, оның нығаюына өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ұстаздықтың ауыр жүгін, басшылық қызметтің сан қырлы міндеттерін қара нардай қайыспай көтерді. Зекен аға осындай еңбектері үшін Үкімет тарапынан үлкен марапаттарға ие болды. Оған Білім беру жүйесіндегі ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі» (1995 ж.), Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» (2007 ж.), «Көмір өнеркәсібінің Құрметті қызметкері» (2006 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2009 ж.), «Мемлекеттердің Еуразиялық Одағының Құрметті азаматы» Қоғамдық қабылдаудың Жоғары орденінің иегері атақтары берілді. Және ол көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері.
Зекен аға отызында біліммен орда бұзса, қырқында қайратымен қамал алып, елуінде ел ағасы, алпысында ақылшы ақсақал, жетпісінде кез келген ортада ойын анық, ашық айта алатын көсем бола білді. Қашанда басын тік ұстап жүрді, тіке сөйледі, жүзін де, көзін де төмен түсірген жоқ. Ары таза, ұятын жоғалтпаған, намысқой адам ғана солай істей алады.
Осындай абзал азамат, нар тұлғаның шаңырағының сәні мен мәнін кіргізген өзіне лайықты асыл жары бола білген, аяулы ана, сүйікті әже Раушан апайымыз әйелдің сұлтаны деуге лайық. Дана халқымыз «адам өмірде екі жағдайда адасуға болмайды» деген екен. Бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – жар таңдауда. Зекен аға осы екі таңдауда адасқан жоқ. Таңдаған мамандығы өміріне азық болса, Раушан апай өмірлік темірқазығы бола білді. Білімді де, білікті екі жас құрған одақ берекелі отбасына айналды. Екеуі татутәтті береке-бірлікте өмір сүріп, өмірге сайдың тасындай ұлдары Жанқозы мен Жанғазы, Гаухар мен Жанар атты қыз балалары дүниеге келді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немережиендер сүйді.
Балалары білімді, тәрбиелі, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген ел азаматтары болып өсті. Жанқозы – генерал-майор, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті орталық аппараты департаментінің бастығы, Жанар – Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры, экономика ғылымдарының магистрі, Жанғазы – Сауда және индустрия министрлігінің Қарағанды облысы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің жетекшісі.
Кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген, көңіл төрінде азаматтық келбеті сақталған, бала-шағасы, туған-туыстары мен құдалары және достарына шапағатын тигізіп жүрген кезінде кенеттен жабысқан айықпас дерттен 2019 жылы қазанның 7 жұлдызында мәңгілік сапарға аттанып кетті.
Ардақты азаматтың ғұмыры келте болғанымен, тұғыры аласарған жоқ. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп ұлы хакім Абай айтқандай, ағамыз әлі де жүрегімізде мәңгі болады. Себебі, «қызы бардың ізі бар, ұлы бардың өзі бар» дегендей, артында сене алар ұлдары, ізін жалғар қыздары, асыл жары Раушан апай бар.
Дана халқымыз «Жақсы адам таң қалдыру үшін, өлген соң сағындыру үшін келді» дегендей Сізді өте қатты құрметтейтін, ардақтайтын және Сізбен танысып, араласқанымен мақтанатын ағайын-туыстарың, досжаран, әріптестерің мен шәкірттерің сағына еске алады.
Зекен аға тірі болғанда биыл 13 желтоқсанда 75-ке толған торқалы тойын өткізер еді. Бірақ, бұл той маңдайымызға жазбады. Дегенмен, ол тұғыры биік, нар тұлға, нағыз қазақ, кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған абзал азамат! Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына өмір берсін, отбасы аман болсын деп тілеймін.
Жақсылық ТОЛПАКОВ,
інісі,
Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің профессоры,
Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Алтын медаль иегері.